RU

ОҚО-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүздеген іс-шара жүзеге асырылуда

ОҚО-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүздеген іс-шара жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың ел тарихы мен мәдениетін дамытуға қосар үлесі көп

ОҚО-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар арнайы жобалар жүзеге асырылып, олар бойынша облыс көлеміндегі ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі.

Мәселен, «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» арнайы жобасы аясында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» деп аталатын жобасы қолға алынған.

Аталған жоба аясында 42 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бұл іс-шараларды жыл соңына дейін түркітілдес қоғамға қазақ халқының ежелгі тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін дәріптеп, бауырлас түркі халықтары арасында мәдени байланыс пен достық бауырластықты нығайту үшін жүзеге асыру көзделген. Осы мақсаттарда түрлі халықаралық форумдар, фестивальдер, симпозиумдар, конгресстер өтуде.

Дәл осы шаралар бойынша 22 түркітілдес мемлекеттің өкілдері қазақ елінің салт-дәстүрімен, әдіт-ғұрпы және мәдениетімен танысуда.

Мәселен, «Ұлы Дала сазы» дәстүрлі өнер орындаушыларының халықаралық фестивалі, халықаралық «Алтын сақа» анимациялық фильмдер фестивалі ұйымдастырылған. Сонымен бірге, қараша айында «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аяқталып, жабылу салтанаты болып өтті.

«Рухани жаңғыру» жобасы шеңберіндегі тағы бір жобалардың бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі».

Аталған жоба өңірдегі түрлі дарынды жастардың еңбегіне талдау жасап, олардың арасындағы ең үздіктерін анықтауға мүмкіндік бермек. Облыстан 247 үміткердің есімі «El.kz» порталында жарияланып, олардың 16-сын республикалық сарапшылар мен жұмыс тобы іріктеп алды. Іріктеліп алынған 16 үміткер 16 қазан мен 10 қараша күндері аралығында жүзеге асқан дауыс беру арқылы бағаланды.

Бағдарлама аясындағы «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі» деп аталатын жоба бойынша ОҚО-да барлығы 1138 шара жүзеге асып үлгерген. Оның 95-і облыстық деңгейде өткізілген іс-шара болса, 1043-і қалалық деңгейдегі шаралар.

Бұл жобаның басты мақсаты – латын әліпбиіне көшуді ілгерілету болып отыр.

Сонымен бірге, латын әліпбиіне көшу мәселесін жан-жақты талқылау мақсатында жазушылар, облыс зиялы қауым өкілдері, түркітанушы ғалымдары, БАҚ өкілдері қатысқан «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері» деп аталатын жиын ұйымдастырылған. Онымен қоса, «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл - мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты мерекелік шара жүзеге асырылып, аталған іс-шара облыстың барлық аудан, қалаларында өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1709799-oko-da-ruhani-zagyru-bagdarlamasy-bojynsa-zzdegen-is-sara-zzege-asyryluda.html