Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күйеуі үш әйел алған келіншек өзінің тағдыры туралы айтып, көз жасын тоқтата алмады (фото)

Опубликовано:

Петропавл тұрғыны Гүлнәр Куштанова NUR.KZ порталына хабарласып, өзінің басындағы проблемасымен бөлісті. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі Ә. Ш. есімді кәсіпкер балаларын бермей отыр. Үш ұлынан тірідей айырылғанын айтқан ана шарасыз күйге түскенін жеткізді. Ал оның бұрынғы күйеуі болса, Гүлнәр балаларына өзі келмей отыр деп сендірді. Үш жылдан бері жалғасып келе жатқан отбасылық "шайқастың" жай жапсарын NUR.KZ тілшісі анықтап көрді.

СҚО-да үш әйел алған кәсіпкерден балаларын ала алмай отырған әйел жанайқайын жеткізді (фото)
Коллаж: NUR.KZ. Мақала кейіпкерлері ұсынған мұрағат суреттерінен жасалды.: UGC

Гүлнәр Куштанованың айтуынша, ол күйеуімен 2015 жылы заңды түрде ажырасып кеткен. Содан бері келіншек бұрынғы күйеуінің қолында қалған үш баласын ала алмай отырғанын айтады. Оның сөзіне сенсек, өзінің жеке күзет агенттігі бар кәсіпкер күйеуі балаларының анасымен бірге тұруына мүмкіндік бермейді.

"Біз 2003 жылы отбасын құрдық. Ортақ үш баламыз бар. Үлкен ұлым 10 жаста, егіз ұлдарым 7 жаста. 2015 жылы біз күйеуім екеуіміз ажырасып кеттік. Бірақ кәмелетке толмаған балалар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты олардың менімен бірге тұруына шешім шығарса да, әкесі бұл шешімнің орындалуына кедергі келтіріп отыр. Ол түрлі себептер айтып, мені балаларыма жаман атты қылып қойған. Сондықтан балаларым мені көргенде қашады. Төрт рет жеке сот орындаушысын жалдадым. Оның біреуі өз қызметін тиісінше атқармағаны үшін тіпті лицензиясынан да айырылды. Мен оған шағымданып арыз жазып, сотқа бердім. Ал олар ештеңе жасамайды. Іс жүзінде сот шешімін орындағысы келмейді", - деген Гүлнәр сот шешімінің орындалмауына байланысты қылмыстық іс қозғау үшін бірнеше рет ІІБ-на арыз да жазғанын айтады. Алайда іс белгісіз себептермен жабылып қала берді, дейді ол.

"Ол қалталы азамат, оған қоса оның туыстары да СҚО-да белді қызметте отыр", - деп түсіндірді Гүлнәр.

Гүлнәрдың айтуынша, күйеуінің одан жасырған тағы бір отбасы және үш баласы бар екен. Яғни, ол кәсіпкердің бұл құпиясын біліп қойған соң, онымен тұрудан бас тартқан.

Алайда оның бұрынғы күйеуі бұл жайтты жоққа шығарды. Оның айтуынша, оның бір емес, үш әйелі болған және "әйелім бұл жайтты жақсы білген" дейді. Тіпті әйелдерім бір-бірімен араласқан деп отыр.

СҚО-да үш әйел алған кәсіпкердің бұрынғы жары балаларын қайтара алмай, жанайқайын жеткізді
Гулнар Куштанова. Фото: NUR.KZ: UGC
"Ол менің екінші әйелім, яғни тоқалым болған. Мен бірінші әйеліммен заңды түрде ажырасып, Гүлнәрды алғанмын. Алайда ол кісімен әлі де жақсы араласамыз. Үлкен балаларым барлығы бірге тұрды. Оның басқа екі отбасым туралы неге білмеймін деп отырғанын түсінбеймін. Негізінде, әйелім өзі бірінші бізді тастап кетті. Үйге келсем, үш балам үйде жалғыз отыр. Ажырасу туралы арыз берген соң балаларыма аналарының өзі келмейді. Туған күндері болды, 1 қыркүйек болды, барлығына шақырдым - келмеді. Бірге тұрған кезде ол бақытсыз болды деп айта алмаймын. Біз бірге шетелге баратынбыз, ол қымбат-қымбат сыйлықтар алатын. Ал балалар болса, одан көңілі қалған, барғысы келмейді. Ажырасу туралы арызды бірінші болып мен жазғанмын", - дейді ол өз кезегінде.

