RU

Таразда "Бамбук" атымен танымал атышулы полицей ұзақ мерзімге сотталды

Таразда «Бамбук» лақап атымен танымал Мұрат Үмбетәлиев сот үкімімен 15 жылға сотталды. Бұл туралы NUR.KZ порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Екі айға созылған сот процесіне Мұрат Үмбетәлиевтің туыстары көптеп келді. Еңсесін түсірмей, қасқайып отырған Үмбеталиев соттың қатал үкіміне селт етпеді.

"Үмбетәлиев кінәлі деп танылсын. Ол мүлкі тәркіленбей 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілсін. Әрі Үмбетәлив подполковник шенінен айырылсын", - деді судья Жамбыл Жұмабеков.

Екі зардап шегуші Жетпісбаев пен Бектұрғанов Үмбеталиевке кешірім бергендіктен, жаза жеңілдеуі мүмкін, тіпті ақталуы да ықтимал деген үміт болған. Алайда олай болмады.

Бұрынғы полицейдің адвокаты судьяның шешімін заңсыз санағандықтан апелляциялық шағым түсірмек.

"Сот үкімімен толығымен келіспейміз. Үкім заңсыз. Және негізсіз деп санаймыз. Өйткені бұндай үкім шығаруға ешқандай негіз болған жоқ. Бұндай үкім Жамбылда бірінші рет шығып тұр деп есептеймін. Өйткені өте қатаң. Ондай үкімді бәленбай жыл, бірнеше рет сотталғандарға да бермейді", - дейді Үмбетәлиевтің адвокаты Талғат Бейісбеков.

Еске салсақ, тамыздың тоғызында подполковник Мұрат Үмбетәлиев криминалдық полиция басқармасының басшысы Ерлан Бектұрғанов және аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы жетекшісі Марсел Жетпісбаевпен төбелесіп, артынша Үмбетәлиев екеуін пышақтап тастаған болатын.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1710053-tarazda-bambuk-atymen-tanymal-atysuly-policej-zak-merzimge-sottaldy.html