RU

Шетелде тұратын атыраулық қыз Дубайдан үй алатын қазақтардың көптігін айтты

Бірнеше жыл бойы Дубайда тұратын атыраулық Ұлболсын шетелде тұрудың артықшылықтары туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол араб елінің мәдениетімен таныстырған. Бұл туралы Замана басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Шетелде тұратын атыраулық қыз Дубайдан үй алатын қазақтардың көптігін айтты
Шетелде тұратын атыраулық қыз Дубайдан үй алатын қазақтардың көптігін айтты: UGC

Ұлболсын мектепті бітірген соң жергілікті университетте екі мамандық бойында жоғары білім алған. Алғашқысы – қаржыгер-экономист, екіншісі – заңгерлік. Дубайға қоныс аударғанға дейін шетелдік бір компанияда логистика саласында жұмыс істеген. Сол кезден бастап жұмыс бабымен өзге елдерге жиі шыққан ол кейін Дубайда жұмысқа шақырылған. Содан соң ата-анасының батасын алып, Дубайға көшіп келген, міне, содан бері бес жылдың жүзі болыпты.

«Әр жердің, елдің өзіндік ерекшелігі, ережесі бар. Өзім Дубайға әбден үйреніп кеттім. Жалпы, Дубай – қымбат қала. Онда жақсы өмір сүру үшін жалақың жақсы болуы керек немесе мықты кәсіппен айналысқаның дұрыс», - деген Ұлболсын қазіргі таңда жекеменшік бір компанияда жылжымайтын мүлік жөніндегі кеңесші-клиенттермен жұмыс істейтін менеджер болып жұмыс жасайды.

Ұлболсынның айтуынша, жалпы, біздің елден саяхаттауға келетін адамдар өте көп. Олардың арасында елге белгілі эстрада жұлдыздары да бар.

«Солар келгенде қарсы алып, қонақжайлығымды көрсетемін. Жерлестеріме осылай пайдамның тигеніне өзім шын қуанамын», - дейді Ұлболсын өз сөзінде.

Шетелде демалып қана қоймай, сонымен қатар инвестицияға үй алып жатқан қазақстандықтар да өте көп екен.

«Осында келіп өмір сүріп жатқан кәсіпкер қазақтарды да жақсы танимын. Олардың арасында елімізге танымал кісілер аз емес. Бірақ қызмет этикасына сәйкес, олардың аты-жөндерін жария етуімізге болмайды», - дейді ол.

Айта кетерлігі, араб мемлекетіндегі жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайы өте жақсы.

«Негізі бұл елдің байырғы тұрғындары халық санының 10-13 пайызын ғана құрайды. Сондықтан, өз халқына мемлекет тарапынан жеңілдік өте көп. Мысалы, олар ақысыз білім алады. Сабағын жақсы оқыған, білімін дәлелдей алған оқушыға әлемнің кез келген университетінде тегін білім алуға жағдай болады.
Кез келген адамға тегін медициналық көмек көрсетіледі. Жиырма жастан асқан ер-азаматқа міндетті түрде тегін жер беріледі. Сосын үй салуға белгілі бір мөлшерде ақша бөлінеді».

Ұлболсын өзі сияқты шетелде жұмыс істегісі келетіндерге ұсынар ақыл-кеңесімен де бөлісті.

«Бұл жерде жұмыс істегісі келетіндер өте көп. Соған сәйкес жұмыс берушілердің талабы да тым жоғары. Егер сіз Дубайда қызмет еткіңіз келсе, онда міндетті түрде ағылшын тілін білуіңіз керек. Араб, қытай, үнді тілдерін білсеңіз, онда жұмысқа тұру мүмкіндігіңіз арта түспек. Ең алдымен түйіндемеңізді жақсылап жазыңыз. Оған қоса ағылшын тілінде өзіңіз туралы хат жазып өткізесіз», - деп сөзін аяқтаған Ұлболсын болашақта Қазақстанға оралу ойында бар екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1714800-setelde-tratyn-atyraulyk-kyz-dubajdan-j-alatyn-kazaktardy-kptigin-ajtty.html