Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кішкентай қызды өлтірді деп айыпталған азамат көз жасын тыя алмады (фото)

Опубликовано:

54 жастағы қызылордалық Құрманбаев Амангелді бұдан 17 жыл бұрын бірінші сынып оқушысын көлігімен қағып кетті деп айыпталып, сотталған болатын. Алайда өзін бұл қылмысқа қатысым жоқ деп жар салған азамат кішкентай қызды өлтірген нағыз қылмыскерлер бостандықта жүргенін айтады. Ашынған ол қылмысты мойындатқан полицейлердің өзін қалай қинағанын айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Жылдар бойы біреудің қылмысын мойнымен көтерген қызылордалық көз жасын тыя алмады (фото)
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов: UGC

Бұдан 17 жыл бұрын Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Дүр Оңғар қыстағында бүкіл ауылды дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Шағын қыстақта сабаққа кеткен бірінші сынып оқушысы үйіне қайтпаған күйі жоғалып кеткен. Аяғынан тік тұрып, жеті жасар қызды сабыла іздеуге кіріскен тұрғындар оны ауыл ішіндегі шұңқырдан өлі күйінде тауып алған. Нәтижесінде, қыздың өліміне ауылға Алматыдан көшіп келгеніне алты ай ғана болған Амангелді Құрмановтың қатысы бар болуы мүмкін деген күдікпен ұсталып, кейіннен оны сот кінәлі деп тауып, абайсызда кісі өлтірген дейіп айыппен сотталған. Алайда Амангелдінің өзі қанша жыл өтсе де, бұл әділетсіздікке көндіге алмайтынын айтып, өз наразылығын білдірді.

2000 жылы мен Алматыдан туған жерім Қармақшы ауданына көшіп бардым. 4 қараша күні мен ағам тұратын колхозға бардым. Соған барып машинасын жөндеттік. Менің тұратын жерім Қармақшы ауданы Дүроңғар дейтін ауыл. Мен ағамның көлігін алып, оның бір жерін жөндеу керек болған соң, оны дәнекерлеушіге апарып, жөндеттім. Сөйтіп, аудан орталығына қайту керек болып, мен үш балам мен әйелімді салып, сосын тағы бір ауыл тұрғынын алып, ауданға қарай бет алдым. Сол түні мені ұйықтап жатқан жерімнен мені ұстап әкетті. "Бүгін Энгельсте (қазіргі Дүр Оңғар ауылы) көлікпен жүрдің бе?" деді. "Иә" дедім. Міне, содан менің басыма бәле жабысты. Ал мен ештеңе түсінер емеспін. Барған бойда мені ұру басталды. Мен ештеңе білмеймін, құдай ақы. Сөйтіп түнде мені Дүр Оңғар ауылына алып барды да, бір шұңқырды көрсетті де, "осыны есіңе сақтап ал, осы саған кейін керек болады" деді. Үш күн ұстады да, мені сотқа алып барып, алдында бір көрші келіншекпен ұрсысып қалып едім, соған арыз жаздырып, мені он бес күнге тағы қаматты", - дейді ол.

Оның айтуынша, сол күні бүкіл ауыл болып оны кішкентай қызды қағып өлтіргені үшін айыптап жатқанын естиді.

Шалқамнан түсе жаздадым. Қатты таңғалдым. Біраздан соң мені ағаммен кездестірді. Ол маған ауылдағы жағдайды айтып берді. Сөйтсем "ауылда бірінші сынып оқитын бала қайтыс болды, ауылдың бәрі соның өлімін сенен көріп отыр" деді маған. Сөйтіп, түк түсінбеген күйі мен қалдым. Тергеушілер маған противогаз кигізді... Енді істемегені қалмады. Сізге өтірік, маған шын, іш киіммен цементте бес күн бойы отырғызып қойды. Қолым артымда кісендеулі. Милициялар бөлмесінің артында қуыс бар, сол қуысқа кіргізіп бір аяқпен тұрғызып қойды. Аквариумде тұрамын. Ешнәрсе түсіндірмейді. Бірақ мен ешқандай қылмыскер емеспін дедім. Одан да мені апарыңдар да, пойызға бастырып жіберіңдер дедім. Кішкентай баланың, періштенің қанын маған жүктегенше, өлтіргендерің артық дедім. Сөйтіп едім, ауылдан жауап алып жатырмыз, сен істемесең де, осыны сен істеген қыламыз" деді полиция басшысы", - дейді Амангелді.
Жылдар бойы біреудің қылмысын мойнымен көтерген қызылордалық көз жасын тыя алмады (фото)
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов: UGC

Амангелді Құрманбаевтың айтуынша, полицейлердің қорлығына шыдай алмағандықтан олардың бар айтқанына көніп, істемеген қылмысты өз мойнына алғанын айтады. Күйеуінің жазықсыз сотталып кеткенін білген әйелі де жүгіріп жүріп Қызылордадан адвокат тапқан. Өзіне қатысы жоқ кісі өлімі үшін ақыры сотталып тындым деген Амангелді бүгінге әділдікке жете алмағанын жеткізді.

