RU
Қазақша мақалды жатқа айтатын бангладештік профессор көпшілікті таң қалдырды
Жаңалықтар Қоғам

Қазақша мақалды жатқа айтатын бангладештік профессор көпшілікті таң қалдырды

Рассказать Вконтакте

Қазақша мақал-мәтелді жатқа айтып, «Сабыр түбі – сары алтын» нақылын өмірлік ұстанымына айналдырған бангладештік профессор көпшілікті тәнтті етті деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Қазақша мақалды жатқа айтатын бангладештік профессор көпшілікті таң қалдырды

Қазақша мақалды жатқа айтатын бангладештік профессор көпшілікті таң қалдырды

Назарбаев университетінің профессор ассистенті, механикалық инженерия мектебінің ғалымы Хазрат Әлидің Қазақстанға келгеніне 3 жылдан астам уақыт өткен. Осы уақыт аралығында бангладештік азамат қазақ тілін тәп-тәуір меңгеріп, тіпті, мақал-мәтелді жатқа айтатын болған.

«Бұған дейін Жапонияда дәріс оқыдым. Сосын, бірде Лондонға іссапармен барғанымда, Назарбаев университетіне ұстаздыққа кандидаттар іздеп жатқанын білдім. Осылайша, сол жерде университет мұғалімдерімен сұхбат өткізіп, осы жаққа келген жайым бар. Қазақ халқы мені өте жылы қарсы алды. Достарым да көп»,-деп әңгімесін бастады ұстаз Хазрат Әли.

Ғалым осы уақыт аралығында Алматы, Шымкент, Тараз, Луговой, Қарағанды, Бурабай сынды қалалар мен шипажайларға барып қайтқанын атап өтті. Айтуынша, Луговойға алғаш рет қазақ тойына барған ол, ондағы ерекшеліктерді де байқап үлгерген.

«Әрине, қазақ және бангладештік үйлену тойларының арасында айырмашылықтар бар. Мысалы, сіздер жақта той түн ортасына дейін жалғасады, бізде олай емес, бар-жоғы бірнеше сағатқа ұласады. Сол сияқты бізде тойда ұлттық биге көп көңіл бөлінеді, сондай-ақ, салт-дәстүрдегі ерекшеліктер тағы бар. Тіпті, қалыңдықтың үйлену тойынданы киім үлгісі де әр түрлі, бізде ұзын сари киеді, сіздерде болашақ келін ақ көйлек киеді дегендей. Тағамдарыңыз да әр қилы»,-деп тойдан алған әсерлерімен бөлісті профессор.

Ұстаз сонымен бірге, қазақтың ұлттық тағамдарының да дәмі тіл үйіретін жасырмады. Шетелдік ғалымға әсіресе, ұлттық сусын – шұбат қатты ұнаған.

«Сіздердің дастархандарыңызды бешбармақсыз елестету мүмкін емес. Бізде жылқының етін жемейді, сондықтан жылқы етінен жасалған тағамдардың дәмін татпадым. Ал, қой етінен жасалған бешбармақпен таныспын, өте дәмді, бірақ, кейде қойдың сойылып жатқанын көріп, оған жаным ашитыны да бар. Ұлттық сусын – шұбаттың дәмі өте керемет, ал қымыз әрине ащы. Сол сияқты қазақтың кәуаптары мен бауырсағы да қатты ұнады»,-деп ағынан жарылды жоғарғы оқу орнының тәлімгері.

Шетелдік ғалым, сонымен бірге, Астананың суық қысын жыл мезгіліндегі ең тамаша кезең деді.

«Жапонияда тұрғанымда тек бірінші жылы ғана қар жауған еді. Ол жақта қыс болғанымен, сіздердікі сияқты 4-6 айға созылмайды. Бангладеште қыс жоқ, жыл он екі ай температура +20-ны көрсетіп тұрады. Сондада, Астананың қысы қатал болғанымен, ауасы таза, нағыз қыс, маған ұнайды»,-дейді шетел азаматы.

Хазрат Әли, қазақ тілін қалайша тез әрі жетік меңгеріп алуының сырымен де бөлісті. Профессордың пікірінше, кез келген ұлт, ең алдымен, өз тіліне құрметпен қарауы тиіс екен.

