RU

Елімізге белгілі актер тойынған жастарды сынап тастады

Елімізге белгілі актер, Азамат Сатыбалды қазіргі жастардың туған күнде бетіне торт басып, ысырапшылыққа, кесірлікке жол беріп жүргенін айтты. Баршаға торт түгілі бір үзім нанға зар болып отырғандар жайлы ойлауға кеңес берді деп хабарлайды NUR.KZ.

Азамат Сатыбалды. Фото: Интернет
Азамат Сатыбалды. Фото: Интернет: UGC
«Соңғы кезде, туған күні болған адамның бетіне торт басу деген шығыпты. Бұл енді кесірлік! Ойланыңдар адамдар! Сонау 32-37 жыл аралығында ашаршылықтан өлген қандастарымыз торт емес, бір үзім нанға зар болып кеткен. Аштықтың қинағаны соншалық адамның етін жегендер де бар. Қамауда отырған Әлиxан Бөкейxановтың арxивте сақталған xатында "бүгін оразаның пәленшесінші күні, аузымды ашатын ештеңе болмаған соң сумен ашып, сумен аузымды бекіттім" деп жазған екен. Осындай арыстарымыздың ұрпақтары нанмен ойнап жүргені қалай?! Қанша аға апаларымыз бір үзім нан үшін өліп кетті. Қанша қандастарымыз бір тойып тамақ жемей өмірден өтті»,- дейді актер Instagram парақшасында.

Сондай-ақ ол, соғыс уақытысында қырманнан алынған бір уыс бидай үшін атылғандар мен сол аз ғана дүниемен қанша баласын тамақтандырғандарды да естен шығармау керектігін айтты.

Фото: Интернет
Фото: Интернет: UGC
«Бабаларымыз болашақ ұрпағымыз нанмен ойнасын деп жанын қиған жоқ шығар. Кесір ұрып кетпесін бізді, бауырларым! Астан аттамайық! Нанмен ойнамайық! Қарнымыз тоқ, қайғымыз жоқ болғандықтан ғой өстіп есіріп жүргеніміз. Аш болсаңдар көрер едім, бетке торт басқандарыңды! Қайран тоқшылық....

«Аш адамның алдында тойып тамақ жеме, ал кедейдің алдында байлығың туралы сөз қозғама» деген, атам қазақ. Астамшылықтан АЛЛА бізді сақтасын! Ысырап жасамайық, ағайын. Еліміз аман, бейбіт күніміз баянды болғай!»- деп сөзін аяқтады Азамат Сатыбалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1714156-elimizge-belgili-akter-tojyngan-zastardy-synap-tastady.html