RU

Қарағандыда "дін өкілі" балаларды алдап, пәтер тонаған

Қарағандыда балаларды алдап, пәтер тонаған алаяқ әйел құрыққа түсті. Ол алдымен су сұрап үйге кірген соң, арам пиғылын іске асырған деп хабарлайды NUR.KZ.

Көрнекі фото желіден алынды
Көрнекі фото желіден алынды: UGC

Кішкентай балаларды алдап, құрығына түсірген әккі қылмыскер балғындардан үйде ересектердің бар-жоғын сұрап алып, артынан «шөлдеп тұрмын, су берші» деген желеумен баламен қоса пәтерге кіріп, бөлмені тінтіп, тапқан алтын мен ақшаны алып тайып тұрған.

Баламен бірге су ішу үшін пәтерге кіріп, балақай ас бөлмесінде су әкелуге кеткенде бейтаныс әйел дереу басқа бөлмелерді тінтіп шыққан. Тіпті балалардан қаймықпай, алтын мен ақшаның қайда тұратынын да алдын ала сұрап алған.

Іздегеніне қол жеткізбей қоймайтын кәнігі ұрлықшы өзінің алғашқы жоспарын Шахтинск қаласында жүзеге асырған. Есік алдында ойнап жүрген жеті жасар қыз баладан әке-шешесінің қайда екенін сұрап алып, одан кейін, пәтерге бірге барып, бағалы бұйымдарды үптеп кеткен.

Ал қыз бала болса, болған жайтты ата-анасына баяндап берген. Тәртіп сақшылары қаланы тінтіп шықса да, күдіктіні ұстай алмады. Ал бұл уақытта суыққол ұрлықшы тағы бір құрбанын өз құрығына іліктірген еді.

10 жасар қызға құдай туралы айтып, әрі сендердің отбасыларыңа көз тиген, дуа бар, соны аламын деген сылтаумен пәтерге кіріп, өзімен бірге 600 мың теңгенің затын қолды қылған.

Бала қорыққанын болған жайда үй-ішіне бірден айтпаған. Тек баланың анасы бір аптадан соң ғана бағалы бұйымдарының жоғалғанына көз жеткізіп, полицияға хабар берген.

Бұл уақытта ұрлықшы әйел басқа қалаға бет түзеген. Жұмыс істеп, жан ауыртқанша, оңай олжаны табыс көзіне айналдырған ол енді өзін дін өкілі ретінде таныстырып, дәл осындай сылтаумен пәтерлерді тонауды жалғастырған.

Соңғы тонауында 15 мың теңге мен бірнеше алтынды қалтаға басқан. Үйлеріңде дуа бар деген сылтаумен екі айдың ішінде алаяқ әйел 9 пәтерді тонап үлгерген. Дәніккен әйелді тәртіп сақшылары ақыры Абай қаласында ұстады.

Айта кету керек, Зинаида Орлова бұған дейін дәл осындай «Ұрлық» фактісімен 6 рет істі болған. 42 жастағы әйел балалардың сенгіштігін пайдаланған. Соңғы тұтқындалғанға дейін алты жыл жазасын өтеп шыққан.

Оның бостандықта жүріп, екі ай ішінде тонаған пәтерлеріне келтірген шығын мөлшері 2 миллионды құрады.

Сотта Зинаида Орлова барлық эпизод бойынша өз кінәсін толығымен мойындап, өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады. Алайда ұрлықшы әйелді бұл жолы сот жеті жылға бас бостандығынан айырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1716162-karagandyda-din-kili-balalardy-aldap-pter-tonagan.html