RU

Атышулы "Қалаулымды" жүргізген Зарина Омарова өзін сынағандарға жауап берді

Атышулы "Қалаулым" бағдарламасының 16 желтоқсан күнгі эфирінде Аша Матайдың орнын алмастырған әнші Зарина Омарова көпшіліктің сынына қалды. Әнші өзінің кәсіби журналист емес екенін және эфирді ұйымдастырушылардың өтінішімен бір күнге ғана жүргізгенін айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

Зарина Омарова. Фото: Интернет желісінен
Зарина Омарова. Фото: Интернет желісінен: UGC

"Аша отбасымен шетелге демалысқа кеткендіктен, ұйымдастырушылар көрерменге тосынсый жасау үшін бағдарламаны жүргізуімді өтінді. Тікелей эфир түгілі, мерекелік концерттердің тізгінін ұстап көрмегендіктен көпшіліктің сенімін ақтай алар ма екенмін деп өзімде уайымдағанымды жасырмаймын. Тікелей эфир кезінде ол байқалған да шығар. Мен бағдарламаны одан әрі қарай жүргізбеймін. Желідегі парақшама түрлі пікір қалдырып жатқандар бар. Сын айтқан жандарға да, түсініп, демеу білдірген жандарға да алғысым шексіз! Сын түзелмей, мін түзелмейді. Дұрыс айтылған сын адамды жігерлендіреді. Сондықтан жақсы болсын, жаман болсын әрбір көрерменнің пікірі мені тек қамшылап, жігерлендіреді",-деді Зарина.

Әнші "Қалаулым" бағдарламасын жүргізу өзіне ұнап қалғанын жасырмады.

""Қалаулым" өзі сондай қызық бағдарлама ғой. Маған тележүргізуші болған ұнап қалды. Бірақ басқа жаңа жобалар ашылып, ұсыныс түсіп жатса ғана жеке бағдарламада жүргізуші болуға болады. "Қалаулымды" демалыстан кейін Ашаның өзі қайта қолға алады. Көрермендердің үмітін ақтай алмай жатсам, кешірім сұраймын! Біз үйде көбіне орыс тілінде сөйлейтін болғандықтан, бағдарламадан кейін қазақшамның кәдімгідей жақсарып қалғанын байқадым",- деді әнші.

Айта кететіні, Зарина "Қалаулымның" бір күндік эфирін тегін жүргізген. Әнші бұл ұйымдастырушылар тарапынан көрермендер мен өзіне ұсынылған тосынсый болғанын жасырмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1712405-atysuly-kalaulymdy-zrgizgen-zarina-omarova-zin-synagandarga-zauap-berdi.html