RU

Алматы облысының тұрғыны мектептегі мұғалімді шашынан сүйреп, сабаған

Алматы облысы Боралдай елді мекеніне қарасты №15 мектептегі оқиға ауыл тұрғындарын есеңгіретіп тастады деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Жаға ұстатарлық жайт кеше орын алыпты. Ұстаздың соққыға жығылып, ауруханаға түскенін мектеп директоры да растап отыр.

Көрнеткі сурет.
Көрнеткі сурет.: UGC

"34 жастағы Г.У. есімді директордың орынбасары, әдіскеріміздің соққыға жығылғаны рас. Өткен аптада 6-сыныпқа сабақ беру кезінде ұл бала оқушылардың мазасын алған. Әдіскер оны алдыңғы партаға отырғызады. Сабақ бастағанда жеткіншек қалтасынан шынжыр шығарып, тәртіп бұза берген. Осы қылығы үшін мұғалім оған ескерту жасаған. Ұрмаған, ұрыспаған, жәй ғана ескерту. Мұны барлық бала растап отыр.

Көрнекті сурет.
Көрнекті сурет.: UGC

Алайда, 6-сынып оқушысы екі сабақтан соң үйіне кетіп қалып, мұғалімге шағымданып, әке-шешесін мектепке ертіп келді. Біз ата-анамен сөйлесіп, ұлының бұзақылық жасағаны үшін ескерту алғанын түсіндірдік. Алайда, жеткіншектің анасы кеше білім ордасына тағы келіп, мектеп инспекторына жолығады да, ешкімге ескертпестен әдіскердің бөлмесіне басып кіріп, шашынан сүйреген. Ұстаздың басынан ұрып, сабаған. Нәтижесінде әдіскер Г.У-дың миы шайқалып, ауруханаға түсті. Оқиға бойынша дереу тәртіп сақшыларын шақырып, арыз жазылды», - деді директор Салтанат Тарасқызы.

Білім мекемесі басшысының сөзінше, ескерту алған оқушының тәртібі де, сабағы да орташа екен. Соққыға жығылған ұстаздың екі баласы бар, мінезі салмақты, ұзақ жылдар мектепте еңбек етіп, жақсы қырынан ғана көрініп келе жатқанын алға тартты. Аталған оқиға бойынша жергілікті полиция қылмыстық іс қозғаған.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1712431-almaty-oblysyny-trgyny-mekteptegi-mgalimdi-sasynan-sjrep-sabagan.html