RU
Шымкенттік дінтанушы әділдік іздеп, елбасыдан араша сұрады (фото)
Жаңалықтар Қоғам

Шымкенттік дінтанушы әділдік іздеп, елбасыдан араша сұрады (фото)

Рассказать Вконтакте

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жанынан құрылған «Дін істері мәселелерін зерттеу мекемесінің» бұрынғы директоры, дінтанушы Нұржан Тұрсынбай NUR.KZ порталына сұхбат берді. Бұрынғы шенеунік осыған дейін өзі туралы қалыптасқан халық арасындағы пікірді жоққа шығарып, мекемеде орын алған жайттар мен қоғамда резонанс туғызған мәселелерге қатысты өз шындығын айтты.

Нұржан Тұрсынбай. Фото: NUR.KZ

Нұржан Тұрсынбай. Фото: NUR.KZ

Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын Нұржан Тұрсынбайға ұқсайды делінген видео таралып кеткен болатын. Жыныстық қатынасты бейнелейтін видео халық арасына тез таралып, көпшілік видео кейіпкерін шымкенттік дінтанушыға ұқсатты. Алайда, Нұржан Тұрсынбай аталған оқиғаның барлығын өзіне қарсы ұйымдастырылған қылмысқа теңеп отыр.

«Шыны керек, соңғы кезде мен туралы баспасөз құралдарына түрлі жаңалық шығып жатыр. Алайда, оның қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін көп ешкім ажырата білмейді. Мен 24 жылдан бері дін саласында қызмет етіп келемін. Діни білім маған нағашыларымнан келді, шешемнің арғы аталары хазірет болған деседі. Кішкентайымнан мешіт табалдырығын аттап, құран мен араб тілін үйренген мен үшін дін ең қасиетті ұғымдардың бірі. 1992 жылы егемен Қазақстанда ең алғаш болып Мысырға діни білім алуға аттандым. Аталған оқу орнын екі жылдан соң аяқтадым. Ал 1993 жылы іссапармен келген елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бізге батасын беріп, елге білікті маман ретінде оралуды тапсырған. Әлі күнге дейін елбасының сол сөзі маған бойтұмар іспетті. Бірақ соңғы кездері өмірімде орын алған оқиғаларды ешкімге де тілемеймін. Бірнеше жыл бойы алған білімім мен атқарған еңбегім желіде таралған қауесеттерден соң желге ұшты», - дейді Нұржан Тұрсынбай.

Нұржан Тұрсынбай бүгінге дейін облыс имамы, Ислам университетінің ректоры, бұрынғы бас мүфти Рәтбек қажының орынбасары ретінде қызмет атқарған. Ал 2007 жылы білімін жетілдіру үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне оқуға аттанып, бес жылын шетелде білім алумен өткізеді.

Нұржан Тұрсынбай. Фото: NUR.KZ

Нұржан Тұрсынбай. Фото: NUR.KZ

«2012 жылы алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің жанынан дін мәселелерін реттеуге арналған мекеме ашылды. Сол мекемеде 5 жыл директор қызметін атқардым. Біздің мекеме үлкен көлемді жұмыстар атқарып, діни басқармалар бізді басқа облыстарға үлгі ете бастады. Алайда, мұндағы жұмысымның барлығы маған қарсы ұйымдастырылған жағдайдан соң су сепкендей басылды. Барлығы құдамның жаназасына барған сәттен басталған еді. Сарыағаштағы туған құдам қайтыс болып, жұмыстан рұқсат алдым да, жаназада жүрдім. Бұл туралы орынбасарымды хабарландырып, кейін денсаулық жағдайыма байланысты жұмыстан рұқсат алдым. Бір қызығы, мен жаназада жүргенде басшылық 3 сағат жұмыста болмады деген талаппен мені сыртымнан жұмыстан шығарып жіберіпті. Расында, бұл маған өте ауыр тиді. Сөйтсем, олардың барлығы менен құтылудың амалын ойластырып жүр екен», - дейді дінтанушы.

Нұржан Тұрсынбайдың айтуынша, соңғы кездері дін саласына қомақты қаражат бөліне бастаған. Ақшаға қызыққан басшылық кейін өзін жұмыстан аластатуды қолға алып, өздері қалаған адамды директорлық қызметке отырғызуды жөн санайды.

«Жұмыстан орынсыз шығарып жіберген соң, өз құқығымның тапталғанын сезіндім. Әрине, алғашында өте ауыр болды. Бірақ өзімді қолға алып, құқығымды қорғап, орынсыз қызметімнен қуғаны үшін сотқа арыздандым. Сот ұзақ тыңдалымнан соң мені ақтап шықты да, жұмысыма қайта оралдым. Алайда, қызықтың көкесі алда екен. Мен алты ай бойы қызмет атқармағанымды ескеріп, мекемені қайтадан қабылдап аларда аудиторлық есеп жүргіздім. Өйткені, мекемеде алты айдың ішінде бірнеше қаржылық операциялар жүргізілді. Осы тексеру барысында мекеменің 73 млн теңгені заңсыз жұмсағаны белгілі болды! 73 миллион теңге! Бұл – бюджет қаржысын жымқыру! Осыны білген соң қоластымдағылар маған тағы да қарсы шыға бастады. Өйткені, өздерінің жауап беретіндерін білді», - дейді Нұржан Тұрсынбай.

