RU

Өзбекстан шекарашылары атқан оқтан қырғыз азаматы қаза болды

Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Аксы ауданындағы Мамай елдімекені маңындағы мемлекеттік шекара тұсында өзбекстандық шекарашылар атқан оқтан Қырғызстан азаматы жараланып, кейін ауруханада жан тапсырған деп хабарлайды "Азаттық" радиосына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Көрнекі фото: Kloop.kg
Көрнекі фото: Kloop.kg: UGC

Ресми ақпаратта Аксы ауданы Курулуш ауылының 34 жастағы тұрғыны Қырғызстан территориясымен Мамай елдімекеніне кетіп бара жатқанда қарудан оқ атылғаны айтылған.

Жараланған қырғызстандық тұрғын Кербен қаласындағы ауруханада қайтыс болған.

Төтенше оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін Қырғызстан мен Өзбекстан шекара қызметтерінің өкілдері кездесу өткізіп жатыр деп хабарлады "Азаттық" радиосы.

Оқиға болған жерге барған Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің Жалал-Абад облысы бойынша басқармасының бір топ офицері мен құқық органдары өкілдері тексеру жұмыстарына кіріскен.

Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков тиісті ведомстволарға Өзбекстан тарабымен бірлесіп, қырғыз-өзбек шекарасында болған оқиғаны мұқият тексеруге тапсырма берген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1725502-zbekstan-sekarasylary-atkan-oktan-kyrgyz-azamaty-kaza-boldy.html