RU

"Дипломмен ауылға" бағдарламасының арқасында жас мамандар ауылға оралуда

"Дипломмен ауылға" бағдарламасының аясында биыл Жамбыл облысының ауылдарына 84 дәрігер, 38 мұғалім, 4 спорт маманы, 7 мәдениет саласының қызметкері аттанды.

"Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасының арқасында көптеген жас мамандар ауылға оралып, аймақтың және еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда", деді жастар форумында сөз сөйлеген Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев. Биыл Жамбыл облысында мемлекеттік жастар бағдарламасын жүзеге асыруға 89 миллион теңге бөлінді, бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 20 пайызға көп."Биыл өңірде сондай-ақ 3 жаңа мектеп пайдалануға берілді, 9 балабақша мен 55 шағын орталық ашылды. Тек қана "Жол картасы" бағдарламасы бойынша 13 денсаулық сақтау нысаны, 8 мәдени, 4 спорттық нысан күрделі жөндеуден өткізілді", - дейді Қ.Бозымбаев. Форумға қатысқандар ауыл жастарының арасында кәсіпкерлікті дамыту мен қоғамдық ұйымдар тарапынан жас мамандарға қолдау көрсету мәселелерін, ауылдық жерлердегі әлеуметтік ахуалды және "Дипломмен ауылға" бағдарламасының жүзеге асыру барысын талқылады. Елбасының үндеуі бойынша "Дипломмен ауылға" бағдарламасының аясында биыл Жамбыл облысының ауылдарына 84 дәрігер, 38 мұғалім, 4 спорт маманы, 7 мәдениет саласының қызметкері аттанды.Облыстық статистика мекемесінің ақпараты бойынша, бір миллионнан астам облыс халқының 300 мыңын жастар құрайды. Қала жастарының саны - 100 мыңды шамаласа, ауыл жастары - 200 мыңнан асады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/171315-diplommen-auylga-bagdarlamasynyn-arkasynda-zhas-mamandar-auylga-oraluda.html