RU

Бокстан әлем чемпионы атанған бойжеткеннің әжесі елге жанайқайын жеткізді (фото)

Өткен жылдың қараша айында Үндістанда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 81 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Арайлым Бегділдәға қатысты дау шықты. Чемпион атағын жеңіп алса да, мемлекет тарапынан ешқандай елеп-ескеру болмады деп ренжіген Арайлымның туыстары NUR.KZ редакциясына хабарласты. Олардың айтуынша, қыздар арасында облыстан шыққан тұңғыш чемпионның бүгінде тауы шағылып, өкпесі қара қазандай болған.

Бокстан әлем чемпионы атанған бойжеткеннің әжесі көзіне жас алып, жанайқайын жеткізді
Арайлым Бегділдә. Фото: Арайлымның жеке мұрағатынан: UGC

Бұдан бірнеше ай бұрын бокстан жастар арасында чемпион атанған Арайлым Бегділдә елдің абыройын көтеріп тастаған. 81 келіге дейінгі салмақта ол Еуропа біріншілігінің чемпионы Анастасия Рыбакпен шаршы алаңға шығып, өзінің үстем екенін дәлелдеп, елге "алтын" әкелген еді. Алайда сол сәтте қатты қуанған Арайлымның бүгінде еңсесі түсіп кеткен, дейді оның туыстары. Әсіресе, "қыз баланың бокс саласындағы жолы ауыр" деп немересінің әр жекпе-жегінде "тақымын қысып" отыратын әже бұл жолы билікке қатты ренжігенін айтты. Айтуынша, сол кездегі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жеңімпаз қыздың қолын да алмаған.

Бокстан әлем чемпионы атанған бойжеткеннің әжесі көзіне жас алып, жанайқайын жеткізді
Арайлым пъедестальда. Фото: Арайлымның жеке мұрағатынан: UGC
Айналайын, Үндістанға барды қызым. Асық ойнап келген жоқ. Тараздан шыққан тұңғыш қыз екен әлем чемпионы атанған. Міне, қызға бір марапат жоқ. Ауылдан да, ауданнан да, облыстан да жоқ. Ана қызымның еңсесі түсіп бара жатыр. Енді шықпаймын деп отыр. "Балам қой, екі жылдан соң Олимпиада келе жатыр ғой. Бермеді деп өкпелемейік. Әлем чемпионын алған деген атақ та жетеді" деп жұбатамыз. Әкесінің басы ауыратын еді. Ол қатты ашуланып, "бұл не деген сұмдық , не деген масқара" деп ренжиді. Әнеугүні ауданнан марапаттады. Олар да нашар марапаттады. Бір кішірек теледидар берді. Болды. Көрген баққанымыз сол. Оны Арайлым жағдайы жоқ бір отбасыға сыйға тартты.
Енді ішіміз күйіп тұр. 35 мемлекеттен барды. Соның ішінде Еуропаның екі дүркін чемпионы Рыбак деген қызды жеңіп келді. Айналайын-ау, асық ойнап келген жоқ қой. Жастар арасындағы дейді. Енді оларда жан жоқ па? Ол да чемпион ғой. Ол да елін танытып жатыр. Бұл қыз ғой. Қызды қазақ сыйлаған ғой. Неге қыз деп сыйламайды? Ертең ана атанады. Бүгін елінің атағын шығарды. Қазақтар өлгеннен кейін береді атақты. Мен сол үшін күйінемін. Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Сербия, Польша, Россия, Украина сияқты төрт елге барып, осы жазда торт медаль бір-ақ әкелді алтыннан. Барған жерінен құр қайтпайды. Ажалға басын тігіп тұр ғой", - деген Жетпісбаева Ұлжан есімді кейуана өз ренішін жасыра алмады.

Арайлымның әжесінің сөзін әкесі де растап отыр.

"Не ауылдың әкімі, не аудан, не облыс марапаттамады. Не теледидардан көрсетпеді. Сол үшін өкпе болды. Спорт комитетіне бардық, олар "қатысса өзі үшін қатысты" дейді. Жаман ренжіп қалдым. Тұлпар да мыңнан жалғыз шығады ғой. Әжесі де жылап қалды", - дейді ол.

Бокстан әлем чемпионы атанған бойжеткеннің әжесі көзіне жас алып, жанайқайын жеткізді
Арайлым марапаттау рәсімі кезінде: UGC

Бұл мәселеге қатысты Жамбыл облыстық спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басшысы Нұрбол Жүнісбеков те пікір білдірді.

"Қолдау көрсетіледі. Айлық жүзінде. Мен оларға түсіндіріп айтқанмын. Қанша сомада екені құпия сақталады", - деген ол аталған мәселенің мән-жайына толық жауапты хат жүзінде беруге уәде етті.

Бүгінде ағайындары "қазақтың Майк Тайсоны" деп атап кеткен Арайлымның айтуынша, оған айына 150 000 теңге көлеміндегі сыйақы тағайындалған. Бұл сыйақыны ол бір жыл бойы алып тұрады екен.

Бокстан әлем чемпионы атанған бойжеткеннің әжесі көзіне жас алып, жанайқайын жеткізді
Арайлым. Фото: Арайлымның жеке мұрағатынан: UGC

Ал Қазақстан бокс федерациясы жастар арасында әлем чемпионы атанған спортшылар мұндай жарыстарға өзі үшін қатысатындықтан, оларға заң бойынша ешқандай сыйақы тағайындалмағанын жеткізді.

Заң бойынша, жастар арасында чемпион атанған спортшыларға ешқандай сыйақы тағайындалмайды. Егер әкімдік уәде берсе, онда әкімдік беруі мүмкін. Ол мұндай жарыстарға өз еркімен қатысады. Біз өз тарапымыздан мұндай жарыстарды ұйымдастыру мәселелерімен ғана айналысамыз. Бұндай сыйақы, сыйлықтарға қатысты мәселелер мемлекет және спортшы немесе әкімдік пен спортшы арасында шешіледі. Егер әкімдік ештеңе уәде етпесе, онда бұл олардың проблемасы, - деді Қазақстан бокс федерациясының қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Тополева Галина.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1711587-bokstan-lem-cempiony-atangan-bojzetkenni-zesi-elge-zanajkajyn-zetkizdi-foto.html