RU
Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?
Жаңалықтар Қоғам

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Рассказать Вконтакте

Жуырда Сарыағаш ауданында болған шу қоғамды алаңдатты. Жұртшылықтың адам тағдырына, бала тағдырына бей-жай қарамауы қуантады. Осы оқиғадан кейін көпшілік қауым қай облыста қылмыс көп деген сұрақты ортаға тастап, ол пікірталасқа ұласты. Қылмыстық оқиғалардың өңірлердегі көрсеткіштері қандай? Қай облыста құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылық жиі тіркеледі?

Осы мәселеге келгенде кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылары өз деңгейінде түрлі долбар жасап, бұрыс ақпарат таратуға құмбыл. Кейбірі білместікпен айтса, кейбірі басқа мақсатты көздейтіндей. Таңқаларлығы, ақпарат айдынында Оңтүстік Қазақстан облысы мен оның орталығы Шымкент қаласы туралы жағымсыз жаңалықтар көп қылаң береді. Сырт көзге құдды Шымкент қылмыстың ордасындай әсер қалдырады. Дегенмен, еліміздің Бас прокуратурасының ресми мәліметтеріне сүйенсек, мәселенің басқа сипаты бар екенін аңғарасыз.

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Прокуратураның ресми статистикасына сүйенсек, 2017 жылы республика көлемінде 316418 қылмыс тіркелген. Оның 63797-сі Алматы қаласында орын алса, Астанада 33276 қылмыс тіркеліп, есепке алынған. Сонымен қатар, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Атырау облыстары да қылмыстық оқиғалар бойынша алдыңғы орындарда тұр. Ал, 32057 қылмыс тіркелген Оңтүстік Қазақстан облысы 14-ші орынға орналасқан. Бұл ретте жалпы сан көп болғанымен, күнгей өңірде тұрғындар саны үш миллионға жуықтағанын да ескерген жөн. 10 мың тұрғынға шаққанда Оңтүстікте 110 қылмыс тіркелсе, Алматы қаласында бұл көрсеткіш – 360. Яғни, заң саласында статистика жүргізілгенде 10 мың тұрғынға шаққандағы орташа көрсеткіш есептеледі.

Қоғамдағы ең ауыр қылмыстардың бірі – адам зорлау. Өкінішке қарай, қазір қазақ ұғымына жат осындай оқиғалар да болып жатыр. Былтыр республика бойынша 1317 зорлау фактісі тіркелсе, оның 220-сы Алматы облысына тиесілі. Астана қаласы мен Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары да алдыңғы орындарда. Ал, зорлау фактілері бойынша төменгі көрсеткіш, яғни, 15-орында Оңтүстік Қазақстан облысы тұр екен. Бұл облыста зорлау оқиғалары 10 мың түрғынға шаққанда 0,4 адамды құраған. Қазақылықтың қаймағы сақталған өңірде мұндай келеңсіздіктің аз болуы қуантады.

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Қазақ – дұшпанының өзін өкпеге қиса да, өлімге қимайтын халық. Кісі өлтіру – шариғатта да, еліміздің конституциясында да ең ауыр қылмыс. Әттеген-айы, ел ішінде бір-біріне қару кезеніп, қан төгетін қаныпезерлер бар. 2017 жылы республика бойынша кісі өлтіру бойынша 942 қылмыс тіркелген. Бұл жөнінен Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында жағдай алаңдатарлық. Осы өңірлерде кісі қанын мойнына жүктеуден сескенбейтін қылмыскерлердің көбірек кездесуі тәртіп сақшыларының да бас ауруына айналғандай. Ал, кісі өлтіру фактілері бойынша соңғы 16-орында Оңтүстік Қазақстан облысы орналасқан. Бауырмалдық пен кішіпейілділік, мейірімділік пен бірлік қай кезде де қоғамды ілгері жетелейтін ұлы қасиеттер ғой. Осы қасиеттерді жас ұрпақ санасына балабақша, мектеп табалдырығынан бастап сіңіре беру керек.

Қарақшылық фактілері Алматы, Астана қалалары мен Маңғыстау және Ақмола облыстарында жиі тіркелген. Ал, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында қарақшылық оқиғалары төменгі орындарда.

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Тұрғындарға жиі зардабын тигізетін қылмыс – ұрлық. «Ұрлық түбі – қорлық» екенін түсінбейтіндердің көбейгені жақсы емес, әрине. Өткен жылы республика бойынша 193154 ұрлық тіркелген. Әсіресе, Алматы, Астана қалалары мен Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында осындай қылмыстар саны көп. Бір Алматының өзінде 45430 ұрлау оқиғасы тіркелсе, Астанада 19559-ға жеткен. Ал, 17935 ұрлық фактісі тіркелген Оңтүстік Қазақстан облысы 14-орында тұр. Ең төмен көрсеткіш Қызылорда мен Маңғыстау облыстарына тиесілі. Алаяқтық қылмыстары жөнінен Алматы, Астана қалалары мен Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Атырау облыстарында көрсеткіш жоғары. Республикада тіркелген 27467 қылмыстың басым бөлігі осы өңірлерде орын алған. Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысында мұндай қылмыстар саны аз екен. Бопсалау фактілері Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласында жиі кездескен. Республика бойынша бір жылда 470 бопсалау оқиғасы тіркелгенін де айта кеткен жөн.

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Жалпы тұрғындардың басына шаққанда Оңтүстік Қазақстан облысы қылмыс санының аздығы жөнінен еліміздегі көшбасшылардың бірі екені анықталды. Ендеше, ақпараттық кеңістікте ел санасына сіңіп қалған «Шымкентте қылмыс көп» деген стеоротиптің жалған екеніне бұдан артық қандай дәлел керек?

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Оңтүстік қылмыстың ордасы ма?

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
0
0
2
0
0
8
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel