RU

Жанар Айжанова: Осы уақытқа дейін ешқандай марапат алып көрмеппін

Жанар Айжанова өнер әлеміндегі арттарынан ерген жас буынның, бүгінгі қоғамның көптеген іс-әрекеттеріне көңілі толмайтынын айтты. NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат берген әнші қазіргі жас әншілердің көпшілігі сахна мәдениетін білмейтіндігін мәлімдеді.

«Қазір жас әншілер көп. Кеше келіп сахнаға бүгін жұлдыз болып жатқандар, қаншама? Бізді кезінде былай тәрбиелейтін: «Сен әртіссің әдемі болып кел, әдемі болып кет. Ешкімнің көзіне көрінбе. Өйткені сен әртіссің.Қазір сахнаның сыртында бір әншінің соңында жиырма бес адам жүреді, сөйтіп жүріп сахнаға дайындықсыз шығады. Түрлі жас әншілер көлік жүргіземін деп тізесі шығып кеткен шалбарымен, далада жүріп келген аяқ киімдерімен сахнаға шығып жатады. Әркімнің киімге талғамы бөлек шығар, бірақ қыздарымыз әдемі болып дайындалып шығады.

Ер азаматтардан ондай көп байқалмайды. Содан кейін: «Менің бетіме пудра жағып жіберші, тарақ берші», - деп жүреді. Олардың жанында «Дос-Мұқасан» тобының әншілері, Ақжол аға, Нұрғали Нүсіпжанов атамыз, Құдайберген Бекіш ағаларымызды қарасаңыз тап-тұйнақтай болып келеді. Қолдарында қорапқа салынған әдемі туфли. Ол туфлидің үстін емес табанына дейін жуып қойған, тек қана сахнанікі. Өздерінің костюмдері, тарағы, белбеулері, әтірлері, пудрасы бар. Әп-әдемі болып шығады сахнаға. Мен сол кісілерді үлгі тұтамын, сол кісілердің тазалығына сүйсінемін. Ал, қазіргі кей жастар шаң-шаң шалбарларын қағып тастап, алынбаған шаштарымен келеді. Менің ше, бұл олардың мәдениеттерінің төмен екенін оқымағандығын білдіреді. Менің күресетінім сол нәрсе»,- дейді Жанар Айжанова.

Сондай-ақ әнші өзін «жұлдыз» деп атағанды ұнатпайтынын айтты.Айжанова соңғы рет «1992 жылы марапат алғанмын, одан кейін алып көрмеппін» дейді.

«Мен «жұлдыз» деген сөзді ұнатпаймын. «Керемет әнші, жезтаңдай әнші» дегенді мойындаймын. «Өз ісінің шебері, сүйікті әншілеріңіз», - деп хабарлаймын. Жастар сахнаға келе сала марапатталып жатады, мен осы күнге дейін бір марапат алып көрген жоқпын. Осы уақытқа дейін атақ та алып көрмеппін. 1992 жылы Жастар сыйлығының лауреаты атандым, одан кейін ешкімнен ештеңе сұраған да емеспін, алған да емеспін. Қазіргілер келе сала атақтарын алып жатыр. Мейлі кім алса да, қалай алса да менің шаруам емес.

Ең бастысы халық барлығын көріп отыр. «Атақ» соны алғанға дейін ғана қызық екен. Менің ойымша, бүгінгі таңда атақтың да қадірі кетіп қалған сияқты. Атақ іздемеймін де, сұрамаймын да. Атақ үшін өмір сүрмеймін. Қазір жан- жақты ашылып жатырмын. Былай қисайсам актриса болып шығамын, былай қисайсам жүргізуші болып шығамын. Қолым босаса халықты домбырамен аралап жүрмін, халық домбыраны сағынып қалыпты. Сұрайтыны сол өзімнің ескі әндерім. Мен өзімнің бағамды, бекер жүрмегендігімді сол жерден көремін. Ал, сол атақ дәрежелерді бөліп беріп жатқандардың өз ұяты білсін»,- деді әнші.

Жас жігіттердің қарындарының шығып, шаштарының ағарып кеткенін әнші құнарсыз, дайын тамақтарды ішумен байланыстырып отыр.

