RU

Астанада 90-жылдан бері "бомж" күйін кешкен қария әлі үйсіз жүр

1995 жылдан бастап тұрақты баспанасы жоқ астаналық Ақтық Жәшкеев, қартайған шағында Астанадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығын паналауға мәжбүр болып отыр деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Ақтық Жәшкеев. Фото: NUR.KZ
Ақтық Жәшкеев. Фото: NUR.KZ: UGC

Қария 70-ші жылдары Сәтпаев атындағы политехникалық университетін кен байыту мамандығы бойынша тәмамдап, еліміздің алдыңғы қатарлы фабрикаларының бірінде қызмет еткен.

«Ақшатау кен байыту фабрикасында 18 жасымнан бастап слесарь мамандығы бойынша жұмыс істеп бастағанмын. Одан кейін әскерге бардым, сосын үйлендім. Фабрикада 1990 жылға дейін қызмет еттім, қол астымда 240 адамға дейін жұмыс істеді. 1990-1993 жылдары Украинада жұмыс жасадым, ал 1995 жылы фабрика құжат бойынша жабылып қалды. Қарағандыда 1997 жылдан бастап 2012 жылға дейін тұрдық, жолдасым көп жыл ауырды, сол сырқатынан қайтыс болды.
Балаларым жоқ, болса бұл жерге келмес те едім. Қарағанды көмірдің өңірі, ал біз сирек кездесетін вольфрам, молибден сияқты металдармен жұмыс жасағандықтан, өз мамандығым бойынша жұмысым сонымен бітті. Содан кірпіш бұздық, мателл тасыдық, құрылыста, күзетте істедік»,-деп әңгімелеп берді қария.

Қария туыстары көп екенін, алайда оларға «масыл» болғысы келмейтінін алға тартты.

«Семей, Қарағанды, Қызылорда, Шымкентте туыс толып жатыр. Көбісі қыздар, сол жаққа тұрмысқа шыққан. Туған інім мен қарындасым Балқашта, жаңа жылға барып келдім, бірге қарсы алдық. Олардың өз отбасы бар, келін мен күйеу бала бар дегендей, ешкімге жүк болғым келмейді»,-дейді Ақтық Жәшкеев.

Сондай-ақ, ол 90-жылдардан бастап пәтер жалдап жүргенін, күні бүгінге дейін өз баспанасы жоқ екенін айтты.

«Қарағандыға көшкелі, 95 жылдан бастап пәтер жалдап, үй-күйсіз, «бомж» болып келдім. Үйдің кезегіне тұрғаныма 2 жыл болды, бірақ оны алу үшін, Астанада кем дегенде 3 жыл тұрды деген анықтамаң болуы керек дейді. Әкімдіктегілер «сіз сияқтығылар көп, күт» деп шығарып салады, өмір бақи баспанасыз жүргенімде шаруалары жоқ»,-деп ренішін жеткізді қария.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1713790-astanada-90-zyldan-beri-bomz-kjin-kesken-karia-li-jsiz-zr.html