RU

Алматы облысында екі баланың анасы із-түзсіз жоғалып кетті (фото)

Алматы облысында шиеттей 2 баласы бар әке әйелін таппай, қайғыдан қан жұтуда. 24 жастағы келіншек мереке алдында үйінен шығып кетіп, із-түссіз жоғалған деп хабарлайды КТК арнасы.

Алматы облысында екі баланың анасы із-түзсіз жоғалып кетті (фото)
Кадр: КТК арнасы: UGC

6 күннен бері жақындары оны сабыла іздеуде. Бірақ, қанша тырысса да, әйелді жер жұтып кеткендей. Ал, онсыз да денсаулығының кемістігі бар балаларының жағдайы сәт сайын қиындап барады. Сондықтан, бүгін жергілікті атқамінерлер мен полицейлер де аяқтарынан тік тұрып, Сандуғаш Бақтиярқызын жер-жерден іздеуге кірісті.

Сандуғаш Бақтиярқызы үйінен 28-інші желтоқсанда өз аяғымен шыққан. Жақындарына сенсек, жаңа жылдық дастарханға азық-түлік алмаққа кетіпті. Бірақ, сол күйі отбасына оралмаған. 6 күннен бері оны көрген тірі жан жоқ. Ұялы телефоны да өшірулі.

"Толықша келген сары келіншек.Қара курткасыменен үйден шығып кетті. - Ешқандай ақпарат ала алмадық. Бірақ, бармаған жеріміз қалмады. Бәрі үй, білмеймін, көрмедім дейді", - деді күйеуі Манас Рахметов.

Мұның бәрі көңілге күдік ұялатады дейді жақындары. Тіпті, әйелді әлбіреулер қасақана ұрлап кетті ме деп қауіптенеді. Осындай ой мазалап, күйеуінің денсаулығы сыр бере бастаған. Ал, балаларының жағдайы тіптен мүшкіл. Онсызда денсаулығының кемістігі бар олар анасының құшағын әбден сағынған. Отбасының әлеуметтік жағдайы да бұрыннан мәз емес.

"Мына балалардың да жай-жағдайы өздеріңізге белгілі, біреуі кішкене инвалид. Біреуі әлі 3 жастың ол жақ, бұл жағындағы ұл бала. Күйеуі де сол қайғырып жүр, қайғы үстінде", - дейді туысы Төремұрат Нұржаубаев.

Кейбір мәліметтер бойынша, ерлі-зайыпты арасында кикілжің туып, келіншек үйінен кеткен. Десе де, көз көріп жүргендер оның бауыр еті балаларын тастап кетуі мүмкін еместігін айтады. Сондықтан, қазір көрші-көлем де, туған-туыс та аяқтан тік тұрған. Олар жер-жерге қағаздар іліп, Сандуғашты табуға барын салуда.

"Ауылдан еріктілер жасақтары құрылады. Жан-жақтан іздеуге біз міндетті түрде ат салысамыз. Себебі, бұл отбасы бізге ертеден, әлеуметтік жағынан болса да бұрыннан мәлім", - дейді Түрген ауылдық округінің әкімі Бота Елеусізова.

6 күннен бері зым-зия жоқ болып кеткен әйелді қазір тәртіп сақшылары да іздеп жатыр. Ал, қайғыдан қан жұтқан оның отбасысы үміттерін үзбейді. Жақындары келіншектің аман-есен табыларына сенеді. Әрі іздеу жұмыстарына өзге де еріктілер араласса дейді. Ал, оны көрген-білгендер болса, тез арада хабар беруін сұрауда.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1710655-almaty-oblysynda-eki-balany-anasy-iz-tzsiz-zogalyp-ketti-foto.html