RU

Ұлы ақынның өлеңдерінің неміс тіліндегі жинағының тұсаукесері болды

Астанада Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасында неміс тіліндегі Абайдың өлеңдері мен "қара сөздері" топтастырылған жинағының тұсаукесері болды.

Кітапты белгілі қазақ жазушысы, "Аманат" журналының бас редакторы "Абай" халықаралық клубының президенті, Бүкіләлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі Роллан Сейсенбаев таныстырды.Жазушы оқырмандармен кездесуінде Абайдың шығармаларын неміс тіліне аудару үлкен қажырлы еңбекпен келгендігін, оны басып шығаруға 15 жылдан астам уақыт жұмсалғандығын тілге тиек етті.

"Бұнда Лео Кошут деген атақты немістің ақыны, аудармашысы, Абайдың өлеңдерін тәржімалады. Бұл жақсы аударма. Абайдың тағы бір сапалы аудармасы ағылшын тілінде жасалды. Қазір біз үш жылдан бері Жапониямен жұмыс істейміз. Бірақ Абайды олардың тіліне аудару қиындық туғызуда. Жарты әлем испан тілінде сөйлейтіндіктен, екі жыл болды осы тілге де тәржімалауды қолға алып жатырмыз",-деп атап көрсетті ол. Оның айтуынша, Қазақстандағы Германия жылы аясында басылған жинақтың таралымы әзірше 1000 дана. Кеш барысында "Адасқан айқай", "Қашу" сияқты пьесалар мен романдардың авторы жиналған қауымға 10 жыл қатарынан шығып келе жатқан "Аманат" әдеби журналының жұмысына да тоқталды. Журнал 1999 жылдан Семейде шығарыла бастады, сол қалада Р.Сейсенбаевтың қатысуымен Абайдың халықаралық клубы ашылған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/171524-yly-akynnyn-olenderinin-nemis-tilindegi-zhinagynyn-tysaukeseri-boldy.html