Дінтанушының айтуынша, жұмысына қайта оралып, білек сыбана кірісе бастаған кезде оны қайтадан қызметтен кетіру операциясы басталған.

Нұржан Тұрсынбай. Фото: NUR.KZ

Нұржан Тұрсынбай. Фото: NUR.KZ

«Бір күні телефоныма Whats App хабарлама арқылы видео келді. Ашып қарасам, қараңғыда еркек пен әйелдің жыныстық қатынасқа түсіп жатқаны байқалады. Содан соң дереу: «Сен тез арада қаладан құрымасаң, мұның бәрін интернетке саламын!» деген бопсалау бағытындағы смс хабарлама келді. Мен дереу 102-ге хабарлап, іс қаралған кезде сотқа тапсырдым. Міне, осыдан соң мені дереу басшылық шақыртып, мен туралы әлдебір бейнежазбалардың әлеуметтік желіге шығып кеткенін сылтауратып, жан алқымымнан алды. Видеодағы адам мен еместігін, экспертизаға жіберу қажеттігін айтсам да, сөзіме құлақ аспай, өз еркіммен жұмыстан кетіруге көндірді. Сенесіз бе, саған түскі екіге таяу арыз жаздым, ал түскі үште менің жұмыстан босатылғаным туралы бұйрық дайын тұрды! Мұның бәрі ұйымдастырылған емей немене? Бұл жерде олар маған психологиялық қысым жасады. Мен қызметкерлерімнің барлығы келіп: «Аға, анау видеодағы адам сіз бе?» деп қайта-қайта сұрай бергенін көтере алмадым. Сол жерде бәрінің қысымымен жұмыстан арыз жазып шықтым да, кейін экспертизамен айналыстым. Бір ай ішінде аталған видеоның маған түк қатысы жоқтығы экспертиза арқылы анықталды», - дейді дінтанушы Нұржан Тұрсынбай.

Нұржан Тұрсынбай 73 млн теңгенің заңсыз жұмсалғанын айтып, әкімге кірмекші болғанын айтады. Дінтанушының мәліметінше, істің насырға шабатынын білген басшылық өзіне осылай бопсалау әдістерін қолданыпты.

«Кейін адвокаттарым менің көп нәрсеге көзімді ашты. Аталған видео бойынша арыз жазып, жұмыстан шығаруға сол видеодағы қыздың немесе менің әйелімнің ғана құқығы бар екен. Олар мені бопсалау арқылы эмоционалдық жағдайымды пайдаланып, жұмыстан шығуға мәжбүрледі. Мұның бәрі алдын-ала ұйымдастырылған нәрсе. Кейін сот кезінде мен мүлде танымайтын, діни басқармада жұмыс істейтін екі қыз басшылықтан мені төсекке сүйреу туралы тапсырма алғанын айтты. Басшылық қыздарға гонорар ретінде 100 мың теңге беріп, менімен төсектес болып, кейін оны видеоға түсіріп алуды бұйырған. Мұның бәрін қыздар сотта айтып берді. Сараптама қорытындысы шыққан соң, мен соттың шешімімен 2018 жылдың қаңтарында қайтадан жұмысқа келдім. Бірақ мені Айгүл Орынбек бастаған блогерлер мен журналистер күтіп алды», - дейді Нұржан Тұрсынбай.

Бұл жолы Нұржан Тұрсынбайдың қызметінен кетуіне басшылықтың қайтадан сотқа аппеляциялық шағым түсіруі себеп болған.

«Жұмысқа қайта кіріскеніме екі апта болмай жатып, мен діни басқарма қызметкерлерінен маған қатысты тағы бір сот болатынын естідім. Маған соттан шақырту қағазы келген жоқ. Сол аралықта сот менің сыртымнан шешім шығарып, қайтадан жұмыстан босатты. Одан бөлек, мекеме ғимаратын жалдауға қатысты дау шықты. Мен бірнеше жыл бойы қоныстанған ғимараттан көшпекші болдым. Қаланың орталығынан әдемі, жарық жер таңдап қойғам. Бұрынғы жалға берушіміз көптеген талаптарды орындамады. Мәселен, бөлек асхана салып бермеді. Сол шағымдарымды айтып, ғимараттан көшпек болғанда ол бізді сыртымыздан құлыптап кете беретін. Мұның арты да үлкен дауға айналып кетті», - дейді Тұрсынбай.

Нұржан Тұрсынбай қызметіне қайта оралған соң, бірнеше рет баспасөз мәслихатын өткізбек болған.

«Бұл жердегі олардың мақсаты біреу. Мені халыққа жеккөрінішті етіп көрсету, блогерлерді шақыру арқылы резонанс тудыру. Ғимаратты жалға алу туралы дау шыққанда да таңғы сағат 8 жарымда Айгүл Орынбек жүрді сол жерде. Түсінбейтінім, мекемедегі проблемалардың бәрін олар қайдан естіп алады? Мен журналистермен кездесіп, өз шындығымды айтайын десем, бәрі мені шығармай, басып тастады. Жиналыстарға қатыстырмады. Бірақ қандай да бір мәселе туындаса, мекеменің алдында менен бұрын блогерлер мен журналистер жүреді», - деген Нұржан Тұрсынбай енді елбасынан араша сұрап отыр.

Дінтанушы желіде таралып кеткен видеоға өзінің мүлде қатысы жоқтығын, оны экспертизадан бөлек әйелінің де растап отырғанын айтты.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
17
3
2
21
4
4
6
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel