RU
Қытайдағы қазақтар үшін шырылдаған қоғам белсенділері биліктен тағы да көмек сұрады
Жаңалықтар Қоғам

Қытайдағы қазақтар үшін шырылдаған қоғам белсенділері биліктен тағы да көмек сұрады

Рассказать Вконтакте

Қытайдағы қазақтар еркін, бейбіт өмір кешетін Отанына оралуды аңсап жүр. Алайда кей мәселелерге байланысты олардың арманы жүзеге аспай отыр екен. Осыған орай, Қазақстандағы қоғам белсенділері этникалық қазақтар үшін биліктен қолдау сұрап, мәселені бейбіт жолмен, ел басшылары арасындағы келісіммен шешсе деген тілектерін жеткізді деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ
Source: UGC

Бүгінде елімізге шет елдерден оралған қандастарға барынша жағдай жасалуда. Оларға мемлекет жер беріп, оқу квоталарын да ұсынады. Білім қуған жастарға жатақханадан орын беріп, тіпті азаматтықты рәсімдеу процесін де біршама жеңілдеткен. Соның өзінде біршама этникалық қазақтың мәселесі шешілмей, елінде еркін күн кеше алмай жүрген көрінеді.

Қоғам белсендісі Серікжан Біләштің айтуынша, Қытайдан Қазақстанға оралып, еліміздің азаматтығын алса да, белгісіз себептермен көрші елдің түрмесіне тоғытылған азаматтар бар.

«Қазірдің өзінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адамдардың өзінен, біздің қолымызға жеткен дерек бойынша, 10 қазақ Қытайдағы түрмеде отыр. Оның сегізі қазір «Ата-жұрт» ерікті жастар ұйымына арыз жазды. Ал екеуі қорқып, оны жаза алмаған. Сондай-ақ, көптеген қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын студенттер Қытайдағы полицияның шақыртуымен сонда барып, оқуларын аяқтауға да келе алмай қалған», - дейді ол.

Қоғам белсенділерінің сөзіне сүйенсек, азаматтығын рәсімдеп үлгергендерді Қытайға «бұрынғы тұрғылықты жеріндегі тіркеуден өшіру керек» деп шақыртатын көрінеді. Ал онда бара сала, бірнеше уақыт «саяси оқыту-тәрбиелеу» орталықтарына қамайды екен.

Қоғам белсенділері аталмыш мәселенің көтерілгеніне жыл өтсе де, ондағы қандастарымыздың жағдайы түзелмегеніне алаңдаулы.

«Қытайдан көшіп келген 200 мың қазақтан, солар көп қоныстанған жерлерге барып, көрген-білгендерін сұрап, ашық сауалнама жүргізсе дейміз. Сонда көрші елге қайта шақырылғандар мен тұтқынға алынғандардың жағдайы туралы мәлімет те белгілі болар еді.

Құзіретті органдар, Нұр Отан халықтық демократиялық партиясы мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы осы іске білек түре кірісіп, өзге елдегі бауырлардың Отанымызға оралуына көмектессе, олардың өмір қауіпсіздігін қадағаласа», - дейді. Себебі, Қытайда ашықтан-ашық адам құқығы тапталып, өрескел заңбұзушылықтар орын алып жатыр деген пікірде. Ондағы балалар қытай тілінде білім алып, діни амалдар жасауға тыйым салыныпты. Ал шын мәнінде, Қытайдың негізгі Ата заңында «әр ұлттың діни еркіндігіне құрмет ету, өз ана тілінде білім алуын қамтамасыз ету» дейтін баптар бар екен.

Осыған орай, Қазақстан қоғамы бұл мәселеге халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен халықаралық қауымдастықтың назарын аудару үшін шаралар қолдануда. Олар Біріккен ұлттар ұйымының Орта Азия бойынша адам құқықтары жөніндегі бюросына хат жазған.

«Бішкек қаласында орналасқан БҰҰ өкілдігіне арнайы барып қайттық. Олар бізге өздері хабарласатынын айтты. Содан кейін Вена мен Нью-Йорк қалаларындағы бас штабқа қалай арыз жазу керектігі жөнінде нұсқау беруі керек. Сондай-ақ, Американың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілігіне, Алматыдағы Америка елшілігі арқылы хат жолдадық», - дейді қоғам белсендісі Рысбек Тоқтасынұлы.

Ал Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов бұл мәселеге қатысты әзірге ешқандай өзгеріс жоқ екенін айтады.

Айта кету керек, 2017 жылдың маусым айында өткен дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының V-құрылтайында Германиядан келген Өмірхан Алтынұлы елбасыға этникалық қазақтардың құқығы аяққа тапталып жатқанын дүйім жұрттың алдында мәлім еткен болатын. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне шұғыл тапсырма беріп, істі анықтау керектігін айтқан.

Ал ҚР СІМ Қытайдың Қазақстандағы өкілетті елшісінен бұл туралы сұрағанда, «Бұл - Шиңжаң өлкесіндегі басшылардың асыра сілтеуі. Қытай жоғары билігінің пәрмені емес» деп, мәселені билікке жеткізуге уәде еткен.

Осыдан соң, «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев Бейжіңге барған сапарында Қытайдан Қазақстанға көшіп келген қандастарымыздың арыз-хатын Қытайдың СІМ-не тапсырған. Олар аталмыш хатты Қытай төрағасы Ци Зин Пин-ге жеткізуге уәде еткен.

Сіздің реакцияңыз
1
2
1
10
1
8
5
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel