RU

Павлодарлық студент желіде тікелей эфирге шыққан қыз үшін көз жұмды

Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық сотында студент жігітті өлтірді деген күдікпен ұсталған 21 жастағы азаматқа қатысты сот ісі басталды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасаған NUR.KZ.

Көрнекі фото желіден алынды
Көрнекі фото желіден алынды: UGC

Тергеу мәліметіне сүйенсек, Омск мемлекеттік университетінің екінші курс студенті Тимур өткен жылдың қазан айында туған жері Павлодарға үш күнге келген. Өкінішке орай, Ресейдегі оқуына қайтуды жоспарлап отырған студент 29 қазанда қайғылы қазаға ұшырайды. Оқуға кетерден бір күн бұрын көңіл көтермек болған Тимур достары және олардың таныс қыздарымен бірге түнгі клубқа барады.

Таңғы төрттер шамасында үйлеріне кетпек болған қыздарды Тимурдың досы танысына қоңырау шалып, үйлеріне жеткізіп салуын өтінеді. Көлікке отырған қыздардың бірі Instagram-да тікелей эфирге шығады.

Өз үйінде ішімдік ішіп отырған әлгі қыздың Мадияр есімді павлодарлық танысы осы сәтті байқап қалады да, түн ортасында қыдырып жүрген қызға ашуланады. Осы кезде сөзге көлік жүргізушісі араласады. Оның қыздан кім қоңырау шалып жатқанын және неліктен басқаның ісіне араласып жатқанын сұрағаны Мадиярдың шамына тиген. Осыдан кейін қыз бен жүргізуші арасында жанжал туындап, ол құрбыларымен бірге жарты жолда көліктен түсіп қалады.

Мадияр таныс қызынан жігіттердің нөмірін алып, қыздарды үйлеріне жеткізіп салмағаны үшін жүргізушіні балағаттайды. Мәселені шешу үшін үйіне шақырады да, өзі үйінен бәкі ала шығады.

Көлік иесі бұл туралы жігіттерге хабарлап, бәрі жиналып Мадиярдың ауласына келеді. Өзара ерегіс басталып, соңында студентке бірнеше пышақ жарақатын салады.

Зардап шегушіні аурухана жеткізгенімен, дәрігерлер студенттің өмірін сақтап қала алмайды.

Прокурордың айтуынша, «Кісі өлтіру» бабы бойынша айыпталып отырған Мадияр 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал қаза болған студенттің әкесі күдіктіден бір жарым миллион теңге материалдық және бес миллион теңге моральдық шығын өндіріп алуды көздейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1715074-pavlodarlyk-student-zelide-tikelej-efirge-sykkan-kyz-sin-kz-zmdy.html