«Мәселен, менің ана тілім – бенгал тілі, ал біздің ел үшін екінші, ресми тіл – ағылшын тілі. Өз тіліңді жетік меңгеріп алған соң, дүниенің қай тілін үйренсеңіз де өз еркіңіз, бірақ алдыңғы орында – ана тілің тұру керек. Сол себепті, қазақ халқының ана тілі - қазақ тілі болғандықтан, мен орыс тілінен бұрын, қазақша үйренуді қолға алдым.
4 айлық курсқа жазылып, оны тіпті, бір семестр бойы жалғастырдым. Қазір қолым қалт еткенде, сол жаққа барып, дәрістеріне қатысып тұрамын. Нәтижесі жаман емес, өте жақсы, бүгінде тәп-тәуір сөйлеп жүрмін. Желіден қазақша видеолар көремін, қазақ тіліндегі кітаптарды оқимын»,-деді Назарбаев университетінің оқытушысы.
Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Профессордың айтуынша, тіл меңгеруге жергілікті тұрғындармен қазақ тілінде араласуы да зор септігін тигізеді екен.

«Базарға барып, тұрғындармен қазақ тілінде тіл қатуға тырысамын. Такси жүргізушілері де менің екінші достарым деп айтса болады. Бірақ, кейде мені тіл білмейді екен деп, қымбат сұрайтындары бар, оларға «мына баға қымбат, арзандат» деп қазақша жауап бере қалсам, шалқаларынан түсе жаздайды. Ал, базардағы сатушылармен саудалассам, тіптен, таң қалып жатады »,-деп күлді оқытушы.

Бірнеше жылдың ішінде, оңтүстік аймақтың біраз қаласын аралап келген профессор, шымкенттіктер мен Тараз жұртының таза қазақша сөйлейтініне де таң қалған. Оқытушы қазақстандықтар олардан үлгі алу керек дейді.

«Шымкенттіктер өте еңбекқор, қонақжай. Негізінен, жалпы қазақ халқы қонақ десе ішкен асын жерге қоятын ұлттың бері десем артық айтпаспын. Тіпті, мен алғаш осында келген сәтте базардан қандай да бір зат сатып алайын дегенімде, достарымның «оны мен әперейін, сіз қонақсыз» дегенін естіп, таңдай қаққанмын.
Қазақ халқының дастарханы ешқашан жиналмайтыны да қызық, қонаққа баруды, күтуді ұнатады. Қазір мен де қолым босай қалса, достарыма қонаққа барамын, олар маған келеді. Қазақтар қиындықтар болған жағдайда да бір-біріне көмектесуге дайын тұрады»,-деген профессор қазақтардың ақкөңілділіне таң қалдырғанын жасырмады.

Сұхбат барысында, ғалым «понтсыз қазақ – қазақ емес деген» әзілді ді де еске алды.

«Алғашында досым осы әзілді айтқанда, күлгенім бар. Бірақ, осында келгелі оны да байқадым. Қымбат көлігі, үйі бар жандар қарапайым тұрғындардан өздерін биік санайтынын талай рет көрдім. Меніңше, ол дұрыс емес. Әлеуметтік топтар арасындағы дискриминация деп ойлаймын. Бұл жағынан жапондықтардан үйрену керек, олар өте қарапайым»,-дейді шетелдік оқытушы.

Сонымен бірге, ол кейбір қазақ студенттерінің жалқау келетінін де алға тартты.

«Шаршадым, уақытым болмады деп кейде үй тапсырмасына салғырт қарайтын жастар болады. Сіздердің елдеріңізде білімге көп көңіл бөлінеді, бөлінетін қаражат та аз емес. Сондықтан, сол шығынды әр студент ақтауы тиіс деп ойлаймын. Егер, студенттер қазірден бастап білімге ден қойса, 5 жылдан кейіна-ақ «Қазақстанда жасалған» деген брэндтің пайда болатынына сенімдімін. Сол сияқты, қала халқына қарағанда ауыл тұрғындарының жаппай еңбек ететінін байқадым. Егер тынбай еңбек етіп, көп жұмыс жасаса Қазақстанның болашағы әлі алда деп ойлаймын»,-деп сөзін қорытындылады профессор.

P.S. Қазақ тілін меңгеруге ден қойған бангладештік ғалым, бүгінде, тіпті, мақал-мәтелді жатқа айтатын болған. Ұстаздың қазақ халқынан үйренгені жақсы қасиеттерінің бірі де сол – аз сөзбен көп ой айту. «Менің қазақтардан үйренерім көп, «Сабыр-түбі сары алтын», «Доссыз өмір бос» деген нақыл сөздеріңіз қазірде өмірлік ұстанымыма айналды» дейді ғалым.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
2
0
1
0
1
12
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel