RU

Ақтөбедегі атышулы ректор Сапарбаевтың орынбасарымен қандай байланысы бар екенін айтты

Ақтөбедегі ең үлкен университеттің ректоры желіні шулатқан дауға қатысты NUR.KZ порталына түсініктеме берді.

Ақтөбедегі атышулы ректор Сапарбаевтың орынбасарымен қандай байланысы бар екенін айтты
Ақтөбедегі атышулы ректор Сапарбаевтың орынбасарымен қандай байланысы бар екенін айтты: UGC

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков басшылық жасаған тоғыз айда мамандарын «жаппай қысқартып жатыр» деген жаймен келіспейді.

«Қандай шындық керек, бізге келіңіздер дегенді мен жиі айтамын. Біздің үстімізден бақылап отырған облыс әкімі басқаратын бақылау кеңесі бар. Мен университетке келгелі біраз адам қысқарды, оны айтуымыз керек. Бұл жерде оқытушылар қысқарған жоқ. Керісінше, магистранттар, PHD докторлар, жас ғалымдардан 70-ке жуық маман алынды. Зейнет жасына жеткендерді қысқартып, еңбекақыны 0,5- ке түсіру мәселесі жүрді. Жұмысқа алынып жатқан жас ғалымдар осы жерде ғылыммен айналысып, университеттің дамуына үлес қосу керек. Қысқарту жүрген жерде өкпе-реніштің болатыны түсінікті», - деді Бауыржан Ердембеков.

Ректор аты дардай университетті сотқа сүйреген шағымдар туралы да түсіндіріп берді.

«Еңбек инспекциясына 11 адам шағымданған. Оның ішіндегі сотқа барған екі шағымды өз мойнымызға аламыз. Олардың бірі - бізде кезінде проректорлық қызмет атқарған адам. Ол кісі біздің университеттен зейнетке шығып, басқа университетке ауысқан кезде шағым түсірді. 2015 жылы бір айлық еңбекақысын ала алмаған. Мен 2015 жылғы ақшаны 2017 жылмен бере алмайтынымды, сотқа шағымдануы керек екенін айттым. Сондықтан соттың шешімі арқылы ол кісінің ақшасын төлеп бердік.

Екінші, біздегі заңгерді қысқартуға бердік. Ол кісі сол кезде қолын гипстеп, хабарламаға қол қойған жоқ. Сол күні ауруханадан «ауырып жатырмын» деген қағаз алып, дәрігер анықтамасы басымдық көрсетті. Ол адам сотта жеңіп, жұмысқа қайта алдық. Қалған тоғыз адамның мәселесі біздің жақпен шешілді.

Ол жағын да айтып кету керек. Неге ол адамдар қысқарып жатыр? Үш қызметкеріміз шетелмен байланыс орталығында жұмыс жасайды. Бірақ, олар өз деңгейінде тіл білмейді. Олар шағымды еңбек инспекциясына бергенімен бұл жерде сұрақ біздің пайдамызға шешілді», - дейді ректор.

Ердембеков өзімен бірге неше адамды ерте келгенін де айтты.

««Ректор командасын алып келіп, осы жерде елдің барлығын қысқартып жатыр» деген шындыққа жанаспайды. Команданы алып келу емес, сол команданы университет ішінде жасақтай алған адам басшы деп есептеймін.

Менімен келген бір ғана көмекшім бар. Оның өзі жай адам емес, Цинхуа университетіне ТМД бойынша жалғыз түскен адам. Осы мәселелердің бәрін мен тігісін жатқызып айта аламын.

Тағы бір мәселе - бізде «Студенттер» сарайы, «Жастар» сарайы бар. «Студенттер» сарайының директоры, орынбасары, әкімшілігі, коменданты деген төрт басшы және үш еден жуушы бар. Бізде басшы көп болған. Қазір үш проректормен жұмыс жасап жатырмын. Осыған дейін бес проректор жұмыс жасады. Бір проректордың жалақысы кем дегенде 350 мың теңге. Айына қазір 700 мың теңгені үнемдеп отырмын. Ол ақшаға ескірген аудиторияларымды жөндеймін», - дейді Ердембеков.

Ақтөбедегі атышулы ректор Сапарбаевтың орынбасарымен қандай байланысы бар екенін айтты
Ақтөбедегі атышулы ректор Сапарбаевтың орынбасарымен қандай байланысы бар екенін айтты: UGC

Ректор желіні шулатқан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев және оның егізімен түскен суретті де түсіндірді. Сапарбаевтың бірінші орынбасарымен ректордың арасында қандай байланыс бар?

«Әлеуметтік желіде жақсы әңгіме болсын, жаман әңгіме болсын барлығы пиар деп айтады. Мен жасырмаймын, ол кісі - менің досым. Ол кісі мені бұл жерге жетелеп әкеле алмайды. Арнайы комиссия бар. Жетектеп әкеліп отырғыза салатын ректорлық қызмет ойыншық емес.

Сол себепті достық қарым-қатынасымның барын жасырмаймын. Әркім әртүрлі айтады. Кез келген нәрсені ашық айтып отырамыз. Мен өзім 20 жылдан артық жоғарғы оқу орындарында жұмыс жасап келемін. Кейбір нәрселер қиғаш кеткен кезде ызамыз келеді.

Сондықтан біздің аузымыздан шыққан дүниелерді өз деңгейінде жеткізсеңіздер деген өтініш бар. Ақиқат болса мен қабылдаймын. Сын ақиқат болмай жататын болса ,оны көтере алмаймын. Анам қай жерде жүрсең де «Әй, кәпір атанба» деп айтады. Соны ұстануға тырысамыз», - деді Бауыржан Ердембеков.

Он мыңнан аса студенті бар жоғары оқу орнының басшысы алдағы уақытта жатақхана мәселесін жүз пайызға шешетінін де айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1710873-aktbedegi-atysuly-rektor-saparbaevty-orynbasarymen-kandaj-bajlanysy-bar-ekenin-ajtty.html