Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Егіз қыздарға үйленген егіз жігіттердің ерекше жанұясы елді сүйсіндірді (фото)

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстан облысында өзгелерден ерекше жанұя тұрады. Көпбалалы отбасынан шыққан егіз ұлдар Асан мен Үсен Зәуре мен Фатима есімді егіз қыздармен шаңырақ көтерген. Бір қызығы, егіздердің балалары да бір-бірінен аумайды. Ерекше шаңырақта болып қайтқан өңірдегі NUR.KZ тілшісі қос отбасы иелерімен тілдесті.

Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC

Асан мен Үсен - Ордабасы ауданы, Тоқсансай ауылының тумалары. 51 жастағы егіздер бүгінде туған ауылдарында тұрады. Тоғыз құрсақ көтерген аналары егіздерге бала күнінен егіз қызға үйленіңдер деп құлақтарына құйып келген. Көпбалалы ананың бар ойы ұлдары мен келіндері бір-біріне деген бауырмалдығын жоғалтпай, тату-тәтті өмір сүруін қалаған.

Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC

Мектеп бітірген Асан мен Үсен отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанады. Екі жыл әскерде болған олар келген соң оқуға түскен. Үсен Шымкентте, Асан Алматыда білім алады. Бір қызығы, егіз ұлдарға туыстары мен достары қалыңдық іздеуге білек-сыбана кірісіп кетіпті. Қай жерде егіз қыздар бар, соны іздеген олар кейіннен бұларға хабар береді.

Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC
«Ер жетіп қалғанымызда талай қызбен таныстық. Анамыз біздің егіздерге үйленгенімізді қалады. Содан егіз қыздар іздедік. Өздері ұнағанымен, кейде ата-аналары ұнамаған кездер болды.

Бір күні үлкен әпкеміз автобуста Зәуре мен Фатиманы көріп қалған. Олар әпкемнің құрбысының ауылдастары болып шықты. Наурыз айы болатын, араға адам салып жүріп таныстық.

Қыздармен алдымен мен таныстым, себебі ол кезде Асан Алматыда оқуда еді. Кейін өзі келді. Қыз бен жігіт болып сөйлесіп жүрдік.

Сәл кейінірек ата-анамызбен үйлеріне бардық. Олардың ата-анасы өте қарапайым жандар екен. Біздің үйдегілерге қыздардың өздері де, ата-аналары да бірден ұнады», - деп әңгімесін бастаған Асан Алтыбай егіз қыздардың әкесі егіздерге тұрмысқа шығуына қарсылық танытпағанын жеткізді.

Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC

Тек кейбір туыстары "егіздердің егіздерге үйленуіне болмайды" деп үзілді-кесілді қарсы болыпты. Дегенмен олардың пікірі жас жігіттер үшін кедергі бола алмаған.

Алғашында бойжеткендерді ұзатып аламыз деген жігіттер туыс-достарының «ақыры үйленесіңдер, созудың қажеті қанша?» деген кеңесімен бір күн бойы егіз қыздарды көлікпен аңдып жүріп алып қашады.

Шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап бір-бірінен ажырамаған Асан мен Үсен осылайша 1991 жылдың жаз айында 24 жастарында шаңырақ көтерген.

Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC

Фатима мен Зәуре келін атанған сәтте небәрі 20 жаста болған. Олар қыз күнінде бір шаңыраққа келін боп түсеміз деген ойдың тіпті болмағанын айтып қалды. Дегенмен сезім оты тұтанған соң тұрмысқа шығуға бірден келісім береді.

«Біз Шымкенттегі кооперативтік техникумда білім алып, енді жұмысқа кіріскен сәтіміз болатын. Үсен деген жас жігіт келіп, Алматыда өзінің сыңары білім алып жатқанын, үйлену үшін егіз қыз іздеп жүргенін ашып айтты.

Алғашында мән бермедік. Жұмысқа келіп, жағдайымызды сұрап жүрді. Ол кезде дүкенде істейтінбіз. Кейін Асан да келді, Фатимамен танысты.

