Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

16 жасында тұрмысқа шығып, екі күйеуден де жесір қалған әйел аянышты тағдырын баяндады (фото)

Опубликовано:

Төрт жылдан бері жертөлені паналап келген шымкенттік ана көпшіліктен көмек сұрайды, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Жанаткүл Баелова
Жанаткүл Баелова: UGC

36 жастағы Жанаткүл Баелованың тағдыры тура бір шытырман оқиға іспеттес. ОҚО, Бәйдібек ауданындағы шағын ғана ауылда өскен ол бала күнінде әкесінен айырылып, жесір қалған анасына отбасын асырауға көмек береді.

Тек алты сыныптық білімі бар оны туыстары он алты жасқа толмай тұрған шағында тұрмысқа береді. Он сегіз жасында қызын дүниеге әкеледі. Күйеуі қайтыс болып, қызын анасы өз қамқорлығына алыпты. Қызы бес жасқа толғанда Жанаткүл Баелова анасынан айырылып, бүлдіршінді туыс әпкесі мен жездесі қамқорлығына алады. Тұңғышын тәрбиелеп, тіпті оқытып беретінін айтыпты.

Қызын туыстарына тастаған Жанат екінші рет тұрмысқа шығып, ұл баланы дүниеге алып келеді. Алайда шымкенттік келіншек үшін бұл неке де көпке созылмай, жолдасы сырқаттанып көз жұмады. Ұлын аяқтан тұрғызудың қамымен табылған жұмысты істеп, пәтерден пәтерге көшіп жүрген келіншек қаладағы автотұрақтардың біріне орналасып, оның иесі жертөлесінде тұрақтап тұруына рұқсат береді.

Жанаткүл Баелова
Жанаткүл Баелова: UGC

Міне, содан бері төрт жыл өткен. Жоқтан бар жасап, едені тас, сыз өтетін жерде келіншектің тұрып жатқанына биыл төртінші жыл. Қатал тағдырдың сыны екі баласымен жесір қалған келіншек үшін мұнымен бітпейді.

Осыдан екі жыл бұрын әлі 16 жасқа да толмаған қызы ұл босанады. Жертөлені мекен еткен келіншектің қызы жеңіл жүріске салынбаған, тұрмысқа да шықпаған. Кезінде қамқорлығына алған 56 жастағы жездесі 2011 жылы 11 жастағы балдызына зорлық көрсетіпті. Жасөспірімді "Біреуге айтсаң, үйден қуып жіберемін" деп қорқытқан ер кісі сексуалды тұрғыдағы әрекетін бірнеше жыл іске асырып келіпті. Небәрі 11 жасында сексуалдық зорлық көрген қыз қорыққанынан жездесінің дегеніне көніп жүре берген көрінеді. 2016 жылы жасөспірім қыз дүниеге ұл баланы алып келеді. Ал туыс балдызын зорлаған ер кісі бұл ісі үшін тиісті жазасын алып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бір ұл және бір қызымен, немересімен жертөлені паналап отырған шымкенттік келіншек үй кезегіне тұру үшін құжаттарын енді реттеп жатыр. Себебі екі некесі де заң тұрғысында тіркелмегендіктен, сонымен қатар тұрақты мекенжайы болмағандықтан үй алу үшін құжат жинау жағы қиындық туғызған. Мемлекет тарапынан жалғызбасты аналарға берілетін жәрдемақы алу үшін де құжаттарын енді рәсімдеп жатыр.

Жанаткүл Баелова
Жанаткүл Баелова: UGC

"Үй кезегі он жылда келеді ме, мүмкін жиырма жылдан соң келеді ме ол жағын білмеймін. Біреудің ыдысын, біреудің еденін жуып беріп, нәпақа тауып отырмын. Автотұраққа келетін үш-төрт көліктің ақысын да жертөле иелері қажеттілігіме жаратуға мүмкіндік берді. Өзімнің денсаулығым да жоқ. Екі-үш күн жұмыс істеп, орнымнан тұра алмай жатып қаламын. Қызым жетектеп, қасымда отырады. Ол колледжде оқиды. Соның шәкіртақысы бар, ораза кездерінде қайырымды жандар азық-түлік жағынан көмек беріп отырды. Көршілерім де қарасып тұрады.

Шыны керек, кейде жейтін нан таппай қаламыз... Денсаулығымның сыр беруі осы жертөледе тұрып жатқанымнан да шығар деп ойлаймын. Пәтер жалдап тұрайын десем, тұрақты жұмысым жоқ. Пәтер ақысын таба алмай қаламын ба деп қорқамын? Кімнен көмек сұраймын? Өзімнің сіңлілерім де өз күнін әрең көріп отыр. Балаларымның әкесінің туыстары да солай", - деген келіншек үй кезегі келгенше тұратын баспана болса деген арманын да жеткізді.

"Баспаналарына қарап отыратын жандар іздейтіндер болса, қол ұшын беретіндер табылса деймін. Шынымды айтсам, қатты қиналған кезімде өз-өзіме қол салғым да келеді. Балаларымды ойлап, ертең менің көзім кетсе, кімдерге жәутеңдетіп қоямын деп қорқамын. Тағдырыма өзімді де кінәлаймын. Оқымағанның кесірі шығар бәлкім. Бірақ, кімге шағымданамын? Өмірімнің осылай болғанына ешкімнің кінәсі жоқ", - деді жалғызбасты ана.

Төрт жылдан бері жертөлені паналап келген шымкенттік ана көпшіліктен көмек сұрайды
Төрт жылдан бері жертөлені паналап келген шымкенттік ана көпшіліктен көмек сұрайды: UGC

"Құдай қаласа, балалар өсіп, бұл көрген қиын күндеріміз ұмытылады деп ойлаймын. Қиналмайтын адам жоқ қой, маңдайыңа не жазылады, сол болады. Тағдырыма жазылғаны осы шығар, әйтеуір балаларым қасымда, екі қолы, екі аяғы сау. Менен де тағдыры қиын жандар бар ғой. Қара нан мен қара су ішсем де, балаларымның амандығын берсін. Шымкенттік бір қайырымды азамат ауруханалардың біріне еден жуушы етіп жұмысқа орналастырып беретін болды. Ол үшін алдымен денсаулығымды реттеп алуым қажет" ,- деп сөзін түйді жертөлені пана еткен Жанаткүл Баелова.

Құрметті оқырман! Егер сіз жалғызбасты шымкенттік анаға қандай да бір көмек қолын созамын десеңіздер, +7 705 976 30 82 (Жанаткүл Баелова) байланыс нөміріне хабарласуларыңызға болады.

Есепшот нөмірі: 4675620613641902

QAZAQ Bank - Zhanatkul Bayelova

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1727619-16-zasynda-trmyska-sygyp-eki-kjeuden-de-zesir-kalgan-jel-aanysty-tagdyryn-baandady-foto/

pixel