RU

Белгілі ақын Төреғалиға қастандық жасалып жатқанын кесіп айтты

Тілші қызбен ұрысып, тойына келген журналистерді кіргізбей қойған Төреғали Төреәлі жеке концертінде қарияға дүрсе қоя беріп, тыңдармандарын ренжітіп алды. Бұл дау енді басыла бергенде ән ұрлап, Алтынбек Қоразбаевтың да көңілін қалдырды. Ал Қайнар Алагөзов болса «Бұл оқиғаның бәрі Төреғалиға қарсы жасалған жұмыс» деген пікірде деп хабарлайды NUR.KZ.

Қайнар Алагөзов. Фото: Instagram
Қайнар Алагөзов. Фото: Instagram: UGC

Ақын бұл ойын өзінің Instagram парақшасында жариялады.

«Қазақ не деген бақытты халық? Төреғалидан басқа проблемасы жоқ. "Жау жағадан алғанда, бөрі етектен" дегендей, соңғы кезде Төрешімді аяп кеттім. Бүйтіп елдің еркесі болмай-ақ қойғаным... Оның басынан дәл қазір нендей жағдай өтіп жатқанымен шаруасы жоқ, сенген бауырдың бәрі шетінен жамандаудың, даттаудың, біреудің күнәсін жабыла әшкерелеудің мәстірлері екен. Басындағы мұңын естісе жүректері езілер. Қалдыбек ағаның не айтып жүргенін білмедім, Алтынбек ағаның кешіне келе алмағанының себебі бар», - деді Алагөзов.

Сондай-ақ ақын Төреғалидың екі-үш жылдан бері жолы болмай жүргені – әншінің біреудің көзіне түскенінен деп топшылады.

Қайнар Алагөзов. Фото: Интернет
Қайнар Алагөзов. Фото: Интернет: UGC
«Соңғы 2-3 жылдың ішінде қазақ сахнасынан ойып орын алған ақын-әнші Төреғали бауырым, біреулердің орынын тартып алғандай немесе жарқырағаны соншалық әлдекімдердің көзіне түсті ме екен? Әйтеуір, алдынан тосқауыл шыға берді. Біресе, теледидардан қиды, біресе радио шектеу қойды. Енді бірі келіп кәнсертінің быт-шытын шығарды. Мұның бәрі жүйелі түрде жасалынып жатқан жұмыс екеніне менің көзім жетті.
Бірақ, бұл әрекеттерден түк шықпайды. "Күннің көзін алақанмен жаба алмайсың, тауды кетпенмен аласарта алмайсың" демей ме, талғампаз тыңдарман Төрешті тыңдағысы келеді, тыңдайды. Оған ешкім бөгет бола алмайды. Тем более, мына заманда. "Әр қазақ менің жалғызым" дейтін болсақ, ертеде шалдарымыз "өлтірейін десем жалғызсың" деп, ердің де құнын кешкен. Оның қасында, шыбық сындырғандай қателігі үшін кешірмейтіндей Төреғали орыстың баласы ма? Ұрпағы мырқым болғанмен, Бабам мықты ғой, "Күлме досқа, келер басқа" деген, қояйық енді. Бастарыңа бермесін», - деп сөзін аяқтады Алагөзов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1716013-belgili-akyn-tregaliga-kastandyk-zasalyp-zatkanyn-kesip-ajtty.html