RU

Есту қабілетінен айырылған қызылордалық келіншектің ерік-жігері көпшілікті тәнті етті

Қызылордалық Айман Махамбетова ести алмайды, кез-келген уақытта сөйлеу алмай, төсекке таңылып қалуы да мүмкін. Алайда өмірге құштар келіншек талмай еңбектеніп, үнемі жымиып жүреді. Ол күн сайын өзін қалай жігерлендіретіні туралы «Замана» басылымына берген сұхбатында айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ.

Айман Махамбетова екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген, бес тілді еркін меңгерген білімді, 12 мүшесі сау ару болатын. Тұрмысқа шыққан соң 2015 жылы жол апатына түсіп, басынан ауыр жарақат алады. Нәтижесінде құлағы мүлдем естімей, «нейросенсорлы кереңдіктің 4-сатысы» деген ауруға шалдыққан.

Оған қоса, дәрігерлер Айманға кез-келген уақытта сөйлеу қабілетінен де айрылып, тіпті төсекке таңылып жатып қалуы мүмкін екенін ескертіпті. Сол күннен бастап бақытсыздықтың кебін киген келіншек әр таңын қорқынышпен атырады.

Алайда Айман мықты жігерінің арқасында талмай еңбек етіп, көрген күніне шүкіршілік айтып жүр. Бұрын заңгерлікпен айналысқан ол бүгінде қолөнер бұйымдарын жасап, суреттер салады.

«Кей адамдар он екі мүшесі сау бола тұра «Жұмыс жоқ» деп сылтауратып босқа сенделіп жүр. Осы кісілерді түсінбеймін. Күн көремін, бай-қуатты боламын дегенге істейтін жұмыс көп. Ерінбеңіз, ізденіңіз», - дейді Айман.

Ол ата-анасының еркелеткен сөздерін, жақындарының жағымды үндерін ести алмай қор болғанына налиды. Бірақ онысын ешкімге көрсетпеуге тырысып, барынша нұрын шашып жүруге ұмтылады екен.

«Ішім от боп өртеніп жатса да ылғи күліп жүремін. Көңілді жүруге тырысамын. Жаратушыдан күдер үзген емеспін. Сіздер де солай етіңіздер. Бір тылсым күштің болашақта өміріңізді жақсы арнаға бұрарына сеніңіздер», - деп кеңес берді ол.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1710094-estu-kabiletinen-ajyrylgan-kyzylordalyk-kelinsekti-erik-zigeri-kpsilikti-tnti-etti.html