«Қазір түрлі заттар бар: «Осыны жесең мықты боласың, дамисың» деген шетелдің заттары көбейіп кетті. Айналып келгенде қазақтың тамағынан асатын ешнәрсе жоқ. Біздің етіміз, қазымыз, құртымыз, қымызымыз, шұбатымыздың өзі не тұрады?! Медицина қазақтың қолдан жасалған сары майының - әйелдің денсаулығына пайдасы бар дәруменге бай екенін дәлелдеді. Қазір барлығы сол дайын тамаққа құмар. Жасы 25- тегі жігіттердің қарындары шығып, шаштары ағарып кеткен. Мен қазір мақтанып айта аламын, қаланың қақ ортасында тұрып, самаурынмен шәй ішемін, қолдың сүтін, майын аламын. Қолдың сүтінің бағасы дүкеннің сүтінің бағасымен бірдей. Жағдайы жоқтарға айтып жатқан жоқпын. Әрбір ошақ басындағы әйел осыны білу керек, жоқтан бар жасау керек.

Барлық әдемілік қазақта. Тілдің де әдемісі, тамақтың да, діннің де, гигиенаның да әдемісі қазақта. Бұның барлығы қазақтың байлығы ғой. Ал өзіміздің «Дос Мұқасан» тобындағы сүйегі алтын ағаларымызға қарашы Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз, Ақжол ағамыз, тіпті Құдайберген Бекіш ағамызға «әні қызық» деп жас балалар күледі. Неге екенін сол кісілер қартаймайды ғой. Ол кісілердің денелерінде бір шайнам артық еті жоқ. Қазір жастар өз ажалдарына өздері асығып жатыр. Машинаға отырып алып жылдамдықты асырып, бас-көзге қарамай айдайды. Жап-жас қыздар обыр ауруымен ауырады. Қазір не көп? Жастардың өлімі көп. Бұрын жас өлім болса бүкіл ауыл тік тұратынеді, бүгінде оған таңғалмайтын болдық. Көгілдір экрандағы жаңалықтар мен мультфильмдер зұлымдыққа толы, жамандықты насихаттап жатыр»,- деп күйінді әртіс.

Сондай-ақ әнші бүгінгі күні халықтың талғам деңгейінің төмендеп кеткенін де айтты.

"Қазір халық өміріне азық болатын дүниеге емес, елдің алдында жүрген бір жұлдыз ажырасып, екінші әйел алып жатса, есінен танып тұрып қарайды. «Қойшы, сол домбырамен не айтады?!» дейтіндер бар. Қазақ домбырамен не айтпаған?! Домбырамен бүкіл әлемді бағындырған. Адам өзінікін бағалай алмаса, құрдымға кетеді. Өзінің басындағы отты көрмей, біреудің басындағы шоқты көру деген осы. Адам неғұрлым құрыған сайын, құрдымға кеткен сайын соны көреді. Мүмкін сол «Қалаулым» сол үшін жасалып отырған шығар, рейтинг көтеру деген бар. Жоба авторларына, телеарнаға өзіндік пайдасы бар шығар. Бірақ маған, халыққа пайдасы бар деп айта алмаймын.

Жалқаумыз, аспаннан түседі ғой деп жата береміз. Басқа елдерге барсаң, құмырсқадай қаптап жұмыс жасап жатады, біздің жастар ұйықтайды, түнімен қыдырады. Ауылдың жастары ауылдан қашып, қалаға келеді. Бұрын бізде ауылдан оқуға кеткен студенттер оқуын бітіріп келіп қайтадан ауылда жұмыс істейтін. Оқуға келіп, міндетті түрде жоқ дегенде үш жыл жұмыс істейтін. «Жұмыс істейді» деген сөз-ол сол жерде қалады деген сөз. Жап-жас, әдемі оқып келген агрономдар, мұғалімдер болатын. Бұрын ер мұғалімдер көп болса, бүгінде мектептерде кілең әйел.

Қазір қазақ мектебіне берсе балары «топас болып қалады» деген түсінік қалыптасқан. Енді мен сізге дәлел айтайын, Н.Ә.Назарбаев қазақ мектебін бітірген, дым білмей қалды ма? Бердібек Сапарбаев, Иманғали Тасмағамбетов ше? Солардың барлығы орыс мектебінен шыққандар ма?! Орыс тілді де үйрет, қазақ тілін де үйрет. Көп тіл білгенді менде жақсы көремін. Әбден тізесін шығарып, орысша оқытып, кейіннен сол бала ата-анасына қарап дікілдеп тұрған кезде өкпелемесін",- деді әнші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1710104-zanar-ajzanova-osy-uakytka-dejin-eskandaj-marapat-alyp-krmeppin.html