RU

70 жастағы қария халықты Төреғалиді кешіруге шақырды (видео)

70 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны Әсетолла Медеуов видеоүндеу жолдап, қазақстандықтарды әнші Төреғали Төрәліне кешіруге шақырды деп хабарлайды Рavlodarnews-қа сілтеме жасаған NUR.KZ.

Қарияның айтуынша, әншінің елді шулатқан концертіне жұбайы екеуі барып, орын алған даудың куәсі болған.

"Балконда отырып дауыс көтерген қызылордалық көрерменнің қылығы дұрыс болмады. Ал жас әншінің саханада айтқаны ашу үстінде болды. Ол албырт жүректі жігіт. Енді қанаттанып келе жатқан талант. Елімді көркейтемін деп жүрген азаматты басып тастау қателік деп есептеймін. Кешірімді болу керек. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Үлкен қариялар оған осы күнге дейін талай батасын берді. "Өркенің өссін" деп тілегін айтты", - дейді Әсетолла Медеуов.

Сондай-ақ, ақсақал Павлодар облысы билігінің "Төреғали Төреәлі ресми іс-шараларға қатыспайды" деген шешімін асығыс жасалғанын айтады.

"Менің анам жол апатына ұшырап, 12 адамның арасында жалғыз көз жұмды. Жүргізуші болған жиен ағамды соттауға болатын еді. Бірақ, қазақта «Кешірімді болу», «Күншіл болма» деген сөзі бар. Оның қасында Төреғалиды кешіруге болады ғой. Ашумен айтылғаны белгілі. Жас баланың жастығы. Сол концертте мүгедек бала фотоға түсуге келді. Төреғали суретке түсті, ол жамандық ойлағаны ма? Қолындағы сәбиі бар бала да суретке түсуге келді. Әнші бас тартпады. Қолтаңбасын да берді, жамандық ойлағаны ма? Адамның жүрегі ашық болу керек. Ал, балкондағы көрерменнің айғай көтеруі орынсыз болды", - дейді ол.

Әсетолла қарияның ойынша, "Ұлы дала баласы" Павлодарға қайта келіп, халықтан кешірім сұрауы керек.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында өткен ән кешінде Төреғали Төреәлінің көрермендердің біріне зекіген видеосы желіні шарлап кеткен еді.

Видео Қазнетте қызу талқыға түсіп, Ұлы дала баласының әрекеті жұрттың наразылығын тудырған. Кейін әнші оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, бұл қылығы үшін халықтан кешірім сұрады.

Ал соңғы жайттардан кейін Павлодар облысының билігі Төреғали Төреәліні концерттерге шақырудан бас тартатынын мәлімдеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1710147-70-zastagy-karia-halykty-tregalidi-kesiruge-sakyrdy-video.html