Бір қызығы, әлі келін боп түспесек те қайын әпкелеріміз бен енеміз дүкенге қымыз-қымыранын көтеріп келіп тұратын. Сезімдеріміз ұштамыз, осылайша бір күнде келін атандық», - деді Үсеннің жары Зәуре.
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC

Қызықтың бәрі екі келіннің бір күнде ақ босаға аттаған сәтінен соң басталыпты.

Бір-бірінен аумай қалған жас келіндерді туған-туыс былай тұрсын, ата-енелері де кейде айыра алмай қызыққа тап болған. Туыстардың егіздерді оңай айыруы үшін жас келіндер екі түсті халат пен шұлық киіп жүрген.

«Үйленген соң екеуміз де қара шаңырақта тұрдық. Кейде достарымыз «Келіншектеріңді қалай ажыратасыңдар?» деп таң қалатын.

Сырт көзді білмеймін, біз өзіміз ажырата білдік. Асан екеуміз қатты ұқсаймыз. Ал Фатима мен Зәуренің сыртқы келбеттерінде айырмашылық болды.

Фатима - арықтау, Зәуре - ірі денелі. Туыстарымыз келіншектерімізді киген халаттарымен, шұлықтарымен ажыратып жүрді. Бірі көк түстісін, екіншісі қызыл түстісін киіп жүрді.

Марқұм анамыз егіз келіндеріне көпшілікке көп көріне бермеңдер дейтін. Себебі көз бар деп қатты алаңдаушы еді», - деді егіздердің бірі Үсен Алтыбай.
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC

Егіздерді дүниеге әкелген алтын құрсақты ана келіндерін төркінге бірге жібермеген екен. Кезекпен барып тұрыпты. Себебі үйдегі кішкентай балалары қиналып қалады деп ойлаған.

Ерекше атап өтерлігі, егіз келіндер бір-бірінің балаларын «сенің ұлың» не «сенің қызың» деп ешқашан бөле-жармаған. Кезегімен емізіп, тіпті сырқаттанып қалса, сыңарымның баласы демей, өз анасындай уайымдап отырады екен. Сондықтан болар, егіздердің ұл-қыздары да бір үйдің балаларындай тәрбие алған.

Тіпті «мен Асанның қызымын» немесе «мен Үсеннің ұлымын» деп бөлінбейді. Барлығы да егіз ерлі-зайыптыларды «Үсен әке», «Асан әке» не «Зәуре ана», «Фатима ана» деп атайды. Сондай-ақ, егіздердің перзенттері де бір-біріне ұқсайды.
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC

Бүгінде Үсен мен Зәуре - екі ұл, екі қыздың ата-анасы. Ал Асан мен Фатима төрт қыз бен егіз ұлды тәрбиелеп отыр.

Қызықты оқиға демекші, Фатима мен Зәуре алғаш келін боп түскен сәтіндегі мына бір қызықты оқиғаларымен бөлісті.

«Енді келін боп түскен шағымыз. Бірде үйге құдаларымызды қонақ етіп күтетін болдық. Ас үйде шаруамен айналысып жүрдік. Біріміз шай, біріміз тамақ тасып жүрміз ғой. Біріміздің үстімізде көк түсті, екіншімізде қызыл түсті халат. Кіріп шығып жүрген бізді қонақтар аңғарып, ата-енімізге «Келініңіз неге қайта-қайта киімін ауыстырып жүр?» деп сұрапты. Кейін біздің егіз екенімізді біліп, қатты таң қалып күлгені бар», - дейді Фатима мен Зәуре.
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC

Әңгімемізге егіздердің әпкесі Бижамал апай да қосылды. Айтуынша, інілерінің шаңырақ көтергеніне биыл 27 жыл толып отырса да, әлі күнге дейін егіз келіндерін ажырата алмай қала береді екен.

«Туыстарым түгілі, келіндерімді әлі күнге дейін өзім де ажырата алмаймын. Екеуін де «Фатима-Зәуре» деп атаймын.

