Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қалаулымға" қатысқан екі азамат отбасын құрып, бақытты күн кешуде

Опубликовано:

Атышулы "Қалаулым" бағдарламасы соңғы уақытта билік өкілдері тарапынан да сынға ілініп, оның жабылатыны туралы мәліметтер тараған еді. Осыған орай, жоба продюсері Шах-Керім Кәрменов бағдарлама туралы барлық шындықты айтып, NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат берді.

Фото желіден алынды
Фото желіден алынды: UGC

- Шах-Керім мырза, жақында танымал ақын Айнұр Тұрсынбаева "Қалаулым" бағдарламасының жабылатынын айтып, елден сүйнші сұраған еді. Осы мәлеметтің мән-жайын жоба продюсері ретінде өзқіңіз айтып берсеңіз..

- Бізде жабылу жайлы жоспар жоқ. Жақында ғаламтордан «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесі үкімінің жобасын көрдім. Мен өзім бұл жаңалыққа таңғалдым. Себебі, қоғамдық кеңестің жұмысын түсінемін әрине, ол өте өзекті мәселелерді шешуге арналған ғой. Менің түсінбегенім - бұл кеңесте "Қалаулым" бағдарламасы неге талқыланып жүр?

Ондағы жазбада аталмыш жобаны - "ұлттық мәдениетімізге нұқсан келтіретін, көрші елдің ескірген телебағдарламаларының сапасыз көшірмесі" деп шығарыпты. Бұдан туындайтын сұрақ көп. Қай жерде ұлттық дәстүрге нұқсан келіп жатыр? Екіншіден, шетелдік бағдарламаның сапасыз көшірмесі делінген... Жалпы, бағдарлама сапалы ма, сапасыз ба, оның үкімін кім шағарады? Оны нақты бағалайтын, зерттеу жүргізіп, анықтама шығарып беретін бірде-бір орган жоқ бізде.

Үшіншіден, қоғамдық кеңестің ұсынысымен шетелдік бағдарламаның осы көшірмесі, яғни "Қалаулым" жобасы жабылатын болса, онда Қазақстан телекеңістігінде мүлдем шетелде қолданылмаған дүниелерді жасау туралы үкім шығарайық. Неге "Түнгі студия" жабылмайды? Неге "Қазақстан дауысы" болды? "Миллион кімге бүйырады" жобасы ше? Бүгінде барлық телеарнадағы кез-келген бағдарламаны алып қарасақ, оның шетелдік нұсқасы бар.

Қоғамдық кеңес біздің бағдарламаны талқылап жатқанда неге бізден ең болмаса бір өкіл шақырылып қатыспады? 25 сәуірге дейін жабылу туралы жоспар жоқ. Біз қолымыздан келгенше оны жалғастырамыз.

Ал бағдарламаның сапасына келетін болсақ.. Әлемдік тәжірибеде оны рейтинг көрсеткішімен анықтайды. Бұл жерде күндізгі сағат 12 мен 3 аралығында қазақ телевизиясы тарихында бұрын соңды болмаған рейтингтік көрсеткішті "Қалаулым" жобасы беріп жатыр. Бұл тіпті, кейбір арналардың рейтинг көрсеткіштерінен асып түседі. Сондықтан бағдарламаның қаншалықты сапалы екенін көрермен шешеді.

- Көпшілік арасында "Қалаулым" бағдарламаының қатысушыларына әр шығарылым үшін 5-7 мың теңге төлейді деген әңгіме бар. Осы қаншалықты рас?

- Бұл жалған ақпарат. Себебі қатысушылар бұл жерге жар таңдау үшін келеді. Қатысушылардың қалай табыс табатынын айтайын. Олардың арасында "Қалаулым" арқылы танымал болып, әлеуметтік желіде оқырмандарының саны 300 мыңнан асқан адамдар бар. Олар сол әлеуметтік желідегі парақшасында жарнама беру арқылы табыс табады. Нарықтық қоғамда кейбір компаниядар осылай өз жарнамасын жүргізіп отыр. Алайда бізден олар ешқандай жалақы алмайды.

- Шоудағы қосылып жатқан жастардың қарым-қатынасы шын өмірде қалай?

- Бір ғана мысал айтайын, Бекболат Қарабалаев деген азамат біздің бағдарлама арқылы өмірлік серігі Эльмира ханымды тауып үйленді. Сол кісінің шаңырағына кез-келген уақытта барып, шынайы өмірлеріне көз жеткізе аласыз. Тағы да бір Сейсенбек деген ағамыз отбасын құрып, қазір Таразда тұрып жатыр.

- Бағдарлама барысында кейде қатысушылар бір-біріне балағат сөз айтып, айқай-шуға ұласып кететін жайттар орын алады. Осындай кезде сіздер жобаны қалай басқарасыздар? Қанша дегенмен мұны халық көріп отыр. Телеарна - бұл үлкен тәрбие құралы емес пе?!

- Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, журналистика - бұл қоғамның құлағы, тілі және айнасы. Демек, "айнасы" дегеніміз - қоғам қандай, тура сол қалпында оның қандай екенін өзіне көрсетесің. Балағат сөз айтуы, ұрыс-керіс туралы айтқандарыңызбен келісемін. Бірақ бұл жерде біз "реалити-шоу" деген атты алғаннан кейін, жаман сөз айтқысы келіп тұрған адамға "Қой, айналайын, олай істеме. Бізде бәрі жақсы болуы керек" деп отырсақ, онда шынайылығымыздың кеткені. Неге қоғамда ол дүние бар да, ал телебағдарламада жоқ?

Бастапқыда өзім де көп ойланатынмын, мынаны эфирге қалай беремін деп.. Бірақ менің журналистік міндетім - қалай бар, солай елге көрсету.

- Бұл жобаның халыққа қандай пайдасы тиіп жатыр?

- Бізде тек үйлену туралы ғана айтылмайды. Мұнда қоғамдағы түрлі мәселелерді де көтереді. Мәселен, баланы қалай тәрбиелеу керек? Ұрған дұрыс па, әлде жұмсақ болу керек пе? Ажырасқан әйелге тоқал болу туралы ұсыныс түссе, қалай қабылдайды? Міне, бұл саұрақтар еліміздегі әрбір адамның басында кездесуі мүмкін жайттар. Үйде оны көріп отырған, тура сол жағдайдағы адам "мен не істер едім?" деп ойланады. Сондықтан ол көпке ой салатын, өзін тәрбмелеуге көмектесетін дүниелер. Егер біздің бағдарлама ұнамаса, онда қоғамды өзгерту керек деген сөз.

- Алдағы жоспарлармен бөлісе кетсеңіз.. "Қалаулым" жұптарының арасында тағы да той болады ма ?

- Қазіргі таңда бестен аса жұбымыз бар. Олардың барлығы осы жаздың ортасына дейін үйленіп кетеміз деп отыр. Ол көктемде де болуы мүмкін. Сондықтан алда көп жақсы жаңалықтар күтіп тұр.

Біз оларға осы студияда той жасап береміз. Демеушілер іздеп, бал айын ұйымдастырып беруіміз мүмкін. Әр жағдайға біз ерекше көңіл бөлеміз. "Үйленсең, мынаны аласың" деген қатып қалған шарт жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1719668-kalaulymga-katyskan-eki-azamat-otbasyn-kryp-bakytty-kn-kesude/

pixel