RU
ШҚО-да бір айда екі рет тұрмысқа шыққан келіншек жан сырын ақтарды
Жаңалықтар Қоғам

ШҚО-да бір айда екі рет тұрмысқа шыққан келіншек жан сырын ақтарды

Рассказать Вконтакте

ШҚО тұрғыны NUR.KZ порталының 8 747 535 12 98 WhatsApp нөміріне хат жолдап, басынан өткен оқиғасын айтып берді. Ол бір аптаның ішінде екі рет тұрмысқа шығып, екі рет үйлену тойында ақ көйлек киіпті.

Көрнекі фото: utne.com

Көрнекі фото: utne.com

20 жасқа жаңа толған Маржан (ред. - есімі өзгертіліп берілді) бірнеше ай бойы курстас жігітпен кездесіп жүрген. Олардың арасындағы махаббат сезімі лаулап, жас қыз сүйіктісімен төсекті де бөлісіпті.

"Біз бір-бірімізді шын сүйдік. Ақыры сол жігітке тұрмысқа шығатын болған соң, жақын қарым-қатынастан қорықпайтынмын. Жігітім де тек сені аламын деп, өзге аруларға мән бермейтін", - дейді ару.

Осы жылдың наурыз айында Маржанның құрбысы оны бір отырысқа шақырады. "Туған күнге бірге барайық" деген желеумен бойжеткенді өзімен бірге ертіп шығыпты.

"Көп отырмаймыз ғой деп ойлап, туған күнге жігітіме айтпай барғанмын. Ол жерде өзім қатты қысылып отырдым. Жаныма бір жігіт жақындап қоймады.

Бір уақытта мен қайтайық деп қоймаған соң, құрбым екеуіміз далаға шықтық. Әлгі жігіттер бізді үйге жеткізіп саламыз деп, көлігіне отырғызды. Бірақ ол бізді үйге емес, өз үйіне алып барды. Сөйтсем, құрбым де сол жігіттермен келісіп алып, мені алып қашуды жоспарлаған екен", - деп жылады ол.

Маржанның құрбысы оның кездесетін жігіті бар екенін біле тұра, басқа адаммен қосылғанын қалапты. Алып қашқан үйге барған соң, жан-жағынан ентелеген жұрт оны қалуға көндіріп алады.

"Мені алып қашқан жігіттің жағдайы өте бақуатты еді. Өзі Алматыда жұмыс істейді. Оған пәк емес екенімді де түсіндіріп айттым. Бірақ "ешнәрсеге қарамастан шын сүйіп қалдым" деп, өзімен бірге қалуымды өтінді.

Оған қоса, босағаға жатып алған әженің де үстінен аттап өтіп кете алмадым. Қуғыншы болып келген әпке-жеңгелерім менің келін болғаныма қуанып, қалдырып кетті", - дейді Маржан.

Келіншектің айтуынша, оның бұрынғы жігіті жұмыс істемейтін, мінезі бұзықтау адам екен. Сондықтан да, алып қашқан азаматты "басына жазған тағдыры" деп ойлап, жаңа өмір бастайды.

"Күйеуім Алматыда жұмыс істейтіндіктен, біз тезірек тойды өткізіп, сонда кетуіміз керек болды. Сонымен 2-3 күннің ішінде құдалық та, той да өтіп кетті. 500 адамдай жиналған тойға менің туыстарым түгел келді.

Алғашында барлығы жақсы болып жүрген. Бірақ бір апта өткеннен кейін күйеуім "пәк болып келмедің, жігітің сонша кім еді?" деп, маған тиісетінді шығарды.

Ал бұрынғы жігітім телефоныма әлі де хабарласып, "алып кетейінші, ол жерде қалмашы" деп жазып жүрген. Бір күні Алматыға алып кететін заттарымызды түгендеп, базарға бардық.

Сол жерде "күйеуімнен" тасада қалып, бұрынғы жігітіммен кездестім. Ол мені өзімен бірге алып қашып кетті", - дейді ол.

Осылайша, Маржан өзінің шынайы махаббатына жар атанған. Бірінші күйеуі оны жаңадан келін болып түскен жерінен бірнеше рет алып кетпек болған. Алайда Маржан оған қайтып оралмайтынын қадап айтқан.

"Бірінші күйеуімнің ата-анасы мен туыстары, өзімнің туыстарым - барлығы мені жер-жебіріме жеткізіп ұрысты. Бірақ мен қалай болғанда да осы үйде қалатынымды айттым. Содан кейін бұрынғы қайын жұртым менің артымнан барған дүниемді ата-анамның үйіне әкеліп тастады. Ал біз жақ олардың қалың малын қайтарып берді", - дейді.

Маржанның екінші күйеуі бір үйдің жалғыз баласы екен. Сондықтан, "той жасамай-ақ қояйық" дегенге ата-енесі көнбепті.

"Менің тағдырым қандай болса да, бұл үйдегі жалғыз келінмін. Сол себепті тойдан бас тарта алмадым. Бәлкім, біреулерге өмірім кино сияқты көрінер. Өзім де осылай болар деп ойламадым.

Басқа түссе барлығын да көреді екенсің. Наурыз айында екі рет той көйлегін киіп, қалыңдық болдым. Ал қазір шын бақыттымын", - деп қорытындылады ол.

Келіншек бүгінде Ақтау қаласында өзінің сүйіп қосылған жарымен бірге тұрады. Олар "екі жастың арасында шын сезім болса, ешкім де ажырата алмайды" дегенге кәміл сенеміз дейді.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
10
6
11
2
3
22
3
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір