RU

Күйеуі тоқал алып кеткен бәйбіше өзінің өмірі мен мүшкіл халі туралы айтты

Бала көтере алмай қиналған әйел өзінің басынан өткен жағдаймен бөлісті. Күйеуіне екінші әйелді өзі алып берген Айгүл қалай жалғыз қалғанын баяндап берді деп хабарлайды kaktus.media басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Күйеуі тоқал алып кеткен бәйбішенің мүшкіл халі елді жылатты
Фото: Kaktus media: UGC

Айгүл есімді келіншек (аты-жөні өзгертілген) жастайынан білім алып, ғылыммен айналысуды армандаған. Алайда оны университет бітіре сала бейтаныс жігіт алып қашып кеткен. Айгүл болған жағдайға көндігіп, ендігі өмірін отбасына арнамақ болған. Алайда арада қанша жыл өтсе де, ол бала көтере алмай, қиналады. Әлбетте, мұның барлығы оның отбасылық өміріне де кері әсерін тигізіп, қайынжұрты оны түртпектей берген.

"Бастапқыда күйеуім екінші әйел алуды қаламады. Мүлдем ол туралы айтпа дейтін. Алайда уақыт өте берді, ал мен болсам, бала көтермедім", - деген әйел оған екінші әйелді өзі алып беру туралы шешім қабылдаған.

Бұған дейін ол күйеуімен бірге Ресейге барып жұмыс істеген. Бірнеше жерде еңбек етіп, тапқан таянғанының барлығын күйеуіне беріп отырыпты. Ал күйеуі болса Қырғызстанға келіп, үй салуға кіріскен.

Оның айтуынша, күйеуі Ош қаласынан жақсы үй сатып алған. Алайда бүкіл жылжымайтын мүлікті анасының атына жазған.

"Бірнеше жыл бойы күні-түні жұмыс істеп, тапқан ақшама үй сатып алдым. Бірақ ең соңында ешнәрсем болмай шықты. Өзім кінәлімін", - дейді Айгүл.

Қаншама ем қабылдап, үмітін үзген әйел күйеуінің әке болғанын қалап, екінші әйел алып берген.

"Әрине, өте өкінішті. Бірақ оған үйлен деген өзіммін. Бәрін түсінемін, бірақ ренішім басылар емес", - деп өз сезімімен бөлісті ол.

Екінші әйелі күйеуіне ұл туып берген. Ал күйеуі болса, бәйбішесін тастап, Ресейге жаңа отбасымен бірге көшіп кеткен.

Күйеуі өзінің заңды әйеліне анда-санда келіп тұрған. Осылайша, бір күні Айгүл құдайдың құдіретімен өзінің жүкті екенін білген.

Қазір оның бір қызы бар. Алайда күйеуі анда-санда келіп тұрғаны болмаса, тоқалымен бірге Ресейде тұрып жатыр. Өзегін өртеген өкініштің азабын тартып жүрсе де, Айгүл барлығына көндіккен. Алайда жүрегінің түбінде ол күйеуіне деген реніші бар екенін де жасырмайды.

"Мен оны түсінемін. Алайда бәрібір де кешіре алмай жатырмын. Өте қиын", - дейді әйел.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1719009-kjeui-tokal-alyp-ketken-bjbise-zini-miri-men-mskil-hali-turaly-ajtty.html