"Маған 4 жыл екі ай берді. Бірақ Тәуелсіздікке 10 жыл толуына орай амнистияға ілігіп, босап шықтым. Мені қынжылтатыны - бұл қылмысты жасап, баланы қағып кетіп, оны ауылдың шетіндегі шұңқырға апарып тастаған адам әлі бостандықта жүр. Бұл істің күмәнді тұстары өте көп. Сол кішкентай қыз жоғалып кеткен күні менің сол ауылда көлікпен жүргенім рас. Бірақ мен ол қызды қаққан жоқпын. Шамамен 400-дей ғана адам тұратын ауылда ол қызды кім өлтіруі мүмкін?! Бұл тұста, демек, менің құқығым өмірімнің соңына дейін тапталып тұр. Бүгінде менің құда-құдағиым бар. Балаларым бар. Қаншы жыл өтсе де, мені кішкентай баланы өлтірген қылмыскер деп санайтын ауылдастарымның алдында ақталғым келеді. Сараптама кезінде де, тергеу кезінде де көптеген жайттар назарға алынбаған. Мен сол жол-көлік оқиғасы болған кезде аудан орталығында Тұрсынбек деген кісінің үйінде қонақта болғам. Ондағы адамдардың барлығы растайды. Бірақ бұл ескерілмеді. Сонымен қатар қайтыс болған қыздың киімінен алынған қан үлгісі 3-топтағы адам қанының үлгісі, ал менің қаным 4-топқа жатады. Негізінде қыздың денесін ауыл шетінен А.Ж. есімді кісі тауып алған. Мен кейін ауыл азаматтарынан ұзынқұлақтан түрлі сыбыс естідім. Яғни, қылмысты жасағандар әдейі мен істегендей етіп, ауыл тұрғындарын сендірген болуы керек. Қылмыстық істе мұның барлығы бар. Бірақ тергеу кезінде одан жауап алынбаған. Мен өмірімнің соңына дейін қылмысты жасамағанымды қайталап өтемін. Мен заң алдында да, қайтыс болған қыздың туыстарының алдында да, өзімнің кінәсіз екенімді дәлілдегім келеді. Себебі, менің ойымша, бұл - ұйымдасқан қылмыс. Әйтпесе, ол қызды кім өлтіреді және оны көлік қағып кетсе, неліктен оның денесі ауыл сыртындағы шұңқырдан табылады? Мұның барлығы жұмбақ күйінде қалып отыр. Полиция да неге маған мойындатқысы келіп, соншама қинады? Менің құқығымды таптап, ел алдында қарабет болғаным үшін ақталып шыққым келеді. 80 жыл өмірім болса, мен өз өмірімнің қанша жылы ар азабын тартумен өткенін қаламаймын", - дейді Амангелді.

Амангелдінің айтуынша, ол бұл істі аяғына жеткізу үшін барымды саламын дейді.

"Жазықсыз адамдардың біреудің қылмысы үшін тауы шағылып, мен сияқты қиналғанын қаламаймын. Кейде неге менің тағдырым осылай болды деп, өлгім де келеді. Жазықсыздан кінәлі болып, жер басып жүргенше, қара жердің астында жатқаным артық емес пе", - дейді ол.

Алайда қайтыс болған қыздың анасы болған жайтты есіне де алғысы келмейтінін айтады. Айтуынша, болған іс болды, өлген бала қайта тірілмейді, дейді ол.

"Болатын жайт болды. Мен оның мұны неге қайта көтеріп отырғанын түсінбеймін. Қызым тірі болса, қазір 22 жасқа келетін еді. 11 баланың анасымын. Қалған балаларым аман болса, болды", - дейді ол.

Аталған іс бойынша редакция Қызылорда облыстық прокуратурасына хат жолдаған еді. Алайда екі апта бойы хатқа жауап бермеген құзырлы орган сол күйі үнсіз қалды.

Ескерту! Порталда жарияланған материалдар ҚР құқықтық заңнамасына сай қорғалған. Мақаланы көшіру, тарату және де өзге мақсаттарда пайдалануға қатаң түрде тыйым салынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1718263-kiskentaj-kyzdy-ltirdi-dep-ajyptalgan-azamat-kz-zasyn-tya-almady-foto/

pixel