Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сәуле Әбединова: Алла менің ұлымды ерте алып кетті

Опубликовано:

Жақында ғана жалғыз ұлынан айырылған "Ақжүніс" бағдарламасының жүргізушісі Сәуле Әбединова өзінің басынан өткен тағдыры жайында баяндап берді. Баласының түсіне еніп, көңілін жұбатқанын айтқан тележүргізуші алдағы уақытта жыламасқа бел буған деп хабарлайды «Бақытты әйел» бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Тележүргізуші Сәуле Әбединова: Мен жыламасқа бекіндім
Тележүргізуші Сәуле Әбединова: Мен жыламасқа бекіндім: UGC

Жүргізушінің баласы өмірден өткеніне бүгін алпыс күн толды.

«Адамдар жұбатамын деп жылатып алады. Сары уайым жалғыз қалсам тұңғиығына тарта береді екен. Мен еңсемді көтерейін деп ел алдына шықтым. Барлығыңыздың көңіл айтқандарыңызды естіп, көріп отырмын. Алғысым шексіз», - деді Сәуле.

Жыламауға бекінген тележүргізуші көз жасы келсе барынша тежеуге тырысатынын айтты.

«Бәріне уақыт емші. Жараның қаны тамшылап тұрса да, мен әрі қарай өмір сүруім керек. Көздің жасын тыймай, таңды атырған кездерім болды. Жарты жылға жуық уақытта үш жақынымды жоғалтып отырып, мен бақыттымын деп айта алмаймын. Мен ұлымнан айырылдым! Мен әкемнен айырылдым! Мен бауырымнан айырылдым! Бірақ, менің қызым, жиенім бар. Демеу болатын бауырларым бар. Мен неге өзімді бақытсыз сезінуім керек?! Менің баламды Алла ерте алып кетті. Бұл өмірдің қызығын көрмеген күйі алып кетті. Алла баламды "жәннаттық қылу үшін алып кетті" деп , "күні ертең мен де өмірден өтсем, балам мені күтіп алады" деп өзімді жұбатамын", - деді ол.

"Екі-үш күн бұрын балам түсіме енді. Мен жалындым, "балам ең болмаса жағдайыңды айтып, бір хабарын берші" деп жалындым. Қызығы, дәл сол күні балам түсіме енді. "Мама бәрі жақсы, уайымдамаңызшы. Мында шақпайтын жыландар бар екен" деді де теріс қарады. Өзі көңілді. Менің көңіліме осы медет. Осы қуат берді", - деді Сәуле Әбединова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1720213-sule-bedinova-alla-meni-lymdy-erte-alyp-ketti/

pixel