RU

Танымал әзілкеш қалың жұрттың алдында сүйіктісіне ұсыныс жасады (видео)

Астанада көңілді тапқырлар алаңының супер кубогі кезінде Арал-Ас командасының мүшесі сүйіктісіне "тізерлеп отырып" ұсыныс жасады. Facebook парақшасында жарияланған видеоны жұрт сынап, жігітке тән қылық жасамадың деп сөгуде.

Видеодан скриншот
Видеодан скриншот: UGC

Сайысты ысыра салып, барша көрерменнің алдында сезімін білдірген жігіт сүйіктісіне ағынан жарылып ақтарылды.

“Тіпті 1 сыныптың өзінде мектепке папкасын ұстап, мектепке апаратынмын. Сол кезде мамаға: осы қызды алып келші, мен аламын деп айтатынмын. Енді арада 20 жылдай уақыт өтті. Мөлдір, мен саған сезімімді білдірсем. Мен сені өмір бақи бақытты қыламын деп уәде бермеймін, бақытты қылуға тырысамын! Өміріңнің соңына дейін менімен бірге болуға дайынсың ба?”, – деді ол.

Қуаныштан көзіне жас алған Мөлдір бойжеткен "иә" деп жауап берген соң, залда отырған мыңдаған адам олар үшін қуанып, қол шапалақтады.

Желі қолданушыларының пікірі
Желі қолданушыларының пікірі: UGC

Ал желі қолданушылары жігіттің тізерлеп отырғанын жақтырмай, "жігітке тән қылық жасамадың" деп сөкті.

Айдарбек Тұрапбаев: "Тізерлеп жүріп қалмасақ болды бәріміз. Анау Тұрсынбек неге айтпайды? Бәрін біледі ғой"

Алмагүл Құсайынова: "Тізе бүкпесе екен деп отыр едім, бірақ болмады. Жастар Европаға еліктеп, неше түрлі қылық көрсетіп жүр. Сонда да бақытты болсын"

Жазигүл Нұрсұлтан: "Түх, сондай жақсы бастап еді, тізе бүгіп езіліп қалды-ау. Ер азаматтар анадан өзге ешкімнің алдында тізе бүкпеңдерші, жаман", - деп жазды.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1713750-tanymal-zilkes-kaly-zrtty-aldynda-sjiktisine-synys-zasady-video.html