RU

Мұсабаев Президентке KazSat-2 спутнигінің дайын екенін айтты

Талғат Мұсабаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ғарыш саласында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы әңгімелеп берді.

Еліміздің Индустрияландыру картасының жақында өткен таныстырылымында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ғарыш саласында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы әңгімелеп берді.

Т.Мұсабаев Қазғарыштың бүгінде Ресей және Франция кәсіпорындарымен бірлесіп төрт ірі инвестициялық жобаны қолға алып отырғанын атап көрсетті. Астана қаласында ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақтан өткізу кезеңін құру жобасы мен Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін құру жобасы Қазақстан мен Францияның стратегиялық серіктестігінің аясында француздың EADS Astrium компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген Қазғарыштың үшінші инвестициялық жобасы - "KazSat-2" және "KazSat-3" спутниктік жүйелерін құру.

Төртінші жоба - "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін құру болып табылады

Агенттік төрағасы ел Президентіне "KazSat-2" спутнигінің толық дайын екенін, қазір сынақтан өткізіліп жатқанын баян етті. "KazSat-2" спутнигін ғарышқа 2011 жылдың І жартысында ұшыру жоспарланып отыр. ал "KazSat-3" спутнигіне келер болсақ, оны жасауға АҚШ, Франция, Ресей, Қытай және Жапония компанияларының қатысуымен халықаралық конкурс өткізіліп отыр. Жеткізуші тарап жаңа жылдың қаңтар айында анықталмақ. Төртінші жоба - "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін құру болып табылады. Жоба 2015 жылы аяқталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/171733-mysabaev-prezidentke-kazsat-2-sputniginin-dajyn-ekenin-ajtty.html