RU
Шымкентте берілгеніне әлі төрт ай да болмаған үйдің тұрғындары шу шығарды (фото)
Жаңалықтар Қоғам

Шымкентте берілгеніне әлі төрт ай да болмаған үйдің тұрғындары шу шығарды (фото)

Рассказать Вконтакте

Шымкентте мемлекеттік бағдарлама арқылы пайдалануға берілгеніне әлі төрт ай да болмаған көпқабатты үйдің қабырғалары сыр беріп, канализация жүйесінен ақау шыққан. Қанша жылдан бері армандап келген пәтерімізге қол жеткіздік деп қуанған тұрғындар жаңа үйге көшкелі баспананың кемшілігін түзеумен келеміз дейді. Бұл туралы ашынған халық өңірдегі NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

"Нұрсәт" шағынауданындағы көпқабатты үйлердің пайдалануға берілгеніне әлі жарты жыл да толмаған. Жаңа пәтерге көшкелі бері бірде есікті, енді бірде терезені жөндетіп шаршадық деген тұрғындар енді үйдің қабырғалары сыр беріп жатыр деп дабыл қақты. Ол аз дегендей кәріз құбырынан ақау шығып, жертөлені басқан су қолқамызды алып, мазамыз қашты дейді. Ең сорақысы, пәтердегі сырлы кірпіш (кафель) түсе бастағандықтан, скотчпен жабыстырып амалдап отыр.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

"Нұрсәттегі" №72 көпқабатты тұрғын үйдің төрайымы Маржан Айтубектің айтуынша, аталған үйде 48 пәтер бар болса, оның 37-cіне пәтер кілттері табыс етіліпті.

"Біздің үйді салған мердігер компанияға айтар шағымымыз өте көп. Кәріз жүйесінің құбырлары дұрыс жалғанбаған. Өткен жолы әжетхананың суы жертөледе тасып, тізеге дейін толып қалды. Кейін оны мердігер компания тазалап, "әжетхана арқылы шүберек тастағандықтан құбыр бітеліп қалған" деп өзімізді кінәлап шықты. Жертөледегі құбырлар әлі сыммен байланып тұр. Сасық судың иісі әлі де шығып тұр. Балконның есіктері, терезелер дұрыс жабылмайды. Жылу болғанымен, сырттан келген суықтан қыс бойы үйіміз салқын болып шықты. Осы үйге көшкелі бері мердігер компанияға шағым айтумен келеміз. Бірде су ағып кетеді, бірде "кафельдер" түсіп қалады", - дейді мұңын шаққан тұрғын.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Үй төрайымы ай сайын ақша төлеп отырғандықтан сапалы үйде тұрғымыз келеді, ал құрылыс компаниясы мен жергілікті билік құрғақ уәдені үйіп төгуден ары аса алмай отыр дейді.

№73 көпқабатты тұрғын үй халқын мазалаған мәселе де көрші үйдің мұңына ұқсас.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

"Пәтер кілтін алған кезде сапасы көңіл көншітпеді. Едендер қисық салынған. Шамамның келгенінше өзім жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Мердігер компанияға айтқанымда "әне-міне жасап береміз" деп созып жіберді. Өзім қаңтарда көшіп келдім мұнда, мердігерді күтіп, жаурап отырмаймын ғой. Балкон жақтан суық ұрып тұрды, соны бітетіп, жылу құбырын өзім ретке келтірттім. Тұрғындар болып құрылыс компаниясына да, әкімшіліктегілер де шағым түсірдік. Бір-біріне сілтеді. Тұрып жатқанымызға төртінші ай, газ әлі жоқ. Лифт бұрын істемейтін. Жетінші қабатта аяғы ауыр келіншектер тұрады. Қатты қиналып кетті. Сосын жауаптыларға айтып жүріп уақытша болса да қосып беріңдер деп оны қостырттық", - дейді №73 үйдің төрайымы Гүлзира Ибрагимова.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Айта кетерлігі, аталған үйде де 48 пәтер бар. Оның 38-інің иесі болғанымен, 3-еуіне әлі иесі көшіп келе қоймапты. Есімін жария еткісі келмеген жалғызбасты ана қаңтар айында пәтер кілтін қолыма алғаныммен, онда тұру мүмкін емес болды деп отыр. Мердігер компания басшысына сан мәрте хабарласқаныммен, созып жіберді дейді. Тек тілшілер келіп кеткенін естіген соң ғана компания кемшілікті ретке келтіруге білек сыбана кірісіпті.

"Бұл көпқабатты үйлерді "Құрылыс" және "ЮГСТРОЙСЕРВИС-Н" құрылыс компаниялары жүргізген. Оларға тапсырма бердік. Орын алған кемшіліктер ретке келтіруге он күн уақыт берілді. Олар кемшілікті реттеу жұмыстарына кірісіп кетті. Егер бұл мерзімде кемшіліктер реттелмесе, талапқа сай тағы хат жолдаймыз. Егер одан да нәтиже болмаса, сотқа жүгінуге мәжбүр боламыз. Жалпы үйлердегі қабырғалардың сыр беруі, яғни, жарықшақтар әрлеу кезінде қоспалардың көп жағылып кетуінен болуы мүмкін. Оның ешқандай қаупі жоқ, құрылыс барысында ондай "трещиналардың" болуы қалыпты жағдай", - дейді Шымкент қалалық құрылыс бөлімі басшысы орынбасары Ғалым Өтенбаев.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Сондай-ақ, шенеунік қос үйді салған мердігер компаниялардың құрылыс салуда тәжірибесі мол деп шаң жуытпады. Ал кәріз жүйесінен шыққан ақау тұрғындардың өз салғырттығынан дегенді алға тартты. Өйткені құбырлар жарылып, тазалау жұмыстары жүргізілген кезде ішінен тұрмыстық қалдықтар мен сәбилердің жергөктері шығыпты.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Айта кетейік, қос үйге әлі күнге дейін көгілдір отын берілмеген. Қараша халықтың бірі күнделікті асты электр плитасымен дайындаса, енді бірі газ баллонын пайдалануға мәжбүр. Ал құрылыс бөліміндегілер болса, онда газ құбырлары жүргізілген, енді әрбір тұрғын көгілдір отын жеткізуші мекемемен келісімшарт жасауы керек деп отыр.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
25
3
2
5
0
4
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel