RU

Асылбек Мусиннің қазасына қайғырған қазақ журналисі оның қандай адам болғанын айтты

Отандық журналист Ержан Әбдіраман жуырда Латвияда 15-қабаттан секіріп қайтыс болған Аслан Мусиннің ұлының қандай болғанын айтты. Ол аса ақылдылығымен журналистің есінде қалған Асылбек өте білімді әрі қарапайым болғанын жеткізді деп хабарлайды NUR.KZ.

Ержан Әбдіраман арнайы жазба қалдырып, Асылбектің өзін тәнті еткен тұлғалық қасиеттеріне тоқталды.

"Өз басым әңгімелесу, әңгімесін тыңдау еш жалықтырмайтын бір ғана адамды кездестірдім. Атақты болуға, өзгелердің қошеметіне бөленуге, билікке шын мәнінде қызықпайтын аса ақылды, білімді кез келген адаммен әңгіме осылай болады деп ойлаймын.

Асылбек өмірдің мағынасын іздеді, ол үшін оқуға тұратын нәрсенің бәрін оқып, қорытып тастады. Ол таза философияны жақсы көретін. Жаратылыс, Құдай, адам, сана, болмыс, сұлулық, философия тарихы сияқты тақырыптарда сөйлейтін. Сократ, Платон, Аристотельдің философиясын немесе кез келген ақыл-ой теориясын бір сағатта миға құйып бере салатын және мұндай түсіндіруді ешбір оқулықтан таба алмайтынсыз. Философиямен әуестеніп, бірақ кей мәселеге тісі батпай жүрген адам болса, әлгі қиын нәрселер оның әңгімесінен кейін орын-орнына тұра қалатын. Күрделі нәрсені өте қарапайым түсіндіретін қасиеті қайран қаларлық еді.

Саясат туралы сөйлегісі келмейтін. Ал егер қазіргі əлем туралы айта қалса, оның жаратылуынан бүгінге дейінгі дамуының айрықша тың əрі сұлу систематизациясын ұсынатын.

Абайды жоғары бағалайтын. "Ғаламат ақыл-ой иесі. Бірақ айналасында сөзін ұғатын, әңгімелесетін бір адам болмаған. Мал, малшы және байлар. Абай рухы өте берік адам болған. Оның орнында басқа адам жынданып кетер еді немесе өз өзіне қол салар еді. Әрине оныкі тұрпайы философия, әйтсе де мен оны досократиктермен қатар қоям" деп еді.

Кейінгі лекцияларын тыңдауға келгендердің басым бөлігі шетелдіктер болды. Сосын ол мұндай кездесулерді күрт тоқтатты. Өзінің ойлары жарияланған сайттарды жапты. Оның себебі туралы тек жорамал болмаса, нақ ештеңе айта алмаймын. Сырттан емес, өз шешімі болды деп ойлаймын.

Тәуекел деп айтайын, құдайдың қазаққа сыйлаған бір тамаша ұлы еді. Оны білетін адамдардың бәріне бұл хабар өте ауыр тигеніне күмәнім аз.

Қош бол, Асылбек!", - деп жазды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1710383-asylbek-musinni-kazasyna-kajgyrgan-kazak-zurnalisi-ony-kandaj-adam-bolganyn-ajtty.html