Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бала күтушілер аула сыпырады: Алматы тұрғыны балабақша басшысының былықтарын айтты

Опубликовано:

Алматы қаласындағы №62 балабақша меңгерушісінің басы дауға қалды. Аталған мекеменің қызметкері балабақша меңгерушісі Қиялбекова Г. өз қызметін асыра пайдаланып, заңды белден басып отырғанын айтып, NUR.KZ порталының редакциясына келіп жүгінді.

Балабақшадағы жайт
Балабақшадағы жайт: UGC

Өзінің есімін атамауды сұраған балабақша қызметкері басшысының "былықтары" туралы айтып, өз шындығын айтты. Айтуынша, балабақшада қызмет еткен жылдары ол көптеген заңбұзушылықтарға куә болған. Мәселен, бірнеше адамды қызметкерлер тізіміне енгізіп, олардың жалақысын өзі алып отырған.

"Міне, мына тізімде тұрған есімдердің ешқайсысын да танымаймыз. Олар жұмысқа келмейді. Мына аула сыпырушы, секретарша дегендерді мүлдем көрмейміз. Олардың орнына, сенесіз бе, бала күтушілер аула сыпырып, қыста қар тазалаумен айналысады, жазда шөп жұлып, бала қарауға уақыты болмайды, шыны керек. Әр төртінші күні шығарып, соларға істетеді.
Шықпаса ұрсады. Айлығынан қысқартады. Ал мына оператор (қолындағы тізімді көрсетіп) дегендерді де ешкім танымайды. Үш жылдан бері көрмегенмін. Қызметкерлердің барлығынан сұраңыздар, ешқайсысы білмейді. Бірақ тізімде тұр. Яғни олардың жалақысын да алып отыр деген сөз", - дейді ол.

"Бұл жердегі заңсыздықтардың есебі жоқ", - деген ол бұдан бөлек көптеген жайттардың басын ашты.

"Мысалы, 60 штук унитаз келді деп жазады. Шын мәнінде, 10 данасы ғана келді. Қалған ақшасы қайда? 2016 жылы тәрбиешілерге ұрсып жүріп, театр құрып алған. Сөйтіп шамамен 200-300 мыңдай ақша жиналған. Ол ақшаға балабақшаның түрлі мұқтаждықтарына қажетті заттар алады. Оны тәрбиешілердің еңбегіне алады да, мемлекеттік бөлінген ақшаға алынды деп айтады. Ата-аналарға театр келеді деп, балабақшадағы 12-13 топтағы әр баладан 400 теңгеден жинап алады. Сөйтіп тәрбиешілер өздері көрініс жасап, ойын ұйымдастырып, өнер көрсетеді. Тура баяғы Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің бай-кедей заманы сияқты.

27 мың теңге жалақы алатын қызметкер басшысын балаларды да еш құжатсыз қабылдап, олардың ақшасын қалтасына басады деп айыптап отыр.

Балабақшадағы жайт
Балабақшадағы жайт: UGC
Менің айлығым 27 мың. Бізде тізімде жоқ тәрбиешілердің, бала күтушілердің балалары жүреді. Олар тізімге енбегендіктен, ақшасын қолма-қол басшыға апарып береміз. Қанша күн келді, сол күнге есептеп әкеп береміз. 15 бала артық тамақ ішіп жүр. Ал былай алмайды, себебі пропискамыз басқа жақта. 15 бала үкіметтің ақшасына тамақ ішіп жатыр, ал ақшасын өзі алады", - дейді ол.
Сосын, ең үлкен бесінші, мәселе, ас мәзірінде. Былтыр шілде айынан бастап, балаларға жеміс шырынын берген жоқпыз біз. Көктемнен күзге дейін жеміс шырынын береміз, күзден көктемге дейін дәрумен деп, алма беруіміз керек. Оның ақшасын үнемдеп, әкімдік айтты дейді, балабақшаны әктеуге, бояуға, сырлауға жұмсадық. Ал іс жүзінде оған бөлек ақша бөлінуі тиіс. Сол шілде айынан бастап аптасына екі рет бізге балық беріледі.
Бала санына қарай, 20-30 келіге дейін балық беріліп отырады. Ол балықтың да аптасына бір рет қана беріп жүрміз. Оны бүкіл тәрбиешілер мен бала күтушілер растайды. Ал мынау ата-аналарға берілетін ас мәзірі, кірген кезде екі жерде ілініп тұрады. Бастық бекітеді, медбике қол қояды. Міне, таңертең сүтті вермишель сорпасы дейді, негізі сорпа емес, балық (запеканка) оның қасына вермишель гарнир ретінде беріледі. Ас мәзірінде солай тұруы тиіс.
Алайда, ата-аналарды алдау үшін осылай қойылады. Мен балықты қабылдап аламын да, меңгерушіге беремін. Оның айтуынша, әкімдік тамаққа кететін ақшаны үнемдеп, оны жаңағы жөндеу жұмыстарына жұмса дейтін көрінеді. Осылай шілде айынан бастап жалғасып келеді. Алты айдан асып кетті", - деген ол редакцияға бірқатар құжаттарды ұсынды.

Балабақша меңгерушісінің заңды мөрі тұрған ас мәзірінде кішкентай балаларға кофе сусынын ұсынатыны жазылған.

Сонымен бірге, балабақша қызметкері дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған інісіне де тиісті жалақысын төленбегенін айтады.

"Үш ставкаға жұмыс істесе де (ол 13 топқа сабақ берген), бір жарым ставка үшін ғана айлық алған", - дейді ол.

Қызметкердің бұл мәлімдемесінен кейін NUR.KZ редакциясы балабақша меңгерушісімен тілдескен болатын. Ол аталған жайттарды жоққа шығарып, мұндай фактілердің орын алмағанын айтты.

Ал аталған жайт бойынша Алматы қаласының Білім басқармасы 2018 жылдың 14 наурызында арнайы комиссия құрып, балабақшада тексеріс жасалғанын жеткізді. Тексеріс барысында, білім басқармасы тәрбиеленушілерден 300-400 теңге көлемінде театрлық қойылымнан ақша жинау дерегі анықталғанын мәлімдеді. Ал қызметкердің жоғарыда айтылған айыптауларына қатысты ешқандай заңбұзушылық деректері анықталмаған.

"Жоғары мәлімдемелер негізінде комиссия мүшелері қорытынды шығарды, №62 балабақша меңгерушісі Қиялбекова Г.Қ. тарапынан Алматы қаласы Білім басқармасының № 03-11-4/5807 «Ақша жинауға қатаң тиым салынуы жайындағы» хатының орындалуына және тамақтандыруды ұйымдастыру барысында бақылау мен басшылық жеткіліксіз болған.

Тексеру қорытындысы бойынша комиссия мүшелері мен балабақшаның әкімшілік қызметкерлеріне кемшіліктері бойынша түсініктеме жұмыстары жүргізілді және №62 балабақша меңгерушісі Г.Қ. Қиялбековаға әкімшілік-тәртіптік жаза ретінде ескерту берілді.

Қазіргі таңда балабақшаның жұмысы Алматы қаласы Білім басқармасының күнделікті бақылауында", - делінген хабарламада.

Балабақшадағы жайт
Балабақшадағы жайт: UGC

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1722550-bala-ktusiler-aula-sypyrady-almaty-trgyny-balabaksa-bassysyny-bylyktaryn-ajtty/

pixel