RU
Шымкенттік бір топ кәсіпкер директор-депутаттың үстінен шағым айтты
Жаңалықтар Қоғам

Шымкенттік бір топ кәсіпкер директор-депутаттың үстінен шағым айтты

Рассказать Вконтакте

Шымкенттегі зообақтан шу шықты. Мекеменің бұрынғы басшысы аңдарға дұрыс қаралмағандықтан шеттерінен қырылып жатыр деп дабыл қағуда. Ал зообақ ішінде сауда жасап келген кәсіпкерлер басшылық бізден орнымызды босатуды талап етіп, орынды жалға алу құнын өсіріп жіберді дейді. Бір қызығы, зообақтың қазіргі басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев мұндағы аңдардың өлімін табиғи заңдылыққа балап отыр деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ
Source: UGC

"Жұмысшылармен сөйлесіп тұрамын, аңдарға азық-түлік беру, емдеу, дәрігерлік қызметі мәселесі өте төмен болғандықтан аңдар қырылып жатыр. Үш жылдан бері елу бес аң өлген. Аз емес қой, оның он бірі Қызыл кітапқа кірген. Зообақты құрудағы мақсат - құрып бара жатқан аңдарды сақтап, көбейту жолдары болған. Мен есеп айырысуға, қызметке таласып жатқан жоқпын. Зообақтың жағдайына жаным ашығандықтан айтып отырмын",-деді экс директор Сейдулла Жұбаев.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ
Source: UGC

Бұл мәселеге қатысты тілшілер зообаққа арнайы барған уақытта директор орнында болмай шыққан. Ондағы қызметкерлер басшының «Нұр Отан» партиясының жиынына кеткенін жеткізеді.

Сонымен, тілшілер Нұрғазы Бұхарбаевтан Шымкенттегі қымбат мейрамханалардың бірінде отырған жерінен сұхбат алады. Бұхарбаев мырза зообақта өлген аңдар саны одан да көп екенін жасырмайды. 2015 жылы басшылыққа тағайындалған жылдар ішінде зообақта 125 аң өлген екен.

"Олар жануарлар, олар да өледі. Белгілі бір өмір сүру уақыты болады. Сол жастан асып кеткендері, ауру болғандары, оқыс жағдайлар бар. Бұл қалыпты нәрсе", - деген директор аңдардың көзі жойылғанымен, олардың саны өзі қызметке келгелі бері көбейгенін жеткізді.

Ал зообақта балмұздақ, сусын және тағы да басқа заттар сатып нәпақасын тауып жүрген кәсіпкерлер басшылық бізден орнымызды босатуды талап етті деп айыптап отыр.

"Қазіргі директор "әкімшілік дүңгіршек көп, босату керек" деді бізге. Ол кісінің қабылдауында болдым. Маған таққан кінәсі - орныңды тазаламадың, анау жаққа дейін тазала деді. Мен тазаладым ғой, балам-ау, бүкіл зообақты сыпырып шығайын дедім, қалдырмады. Қазір менің дүңгіршегім тұрған орынға жаңа дүңгіршек қойыпты. Мен сол саудамен күнімді көріп отырдым, күйеуім болса мүгедек", - деп ашынды кәсіпкер Гүлістан Жарасбаева.

Тағы бәр кәсіпкер Гүлжан Абдуллаева қазіргі директор басшылыққа келгенде сол кісінің берген үлгісімен 500 мың теңге несие алып, жаңа дүңгіршек салдырғанын, алайда қазір оның қоқыста жатқанын күйініп айтты.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ
Source: UGC

"Үш балам бар, күйеуім қайтыс болған. Дүңгіршекті несиеге алып жасаттым, әлі төлеп отырмын несиені. Қазір жаңа дүңгіршек қойылыпты. Зообақтағылар шақырып отыр, бірақ жалға алу құны 150 мың теңге. Мен оны қайдан төлеймін? Түсініңіздерші, баратын жерім жоқ, жұмысым да жоқ. Кім алады мені жұмысқа? Біздің сөзімізді кім тыңдайды?",-деді кәсіпкер Гүлжан Абдуллаева.

Осылайша, мұңын шаққан кәсіпкерлер жаңа директор басшылыққа келгелі орынды ай сайынғы жалға алу құнын 16 мың теңгеден 50 мыңға көтергенін айтуда. Оған да көніп саудасын жасаған олар ақыры қуылып тыныпты. Ол аз дегендей, зообақ аумағын тазалатты деген шағымдарын да жеткізді.

Талай жерге шағымданған кәсіпкерлер енді Астанаға дейін барамыз деп бекініп отыр. Кәсіпкерлердің шағымына қатысты зообақтың қазіргі басшысы Нұрғазы Бұхарбаев барлығы заң аясында жүріп жатыр деп ақталды.

"Мен басшылыққа келген кезде онда 35 сауда нүктесі болды. Даму жағына кету үшін оларды біріншіден азайттым. Кәдімгідей базар қып жіберген еді. Шығарып жібердім, дүңгіршектері жоқ, "кленка-мленкамен" бір бәле қып тұратын. Тазалық сақтамайтыны бар, жылдан-жылға азайттық. Қазір сегіз-он орын қалды. Меморандумда көрсетілген талапқа сәйкес орынға ақша төлейді. Нақты бағасын білмеймін. 250 мыңға дейін төлейтіндері бар, жердің шаршы метріне қарай ғой. Үш жыл талап қойдым оларға, заманға сай әдемі болсын деп орындары. Біреуі де істемеді", - деген директор өзі келгелі кәсіпкерлерден орынға алынатын ақша құны артқанын жасырмады. Бірақ, нақты құнын айта алмады.

Бұхарбаев мырза кәсіпкерлердің «қара жұмысқа жекті» деп таққан кінәсіне "Тазаласа, отырғаны орны ғой" деп қысқа қайырды. Ал қазіргі таңда кәсіпкерлерден орынды жалға беру үшін 150 мың теңге сұрап отыр дегеннен хабарым жоқ деп құтылды.

"Әрине, қапа болатын адамдар болады. "А почему "елки-палки" істе дейсің, істемейді? Олардың үйі емес қой, дұрыс па?.. Жазса жаза берсін (наразы білдіргендердің шағымы:автор), енді не мен жұмыс істемеуім керек пе? Менде аңдардың саны, өсім жақсы. Өлім азайып жатыр ғой. Бұл көрсеткіш емес пе? деп сөзін түйді директор.

Сіздің реакцияңыз
1
1
1
6
0
0
2
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel