RU

Отандық сазгер өзін "лақтырып кеткен" Заттыбекке өкпесін жеткізді

NUR.KZ редакциясына хабарласқан Талдықорғандық сазгер Ержан Тұрсын өзін "лақтырып кеткен" хитмен Заттыбек Көпбосынұлына деген өкпесін жеткізді. Ол Заттыбекке өзінің сазгерлігінен туындаған «Аңсадым» атты әнін табыстаған. Алайда, әлі танылып үлгермеген композитордың әнін орындаған Көпбосынұлы автордан ат тонын ала қашатын көрінеді.

Ержан Тұрыс, Заттыбек Көпбосынұлы. Коллаж: NUR.KZ
Ержан Тұрыс, Заттыбек Көпбосынұлы. Коллаж: NUR.KZ: UGC
«Мен бұл «Аңсадым» деген әнді 2015-ші жылдың наурыз айында шығарып, WhatsApp желісі арқылы достарыма таратқанмын. Көктемде клип түсіремін деп жүргенмін. Сөйтіп бұл ән Заттыбекке жеткен. Бір күні Заттыбектің өзі хабарласып: «Ержан бауырым, келешекте концерттерге шығарайын, екеуіміз дуэт болсақ қалай болады, мынау әніңе мен құда түсіп тұрмын деді. Мен: Жоқ, бере алмаймын дедім. Содан кейін қайта қоңырау шалып: «Ойланшы» деді. Жігіттермен ақылдасып, соңында берген едім», - дейді Ержан Тұрсын.

Айтуынша, осыдан кейін Заттыбек хабар-ошарсыз кеткен. Бір-бірімен телефон арқылы танысқан сазгер мен әнші өмірде бетпе-бет жүздеспеген екен. Ал, әнді алған Көпбосынұлы өзі көрмеген композиторға бір тиын төлемепті.

«Әнімді бергеннен кейін, кішкене тиын-тебен беретін шығар деп ойладым. Телефон арқылы алды. Кейін бір ай өткен соң: «Бұл әннің авторлық құқығы бар ма, тіркеліп тұр ма? Мен сөзін өзгертейін» деді. Оған да рұқсат бердім. Сөзін Шынберген деген жігітке жаздырыпты. Кейін концерттерде автордың аты айтылмады. Ешбір жерде айтып та жүрген жоқ. Хабарлассам, қаша бастады. Телефон тұтқасын көтермейді, қаламақы да берген жоқ. Менің дауысымды естісе болды, көтермейді. Алдап кетті. Концерттерге де шығарған жоқ, дуэт те болған жоқ. Ұзын сөздің қысқасы Зәкең сөзінде тұрмады ғой», - дейді әннің авторы.

Ал Заттыбектің өзіне хабарласқанымызда әнші бұл ақпараттың жалған екенін жеткізді.

«Мен оған ешқандай уәде берген жоқпын. Автордың аты қай жерде жазылмағаны туралы өзіне жеке айтып, дәлелдеп бере аламын. Менің барлық әндерімнің авторы жазылған біріншіден. Екіншіден мен онымен сөйлесіп, келісімшарт жасаған емеспін. Ол маған әнді жіберді, ұнады, орындай беріңіз деді. Ол әнді өзі де орындап жүр. Мені тауып алу түк те қиын емес. Оның жанында мені білетін талай азаматтар жүр», - дейді әнші.

Сондай-ақ, бір әнін табыстаған сазгер, сәл уақыт өткен соң Заттыбекке екінші туындысын да ұсынып көрген. Бірақ бұл жолы қаламақы талап еткенін айтады.

«Кейіннен тағы бір әнді жібердім. Сол кезде Заттыбек: Мына әннің тағдыры қалай болады деп сұрады. Мен «бұл әнді сатамын» дедім. Ол кісі: «Ой, мен осы уақытқа дейін ешкімнен ән сатып алып көрген емеспін. Маған өздері сыйға тартады» деп, дұрыс сөйлеспеді», - дейді сазгер.

Заттыбек болса ол әннің деңгейі сатып алуға келмейтінін алға тартты.

«Ол әнді сатып алыңыз дегеннен кейін, мен сатып алуға құлық білдірмедім. Өйткені ондай деңгейдегі ән емес еді. Мен қызығушылық танытқан жоқпын. Одан кейін ол жігітпен байланыс жасаған емеспін», - дейді Заттыбек Көпбосынұлы.

Әзірге Заттыбек пен сазгер арасындағы дауға нүкте қойылған жоқ.

Материал Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалған. Эксклюзивті материалды көшіріп басуға редакция тарапынан қатаң тыйым салынады!

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1713062-otandyk-sazger-zin-laktyryp-ketken-zattybekke-kpesin-zetkizdi.html