RU

Қызылордада жас жігіттің көлігіне қасақана есірткі салған полицейлердің видеосы елді шулатты

Қызылордада жас жігіттің көлігіне қасақана есірткі тастаған полицейлердің әрекеті видеоға түсіп қалды деп хабарлайды КТК арнасы.

Қызылордада жазықсыз жігіттің көлігіне аса ірі мөлшерде есірткі салып жіберді деген күдікпен 3 бірдей тәртіп сақшысы тексеріліп жатыр. Осынау жайт байқаусызда мектептің бақылау камерасына түсіп қалған.

"Ұстау барысында автокөлігіне тексеру жүргізіліп, артқы орындықтан көп мөлшерде есірткі заты табылды. Осы кезде сол машинадан түскен үшінші адам күйеуімнің машинасының артқы есігін ашып, толықтай ішіне кіріп, бір затты салды. Есігін жауып, әрі қарай кетіп қалды", - дейді күдіктінің әйелі Елвира Мақанова.

Оқиға желтоқсанның 14-і күні, шамамен кешкі жетілерде болған. Полицейлер көлігінде отырған Руслан Барахатовты желкелеп шығарып, жерге жыққан. Жедел операция кезінде тұрғынның көлігінен ірі мөлшерде есірткі табылып, жүргізуші абақтыға жабылған. Бірақ, таспаға бұдан басқа тағы бір жайт түсіп қалған.

Яғни, үшінші полицейдің көліктің басқа жағынан жасырын келіп, ішіне әлдебір затты сүңгітіп жібергені көрініп тұр. Жалған операция түсіп қалған бейнетаспаны сол кеште ұсталған жігіттің жұбайы тауып жария қылды. Артынша Қызылорда облысы ішкі істер департаменті «есірткі салғыш» қызметкерлерін тұтқынға алды. Қазір «жалған айғақ жасау» бабымен полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Десе де, жұрт сенген сақшылардың бұл әрекетіне қатысты департаменттегілер ауыз ашпады. Ал бәлеқорлардың жазасын бергісі келген қызылордалық келіншек болса, жазықсыздан тұтқындалған күйеуінің бостандыққа жіберілуін талап етіп отыр.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1710370-kyzylordada-zas-zigitti-kligine-kasakana-esirtki-salgan-policejlerdi-videosy-eldi-sulatty.html