RU
Той әншілерінен де көп табамын: Операда бағы жанған қазақ қызының сұлулығына ел тәнті болды (фото)
Жаңалықтар Қоғам

Той әншілерінен де көп табамын: Операда бағы жанған қазақ қызының сұлулығына ел тәнті болды (фото)

Рассказать Вконтакте

Бүгінде көпшілік эстрада әншілерінің әні мен жеке өмірін жіті қадағалап отырса, опера өнерінің майталмандары көп жағдайда халықтың ықыласынсыз, тасада қалып жатады. Десе де, опера өнерін өмірге серік еткен жандар аз да болса бар. Солардың бірі – Жұлдыз Уәлихан. NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген ол опера майталмандарының гонорары эстрада жұлдыздарынан әлдеқайда көп екенін айтып берді.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

-Жұлдыз, сіздің әйгілі Бибігүл Төлегенованың шәкірті екеніңізді естідік. Ұстазыңыз туралы жылы естеліктеріңізбен бөлісе кетсеңіз? Ол кісіден қандай жақсы қасиеттерді бойыңызға сіңірдіңіз?

- Бибігүл Ахметқызымен алғаш рет халықаралық вокалистердің байқауында кездестім. Сонда ең жас қатысушы ретінде өз қолымен маған жүлде табыстаған болатын. Бақытымда шек болмады! Ал шамамен 10 жыл бұрын ол кісінің шәкірті болу бақыты бұйырды. Құрманғазы атындағы консерваторияда білім алып жүргенде әлі есімде, барлық студенттер Бибігүл Ахметқызына керемет қошеметпен қарайтын.

Ол кісінің өз жұмысына деген махаббаты шексіз болатын. Ең қызығы, консерваторияға таңертең ең бірінші болып келіп алып, дауысын жаттықтырып отыратын. Ол кісі өзіне керемет қарайтын, қашанда әдемі маникюр, макияжбен, әдемі шаш үлгісімен жүретін. Біз сол кісіге қарап бой түзедік. Студент болған соң, кейде концертке шығып ақша табамыз. Ертесіне сабаққа келіп, ән айта бастағанда бірінші нотадан-ақ, бәрін сезіп қоятын. «Сен бүгін дайын емессің, кеше бір жерде болғансың ғой» дейтін. Бірақ ешқашан сабақтан тыс жұмыс істеуге тыйым салмайтын, тек сабаққа зияны тимесе болды дейтін. Ол кісі заманауи, адамгершілігі мол адам, үнемі жастарды қолдайтын жан. Аңыз адам мен үшін сұлулықтың эталоны.

- Опера әншілерін көп жағдайда халықтың көпшілігі тани бермейді. Неліктен? Опера өнеріне деген қызығушылық аз ба?

- Классиканы тыңдайтын адамдар жоқ емес, мүмкін аз шығар, бірақ дегенмен бар. Классика қашан да өзекті, себебі бұл мәңгілік өнер. Операны белгілі бір музыкалық бағытпен салыстыру орынсыз. Қазір арзан дүниелер, арзан әншілер қаптап жүр. Барлығы адамның талғамына байланысты деп ойлаймын. Әр адам өзіне жақын дүниені таңдайды.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

-Операны таңдағаныңызға өкінбейсіз бе? Мәселен, эстрадағы әріптестеріңіз сіздерге қарағанда тойларға шығып тұрады, табыстары да көп болады дегендей...

- Операны таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Консерваторияны аяқтай бастағанда, түрлі мерекелік шараларға қатысып, тойларға да шықтым. Диплом алған соң Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында опера труппасының солисті боп жұмыс істедім. Бірақ біраз уақыттан соң ол жерден кетіп, өз алдыма жұмыс жасауды жөн көрдім. Себебі, әр түрлі шаралардан тапқан табысым әлдеқайда жоғары болды. Әбір әртіс өзінің кәсіби деңгейіне қарай бағаланатыны белгілі ғой. Қазіргі табысымның нақты қанша екенін айта алмаймын, бірақ опера әншілерінің тойлардағы гонорары басқалардан жоғары болады. Ал Италияда оқуымды жалғастырып жатқандықтан, ол елге жиі барып тұрамын, ондағы гонорарымның мөлшері бұл жерден екі есе жоғары.

-Атақ-даңққа құштарсыз ба?

- Атақ-даңққа ұмтылмаймын, ең бастысы, өз тыңдарманым болса, өнерім біреуді жігерлендіріп жатса, одан артық не керек? Өзіңе, өнеріңе адал болып, күшің жететін іспен айналысқан жөн деп ойлаймын. Ал нағыз атақ-даңққа лайық болсаң, ойламаған жерден бір күнде бүкіл әлемге әйгілі болып кетуің мүмкін. Негізі, жақсы атаққа біріншіден лайық болу керек. Атақ аяқ астынан пайда болады деп ойламаймын.

- Қазақ қыздарының тоқал болуына деген көзқарасыңыз қалай?

- «Тоқал» сөзі мен үшін түсініксіз. Әр әйелдің арманы өз ерінің жалғыз сүйіктісі, адал жары болу. Егер сен елдің алдында сүйіктіңмен ашық жүре алмасаң, махаббаттың сәні кетпей ме? Өз басым, махаббатты ғана емес, күйеуге тиюді армандаймын. Қазіргі қазақ қызы білімді, өзіне сенімді, ақылды, өзін-өзі асырай алатын жағдайы бар қыздар ғой. Сондықтан, егер парасаты биік, ақылы көп қазақтың қызы - өмір бақи тоқал болуға келіспейді деп ойлаймын.

-Ал қазақ бойжеткендерінің шетел азаматымен тұрмыс құруына қалай қарайсыз?

- Өнер адамы болған соң, шетелге көп шығамын. Сонда әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған ерлі-зайыптылардың бақытты жүздерін көремін. Сондықтан, бұл жерде еш жамандық көріп тұрғаным жоқ.

-Атышулы Айжан Байзақованы танисыз ба?

- Байзақова негізі әдемі-ақ қыз. Мүмкін жастықтың жалыны шығар, өзін солай көрсеткісі келген болар. Бірақ оның жағымсыз қылықтары маған жат. Біреуге ақыл айтудан аулақпын, әркімнің өз таңдауы, өз басы бар.

-Жақында қайырымдылық концертін өткізбексіз? Бұл идея жалпы қайдан келді?

- 14 сәуірде мен өзімнің музыкалық «Сенің бағыңда» атты жеке альбомымның тұсауын кесемін және осыған орай композиторым, әрі досым Сырым Нәбиқұловпен ғажайып шоу дайындау үстіндеміз. Альбомды шығаруға бір жылдай уақытымыз кетті. Бұл біздің толассыз еңбегіміз, шығармашылығымыздың жемісі. Сондай-ақ, бұл шоуда менің досым, танымал балет әртісі Досжан Табылды да өз өнерін көрсетеді.

Біз көмектескелі отырған Әйбек Жетеген деген балақайды Досжан ұсынған болатын. Бұл шоудың басты мақсаты- қоғамды, адамдарды жақсы, игі істерге шақыру. Себебі, қазіргі кезде, ауыр дертке шалдыққан балалар көп, олар үлкен көмекке мұқтаж. Әр бала бақытты болуы керек. Айналамызда жақсы адамдар неғұрлым көп болса, өміріміз де жарқын болары сөзсіз. Ал осы альбомның сатылымынан түскен барлық қаржыны Әйбектің еміне жіберетін боламыз.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
1
1
0
0
1
21
2
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel