Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Илья Ильин медальдарынан айырылғанда қандай күйде болғанын айтып, сырымен бөлісті

Опубликовано:

Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы, белгілі зілтемірші Илья Ильин Астанада арнайы семинар өткізіп, спортта зор жетістіктерге жетуінің сырымен бөлісті деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Илья и
Илья Ильин: UGC

Спортшы семинар барысында ауыр атлетикаға қалай келгенін, сонымен қатар, спортта зор жетістіктерге жетуіне ықпал еткен тәлімгерлері туралы айтып берді.

«Менің өмірімде кішкентай күнімнен мені спортқа баулыған әр тәлімгерімнің, бапкерімнің орны ерекше. Сонымен бірге, өмірдегі тәлімгерімнің қатарына елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты да жатқызатын едім. Ол кісінің, «Илья, тек алға!» деген қанатты сөздері маған қанат бітіріп, биік белесті бағындыруыма үлкен демеу болды десем, артық айтпаспын», - деп жан сырымен бөлісті белгілі спортшы.

Ал, «Олимпиада ойындарынан кейін, елбасымен көрістіңіз бе?» деген сауалымызға, спортшы «Иә, хабарласты, бұрынғысынша маған сенім артады» деп қысқай қайырды.

Илья и
Илья Ильин елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен: UGC

Зілтемірші, сондай-ақ, өмірінің барлық кезеңінде жанынан табыла білген жанұясы туралы да айтып берді.

«Өмірдегі басты тірегім – отбасым. Әрине, оның ішінде ата-анамның алар орны бөлек. Мен өте қарапайым отбасыдан шыққан адаммын. Әкем – электрик, анам – шаштараз маманы. Менің әр жетістігімнің артында осы кісілердің зор еңбегі жатыр. Мәселен, олимпиаданың қос медалінен айырылған соңғы екі жылда әкем барынша әкелік қамқорлығын көрсете білді. Анам да солай, барлық жағдайға түсіністікпен қарап, менің әр еркелігімді көтерді.

Негізі, өзімді отбасымдағы ең ерке баламын деп айта аламын. Сол еркелігіме төзіп, маған демеу болған ата-анам мен ағаларыма алғысым шексіз. Сондықтан, қазір ата-анамды Қызылордадан Астанаға көшіріп алдым. Екеуі де жанымда, оған да шүкір деймін», - деп сырын ақтарды спортшы.

Илья и
Илья Ильин: UGC

Спортшы олимпиада медальдарынан айырылған күндерді де еске алды. Айтуынша, өмірдің бұл кезеңін артқа тастап, болашаққа нық қадам басуына өз-өзіне деген сенімдігі мен төзімділігі себеп болған екен.

«Мен жаратылысымнан өте төзімді жанмын. Егер құдай басымызға осындай күндерді берсе, демек, мойымай, нағыз ер-азаматша оған төтеп бере білу керек. Қазір, көбі мені сол жағдайдан кейін «қатты өзгерді, бұрынғыдай өз-өзіне сенімді емес» деп айтып жатады. Жоқ, ол мүлде олай емес, мен сол баяғы Ильямын. Тек сабырмен, ақылмен осы күндерімді басымнан өткерудемін.

Сосын мен үнемі өмірде қандай жағдай болса да, оның тек жақсы жақтарын көруге тырысамын, яғни, ынжырғамды түсірмеймін, керісінше, позитивті өмір сүруге тырысамын.

Илья и
Илья Ильин: UGC

Қазір барлық жүлделерімді қайтарып алғаныма шүкіршілік етемін, себебі, менің тіпті, спорттық мансабыммен қош айтысуым да әбден мүмкін еді. Мысалы, кейбір спортшылар ананы-мынаны сылтау етіп, күні бүгінге дейін медальдарын қайтармаған көрінеді.

Маған да солардың жолын қуса болатын еді. Бірақ, олимпиада комитеті осындай шешім шығарған соң, олардікі заңды, екі медальды да қайтарып беруіме тура келді. Болашақта аталған екі медальды өзіме, еліме қайтарғым келеді. Келер ұрпақтың еліміздің спортшыларымен мақтанып, медальдарды мұражайдан тамашалауын қалаймын. Әрине, ол уақыттың еншісіндегі мәселе.

8 жылдан кейін менен медальдарды тартып алып жатса, 8 жыл өткен соң неге оларды қайтарып алмасқа?», -деп ағынан жарылды зілтемірші.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1711843-ila-ilin-medaldarynan-ajyrylganda-kandaj-kjde-bolganyn-ajtyp-syrymen-blisti/

pixel