RU

Танымал журналист қызын жақтап шыққан Баянның әкесіне жауап берді

Танымал журналист Өмірзақ Ақжігіт Баянның атышулы "Қозы Көрпеш- Баян Сұлу" телехикаясының қоғам тарапынан орынды сыналғанын және қызының туындысын жақтаған Мұхитденовтің жауабынан кейін оны мәдениеттанушы деп есептемейтінін айтты. Оның айтуынша, аталған кинокартина ел күткен "Баянның" образын ашып көрсетпегенімен қоймай, оның тіпті өрескел етіп "жасап шығарған.

Танымал журналист Баянның әкесіне берген жауабын "Қазақ үні" газетіне жариялады деп хабарлайды NUR.KZ.

Танымал журналист қызын жақтап шыққан Баянның әкесіне жауап берді
Танымал журналист қызын жақтап шыққан Баянның әкесіне жауап берді: UGC

"Қазақтың продюсерлері мен режиссерлері! Қазақтың эпостары мен ертегілеріне жоламаңыздаршы, Құдай үшін!", - деп сұраған ол Баянның әкесінің елге берген жауабы қолына қалам алуға мәжбүр еткенін айтты.

Мына фильмде лирикалық эпостың аты ғана қалған… Эпостың желісі тұрмақ, қазақы салт, әдет, ғұрыптан жұрдай. Тіпті адами қисынды таппайсыз. Мақсат ағамыз қызын арашалау жолында, «ұялған тек тұрмасқа» салып «…бір отар қойды үш адамның бағуы фантастика жанрынан емес, күні кеше бір отар қойды бір жанұя болып баққан жоқ па!» дейді. Қойды әдетте бір үйлі жанның біреуі ғана баққан, ал, мұнда кино бастала сала 3 бірдей қойшы «бес қаруы сай 4 қарақшы 6 қойды алып кетті» деп, күзгі жапырақтай қалтырап тұр.
О, тоба, қазақтың қой барымталағанын естіген кім бар? Алдарынан салып қуып кеткені, ия 1,5 қойдан өңгеріп әкеткені белгісіз… Баян сұлу болса дүниеқоңыздықтың символына айналған әкесінен озып тұр: «Бүгін малыңды алса, ертең үйіңе тиеді!» деп, «қарақшыларды» қууға өзі аттанады. «Бармашы!» деп шылбырына оралған екі қойшыны атпен қағып ұшырып жіберсе, үшінші байғұстың тамағына қанжарын тақайды! Бес қой үшін! Міне, Баян түсірген «Баянның» сиқы…

"Қазақтың іздегені, көргісі келгені осындай Баян ба еді? Бұл эпизодтан кейін телеарнаны ауыстырған адамға мін тағуға бола ма? Мен өзімді зорлап екі сериясын ғана көрдім", - деген ол Баянның түсірген туындысын жақтап алмақ болған Мақсат Мұхитденовтың келтірген дәлелдерін жоққа шығарды. Оның айтуынша, қазақ әдебиетінде сақталған жырдың бірнеше нұсқасының ішіндегі ең мазмұны жағынан көркемі, көлемдісі әрі ежелгісі назарға алынбағанына күйінген.

"Ойпырмай, адам баласы тырнақ астынан кір іздеймін десе, қалайда табады екен ғой! Әйтпесе, қазақ тарихшыларының атасы әйгілі Әлкей Марғұлан 1985 жылы шыққан «Ежелгі жыр-аңыздар» атты атақты шығармасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына 18 тараудың 3 тарауын, 361 беттің 66 бетін арнайды. Және онда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының ең көлемді, әрі көркем, әрі ең ескі түрінің бірі – атақты Жанақ ақын варианты» (320-бет) деп атап көрстеді. Қазақ арасына ең көп тарағаны да сол. Себебі, онда тоқсан мың жылқының соңынан еріп Қарабайдың бүгінгі қазақ жеріндегі бармаған, қалмаған аймағының бәрінің атауы тұр", - дейді ол.