Журналистпен әңгімелесу барысында ол балалардың мектептегі үлгерімі жақсы екенін, олардың түрлі үйірмелерге қатысып, жарыстардан орын алып келетінін алға тартты.

Бірнеше жылға созылып келе жатқан отбасылық жанжал жылдан жылға өршіп келе жатқандай. Себебі ортақ үш баласы бар бұрынғы ерлі-зайыпты бірінің сөзін бірін жоққа шығарумен болды. Мәселен, Гүлнәр күйеуінің айтып отырған сөздерін жалған дейді. Ол оның өзінен басқа әйелдері барын мүлдем білмегенін алға тартады. Сонымен бірге Гүлнәр үйден кетуге мәжбүр болғанын, күйеуінің оның тағы бір отбасы бар екеніне көндіккенін талап еткенін айтады.

Үш баланың анасы өз перзентін тәрбиелеп, аналық мейірімін беруден күдер үзе бастағанын, барарға жер, басарға тауы қалмағанын айтып, қаймықты.

"Балалар өсіп келеді, уақыт болса өтіп жатыр. Балалармен жеке сөйлестірмейді. Мектепке барамын, бірақ мен басқа қалада тұратындықтан, оларға көп баруға мүмкіндігім бола бермейді. Балаларым қатты қорқып қалған, тіпті менен қашатын жағдайға жетті.

Қазір мен Қарағандыда мектеп мұғалімі болып жұмыс істеймін. Оларды асырап, бағуға толықтай қауқарым жетеді", - дейді ол.

Іс материалдарына сүйенсек, Гүлнардың балалары аналарымен бірге кетуден мүлдем бас тартқан. Олармен жұмыс істеген психолог маманы балалардың аналарына шайтан кіріп кеткенін айтқанын жазған. Яғни, балалар психологы әкесінің балаларына ықпалы барын анықтаған.

"Балаларымды алып, бірге өмір сүрсем деймін. Оларды сағынамын. Сол үшін әділдікке жеткім келеді", - деген ана бұл отбасылық жанжалдан шаршағанын жеткізді.

СҚО ІІД тергеу басқармасы да бұл іске қатысты пікір білдірді. Құзырлы органның берген жауабында Куштанованың шағымы бойынша бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны айтылады.

"СҚО кәмелетке толмаған балалар ісі жөніндегі мамандандырылған соттың шешімімен кәмелетке толмаған 2007 жылы туған, 2010 жылы туған үш бала анасымен бірге тұруы керек деген шешім шығарған. Сот шешімін орындаумен бірқатар сот орындаушылары айналысқан.

Алайда әкесі Ш.А-мен бірге Петропавл қаласында тұрып жатқан балалардың анасымен бірге Қарағанды облысы Теміртау қаласына барудан бірнеше мәрте бас тартуына байланысты сот шешімін орындау мүмкін болмаған. Бұл жайт сот орындаушылар актісінде көрсетілген.

Қазіргі таңда қылмыстық іс Петропавл қаласы ІІБ тергеу бөлімінде қаралуда. Іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қабылданған процессуалды шешім туралы Г.Х. Куштановаға заңмен бекітілген тәртіпте тиісті хабарландыру берілетін болады", - дейді құзырлы орган.

Еске салсақ, Алматы тұрғыны Ақерке Байғазиева да бүгінгі таңда өзінің екі баласын әкесінен ала алмай отырғанын айтып, редакцияға хабарласқан болатын. "Күйеуім тірідей өртеп жіберді" деп жар салған келіншектің екі баласы да бүгінде күйеуінің қолында тәрбиеленуде.

Ескерту! Материал ҚР құқықтық заңнамасымен қорғалған. Мақаланы көшіру, көшіріп басу және таратуға редакцияның рұқсатынсыз тыйым салынады.

Егер сіз тосын жайттың куәгері болсаңыз немесе бізге айтар маңызды жаңалығыңыз болса + 7 747 535 12 98 нөміріне хабарласыңыз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1719690-kjeui-s-jel-algan-kelinsek-zini-tagdyry-turaly-ajtyp-kz-zasyn-toktata-almady-foto/

pixel