RU

Танымал депутат ана тілінде сөйлей алмайтын мемқызметкерлерге шүйлікті

Мәжілістің жалпы отырысында сөз алған мәжілісмен Бақытбек Смағұл қазақ тілінің "мүшкіл күйін" айтып, мемлекеттік қызметкерлерді ана тіліне құрметпен қарамайтынына күйінді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Мәжілісмен, әсіресе, жиында депутат сауалына орысша жауап берген Алан Әжібаевты сынап тастады.

"Бағанадан бері Бекболат Қанайұлының қазақ тілінде жасаған баяндамасын тыңдап отырмыз. Бірақ, өкінішке орай, ақпарат және коммуникация вице-министрі барлық сауалдарға орысша жауап беруді жөн көріп отыр. Осы орайда, мемлекеттік қызметкерлер қай уақытта ана тілімізде сайрайды екен деп ой келіп отыр. Бұл, әсіресе, мәдениет, ақпарат министрліктеріне қатысты болып отыр. Өйткені, бұл министрліктер тілдің тікелей жанашыры болуы керек. Ал, біздің көріп отырғанымыз мынау, яғни мемлекеттік тіл әлі күнге дейін босағада қалып отыр. Індеттен арылып, міндетке көшетін кез жетті, әріптестер", -деп күйінді депутат.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин да депутаттың пікірін қолдап, «орынды сын» деп қысқа қайырды.

Айта кетейік, бүгін мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары жиында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы талқылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1709952-tanymal-deputat-ana-tilinde-sjlej-almajtyn-memkyzmetkerlerge-sjlikti.html