"Мынадай сөз саптастан, мынадай сөйлем құрудан кейін мен «мәдениеттанушы Мұхитденов» бар деп есептемеймін…

...Мақсат ағамыз да өзіне сын көзбен қарап үйренбегендіктен, соншама кітаптың Баянға қазақ тілін үйренуге септігін тигізе алмағанын, ал, ұлтының тілін білмеген, оның, әсіресе, қазақтың теңдессіз жырларын, өлеңдерін, ертегі-аңызарын оқып-түсіне алмайтын адам ешуақытта қазақтың жанын ұғына алмайтынын (бұл сөз тек Баянға ғана емес, барлық орыстілді қазақ ұл-қызға қатысты), ұғына алмағандықтан ол жүз жерден Тайбурылдай дара тұлпар болып тусын, Көбіктінің Көкаласына қанша тырысса да «12 күннің кемдігінің» кесірінен жете алмайтынын, сол себепті ұлтыма қызмет еттім дегендердің кейбір игі ойлы ісінің өзі «хотел как лучше, получилось как всегда» болып шығатынын түсіне алмай отыр. Сондықтан да, қызын “Алаш” сыйлығының иегерінен өресі әлдеқайда жоғары» деп, бос армандап та қояды. Қазақтың дарынды ақыны, ұлт мүддесін қорғаушы күрескер, қоғам қайраткері Қазыбек Иса мен Баян Алагозованың өрелерінің арасы жер мен көктей екенін елдің бәрі біліп, әке қиялына іштей күліп те отыр. Белгілі журналист Гүлмәрия Барманбекованы сотпен қорқытып қояды да, өзінің жас балаша «Иса ғ.с» деп, қазақ ақынының бабасының атын келекеге айналдырып отырғаны нағыз заң алдында жауап беретін әрекет екенін жетпістен асқанша жетесіне жетпегеніне таңым бар. Өкінішті-ақ. Кинодағы Баян өзін-өзі қорғай алмайды, өмірдегі Баян болса өзін, қазақша түсірген «Баян Сұлуын» орысша қорғап әлек. Оның үстіне сериалды қаржыландырудан коррупция иісі мүңки бастағаны да жазылуда желілерде.

Өмірзақ Ақжігіттің айтуынша, телехикаяның екі бөлімін көре отырып, ол қисынсыз сөз тіркестері мен қазақтың салт-дәстүріне қайшы көріністердің көптігіне наращы болады.

"Сериалдың екі сериясының өзінде аттың жүгенін алмай отқа жібере салады; қымызды кесеге жартысына жеткізбей құяды; бір топ ер адамның дәл алдынан әйел бала кесіп өтеді; шайқасып жатқан қарақшыларға көмек келіп қалғанда Қозы атына қарай ұмтылудың орнына қашып талдың арасына тығылады; Қодар Қарабайға «менің ұрын келгенімді елге тегіс хабарла(?)!» дейді, т.т., қисынсыздықты айтып тауысу қиын", - деп жазған ол:

"Игі жақсылар! Қазақтың салт-дәстүрін бұзып, ертегі-аңыз бен эпос-жырлардың желісін өзгертіп көрсетуге ешкімнің хақысы жоқ! Өйткені, оның бәрі – ой, білім! Сұрыпталған саф алтын! Біз ең болмаса орыстар секілді дайын желімен түсіре алмайды екенбіз, онда өзімізше өзгеріс енгізіп, өткендерден дана болуға тырыспайық, одан-дағы өз қолымыздан келетін бүгінгі күн жайын қаузай берейік. (Баян әнші қыздар тобын қалай құрғаны жайлы бір емес он серия түсірсін…)", - деп өз ойын ашық айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1711067-tanymal-zurnalist-kyzyn-zaktap-sykkan-baanny-kesine-zauap-berdi.html