RU

Туған қызын 16 жылдан соң тапқан астаналық азамат жанайқайын жеткізді

Елордада тұратын 17 жастағы бойжеткен әлі күнге дейін құжаттарына қол жеткізе алмай, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Астанада 17 жастағы бойжеткен күні бүгінге дейін жеке құжаттарын рәсімдей алмай жүр, зар илеп жүр
Астанада 17 жастағы бойжеткен күні бүгінге дейін жеке құжаттарын рәсімдей алмай жүр, зар илеп жүр: UGC

90 жылдары қызынан қол үзіп қалған Шабалов Игорь оны арада 16 жыл өткеннен кейін ғана тапқан. Астаналық тұрғын қызының жеке төлқұжатын рәсімдеу үшін, жан ұшырып жүргенімен, мәселенің түйіні шешілетін емес.

«Целиноградтың тумасымын, 1996 жылы Ресейге қоныс аударған едім. Сол жақта қызымның анасымен танысып, осында Қазақстанға келдік. Бір жылдай тұрып, дәм-тұзымыз жараспай ажырасып кеттік, ал ол кезде бұрынғы әйелім Настяға аяғы ауыр екен. Сосын араға 16 жыл салып, «Қорғау Астана» қоғамдық қорының көмегімен, қызым Настя мен оның анасын таптым.
Настяның анасы Ресей елінің азаматы болғандықтан, осында келген соң, ол сол бойы төлқұжат жасата алмаған. ДНҚ сараптамасын жасатып, Настяның менің қызым екені дәлелденді, оған өз тегімді де бердім, енді төлқұжатын рәсімдемекпіз. Бар-жоғы екі аптадан кейін Анастасия 18-ге толады, ол кезде құжаттарды рәсімдеу ережесі де өзгереді.
Сондықтан, қазір жан ұшырып, ЖСН (авт. жеке сәйкестендіру нөмірі) алуға барымызды салып жатырмыз. Өкінішке орай, нәтиже жоқ. Көші-қон полициясы салық комитетіне, ондағылар керісінше, көші-қонға итереді, бір-біріне сілтеуден әбден қажыдық», - деп күйінді бойженкеннің әкесі Игорь Шабалов.

Қазіргі таңда, «Қорғау Астана» қоғамдық қорының заңгерлері бойжеткенге ЖСН рәсімдеуге қажет жұмыстарды қолға алуда.

«ЖСН-ға қол жеткізу үшін, көші-қон қызметіне бірқатар құжаттарды өткізу керек. Ол жақтағылар мәселені зерттеп болған соң, бізге Настяның расымен де Қазақстан азаматы екенін дәлелдейтін анықтама береді.
Тек осы анықтама арқылы ғана ЦОН және салық комиеті арқылы ЖСН рәсімдеуге болады. ЖСН алғаннан кейін, әрине, Настя жеке куәлік алуға өтініш білдіреді. Бастысы, қиын жұмыстың бәрі артта қалды, ендігі мәселе тек уақыттың еншісінде»,-дейді қоғамдық қор заңгері Дания Бұғалиева.

Қоғамдық ұйым мамандары, қазіргі таңда, бойжеткеннің анасының төлқұжатын рәсімдеу жұмыстарын да қолға алып жатыр.

«Қазір анасына азаматтығы жоқ адам ретінде куәлік алу жұмыстарын пысықтаудамыз. Бұл мәселе де жақын арада шешіліп қалады деген үміттеміз»,-дейді орталық мамандары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1714240-tugan-kyzyn-16-zyldan-so-tapkan-astanalyk-azamat-zanajkajyn-zetkizdi.html