Егіз ініме осындай егіз келіннің бұйырғаны Алланың берген ерекше сыйы деп ойлаймын. Бұл да көптің басына бұйыра бермейтін бақ қой. Анамыздың егіз қызға үйленіңдер дегенінің астында үлкен бір көрегенділік, данышпандық жатыр ғой.

Екеуі абысын болып, керісіп көрген емес. Егер екі үйдің қыздары болса, мұнша бауырмал болмас па еді?.. Осылардың шаңырағымен мақтанамыз.

Құдаларымыз да суреттерін алып, жүрген жерінде егіз қыздарға үйленген егіз құдаларымыз деп үнемі марқайып жүреді екен», - деді Асан мен Үсеннің әпкесі Бижамал Назарова.
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC

Асан мен Үсеннің қызықты оқиғалары мұнымен бітппейді. Егіз болудың кейде ұтымды тұстары да болып жатады екен.

«Әскерден келген соң мен жолдамамен бірден оқуға түсіп кеттім де, Асан бір жылдай ауылда жұмыс істеп жүрді. Кейін Алматыға кетті. Емтихан тапсыратын уақыт. Мен бір жыл оқып, үйреніп қалғанмын.

Орыс тілінен тапсыратын емтиханға мені ауылдан арнайы алдыртты. Енді мектепті бітірген соң әскерде болдық, кейін бір жыл жүрді. Біраз нәрсені ұмытып қалған ғой. Алматыға бардым. Емтихан өтетін бөлменің сыртында екі-үші жігіт тұр. «Асан, қалың қалай?» деп жағдай сұрап жатыр. Алдын Асан маған ол жігіттерді сырттай таныстырып қойған ғой.

Содан емтиханға кірдім. Алдымен бақылау жаздық, содан соң билет алып, сұрақтарға жауап бердім. «Бастысы, «2» алып қалмасаң болды деген болатын Үсен. Сонымен не керек, емтиханнан өтіп кеттім де, Үсен оқуға түсті», - деп өткенін еске алды Асан.
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC
«Той өткен соң Асан оқуына Алматыға кетті. Біз әдеттегісінше жұмысымызды жалғастырып жүре бердік. Күн сайын кешкі уақытта Үсен Зәуре екеумізді жұмыстан алып қайтады.

Үсен - үнемі жымиып жүретін жан ғой. Ал Асан кішкене сабырлы. Ол араға уақыт өткізіп, ауылға келіп тұратын. Бір күні дүкенге Асан жымиып келіп тұр.

Мен оны Үсен деп ойлап: «Бүгін Асанның келетін күні ғой. Қашан келеді екен?» деп сұрап, әңгімемді айтып тұрмын. «Мен сонда кіммін?» деп түрі бұзылып кетті оның.

Зер салып қарасам, Асанның өзі. Ұялғанымнан не күлерімді, не жыларымды білмедім. Ал ол болса, бірнеше күн маған ренжіп жүрді»,- деп өткен күнін еске алған Фатиманың жүзі күлкіге үйірілді.
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC

Егіздерді ауыл адамдары да әлі күнге дейін ажырата алмайды. Көбі оларды киген киімдерімен айырып жатады екен. Асан жеке кәсіпкерлікпен айналысады, киім киісі де еркін. Ал Үсен - ауылдағы жалпы орта мектепте директор. Үнемі галстукте жүреді. Айтпақшы, егіздердің әйелдері де бүгінде дәл осы мектепте мұғалім.

Ерекше шаңырақ иелері Тосқансай ауылында бір көшенің бойында тұрады. Екі бөлек үй дегені болмаса, егіздердің қарым-қатынасы әлі сол бала күнгідей ажырамайды. Күнделікті асты бір үйден ішеді.

Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ
Егіздер жанұясы. Фото: NUR.KZ: UGC

Бір күні Асанның шаңырағында кешкілік ас дайындалса, келесі күні Үсеннің үйінде. Бір-бір шаңыраққа отаға болып отырған егіздер күн сайын жатар алдында бір-біріне қонаққа барып, амандық-саулық тілесіп барып тарқасады екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1729521-egiz-kyzdarga-jlengen-egiz-zigitterdi-erekse-zanasy-eldi-sjsindirdi-foto/

pixel