RU
Қасақана өлтірілген Ержан Тәтішевті еске алған жанұясы көптің жүрегін елжіретті
Жаңалықтар Қоғам

Қасақана өлтірілген Ержан Тәтішевті еске алған жанұясы көптің жүрегін елжіретті

Рассказать Вконтакте

2004 жылы 19 желтоқсанда 38 жасына қараған шағында «ТұранӘлем Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Нұрілдәйімұлы Тәтішев аң аулау кезінде қайғылы қазаға ұшыраған болатын. Араға 14 жыл салып, банкирдің арнайы тапсырыспен өлтірілгені заң жүзінде дәлелденді. Осы орайда, марқұмның жанұясы әділдікке сеніп, қолдау көрсеткен жандарға алғыс білдірді.

Қасақана өлтірілген Ержан Тәтішевті еске алған жанұясы көптің жүрегін елжіретті

Қасақана өлтірілген Ержан Тәтішевті еске алған жанұясы көптің жүрегін елжіретті

Уақытқа төтеп берген төреші – ол әділдік. Өмірден ерте озған Ержанның жүрегіміздегі ғұмыры мәңгі бола бермек.

Көп күткен үкім күшіне еніп, қылмыскерлер өз кінәсін мойындаған бұл күнде иық сүйеп, біздермен бірге әділ заңға үміт артып, осы күресте қолтығымыздан сүйеп, демеу болған ізгі ниетті адамдарға алғыс айтқымыз келеді. Бұл күрес табаны күректей 14 жылға созылып, ақыры әділдік уақыттың өзіне төтеп беріп, төрелігін айтты.

Сергелдеңге салған осы жылдар бойы қөңіліміз құлазып, қабырғамыз қайысты. Жантүршігерлік жауыз қылмыстар зор мәртебе, құдірет-мансап, қисапсыз ақшаның тасасында қалып, саясат сылтауымен жылы жабылып келгені жанымызға батты.

Бірақ, біздердей заң күшіне сеніп, шындық үшін күрескен тілеулестер дәйім жанымыздан табылып келді. Ақыры ақ-қарасын айырған әділ тергеу, ашық сот шытырманның шиесін тарқатып, жауыздар жазасын алды.

Қолмен істегенді мойынмен көтермек керек. Ешкім де заң құрығынан құтылмайды. Ержанға қарсы қылмыстарға қатысы бар қандықол қарақшылардың бәрі де сазайын тартатынын білеміз һәм сенеміз.

Әрине, бұл сенім қазаның орнын толтырып, қасіреттен арылтпас, алайда, абзал ұл, аға, жар, әке болған аяулы жаннан айырылған жандар қөңілдерді жұбатып, жылаулы көздердің жасын тыюға сеп болары анық.

Міне, бүгінде әділдік іздеп аласұрған барша жандарға біздің айтарымыз: тұйыққа тірелдік деп, тоқтамаңыздар. Мақсатқа жетпей, тынбаңыздар. Өзгелер күдер үзсе де, күресе беріңіздер. Күрескен жетер мұратқа! Тәтішев жанұясы"
Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
4
1
1
12
1
14
4
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір