Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал әнші отандық шоу бизнестегі қыздардың тағдыры туралы ашық айтты

Опубликовано:

"Райхон" әнімен кез келген концертті жандыратын тәжік сұлуы Ситора NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат беріп, өзінің жеке өмірі туралы алғаш рет шындықты айтқан болатын. Тәжікстан мәдениет министрінің немересі шығармашылығы, отандық шоу бизнестегі әнші қыздардың тағдыры және фонограммамен ән айтуға қатысты өз пікірін білдірді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Танымал әнші Ситора шоу бизнестегі қыздардың аянышты тағдыры туралы айтты
Сурет Ситораның жеке мұрағатынан алынды: UGC

- Ситора, сіздің өміріңіздің өзі бір кітапқа арқау болары сөзсіз. Тәжікстандағы соғыс кезінде бас сауғалап жат елге көшкендердің бірісіз. Елдегі мәдениет министрінің немересі бола тұра, өте қарапайымсыз. Мұның сыры неде?

- Себебі мен ақсүйектер отбасында өстім. Кішкентайымнан әлемге танымал түрлі режиссерлермен, өнер адамдарымен араластым. Мен әу бастан-ақ деңгейі биік кісілермен әңгіме-дүкен құратынмын. Елдің қолы жетпейтін киім кидім. Тәрбием қанша қатал болса да, өте еркін өстім, не ішем, не кием демедім. Соғыс елдің астаң-кестеңін шығарғанда да менің бойымда кішкентайымнан алған тәрбием қалды. Түксіз қалсам да, менің ақсүйектігім бар. Өмірімдегі қиындықтарды да сабырлықпен қарсы алдым.

Танымал әнші Ситора шоу бизнестегі қыздардың аянышты тағдыры туралы айтты
Ситора Назарованың ата-әжесі: Тәжікстанның мәдениет министрі мен оның жары: UGC

Тәжікстанда тоқсаныншы жылдары соғыс болды. Өте қорқынышты жайттар болды. Біз қашып Мәскеуге бардық. Мәскеуде жүргенде де көптеген жайттарды бастан кешірдік. Кейіннен Парвизді Алматыға жұмысқа шақырды. Оны ел "Азия дауысына" қатысқаннан соң жақсы білетін. Артынша ол мені жанына шақырып алып, сомен осында жұмыс істеп қалдық.

Мен өзім хореграфиялық мектепті бітірген едім. Сондықтан бастапқыда би қоюшы болып, кейіннен бэк-вокалистің бірі болып ән де айттым. Жалпы, менің айналыспаған дүнием жоқ. Өмірде жетістіктерім аз болған жоқ. Таэквондо, каратэ чемпионаттары. Спортпен де өте салмақты түрде айналыстым. Мен таэквондодан әлем чемпионымын. Бірінші дәрежедегі қара белбеуім де бар. Қажет болса, қазір де трюктерді қолданамын.

Танымал әнші Ситора шоу бизнестегі қыздардың аянышты тағдыры туралы айтты
Сурет Ситораның жеке мұрағатынан алынды: UGC

- Сіз бірнеше жол апатын басыңыздан өткердіңіз. Бір сұхбатыңызда бұл апаттардан соң өмірге қайта келгендей болдым депсіз. Қайта қалпыңызға келу қаншалықты қиын болды?

- Иә, екі рет жантүршігерлік жол апатын бастан кешірдім. Бірінші рет Қарағанды-Алматы тасжолында. Бұл жол апатынан екі адам қайтыс болды. Мен бір Алланың құдіретінің арқасында аман қалдым. Бір жыл бойы мойнымда қозғалта алмай жаттым. Маған өте күрделі ота жасау керек болды. Алайда менің анам шөппен емдейтін емші кісі болатын. Ол менің ота жасатуыма мүлдем қарсы болып, өз күшімен аяққа тұрғызды, адам қалпына келтірді. Егер анам Мехримигор болмаса, қазір менің омыртқамда темір тұрар еді. Анам маған қайта жүруді үйретті.

Танымал әнші Ситора шоу бизнестегі қыздардың аянышты тағдыры туралы айтты
Сурет Ситораның жеке мұрағатынан алынды: UGC

Жол апатынан соң мені жедел түрде Алматыға жеткізу керек болды. Әуежайға келгенде мені ешкім танымай қойды ғой. Бет-әлпетімнің быт-шыты шыққаны соншалық, Ситора екеніме әуежай қызметкерлері сенбей қойды. Бір жылдан соң басымды әрең қозғалттым. Бірақ, апаттан соң йогамен айналыса бастадым.

Солай ақырындап, әйтеуір қалпыма келдім. Ал екінші рет Алматы қаласында шағын автобус біздің көлікке келіп соғылды. Көлік аударылып кетті. Менің шекем магнитофон тұрған жерге барып тиген. Дәрігерлер өліп кетуім мүмкін еді. Аман қалдым, бірақ мен есте сақтау қабілетімнен айырылдым. Тіпті қазірдің өзінде қайта қалпына дұрыс келген жоқ. Кей адамдарды ұмытып қалуым мүмкін. Менің мұндай апаттардан соң аман қалуымның өзі - бақыт.

- Бір сұхбатыңызда ресейлік шоу бизнесте жетістікке жету интим арқылы жүзеге асады деген едіңіз. Отандық шоу бизнеске келер болсақ. Сіз мұндай ұсыныстармен бетпе-бет кездесіп көрдіңіз бе?

- Білесіз бе, күйеуімнің кім екенін бәрі білгендіктен шығар, ешкім маған ондай ұсыныстар жасап көрмеген. Бірақ көптеген бизнесмендердің біздің әншілерге деген көзқарасын, қарым-қатынасын өз көзіммен көрдім.

Бір жағынан, әнші қыздардың өздері де соған жол беретін сияқты. Олар өздерін құшақтауға, түрлі әрекеттер жасауға мүмкіндік береді. Шын мәнінде, өте тәрбиелі, сол күйінде қалатын әншілер жоқ емес. Бірақ шындықтың бетіне тура қарасақ, ешкіммен төсектес болмаған, болмайтын әншілер саусақпен санарлықтай.

Танымал әнші Ситора шоу бизнестегі қыздардың аянышты тағдыры туралы айтты
Сурет Ситораның жеке мұрағатынан алынды: UGC

Шоу бизнестің барлығы дерлік төсек қатынасына құрылған. Бірақ, әлбетте, әркім өз өмірі үшін өзі жауапты. Ешкімді кінәламаймын, ешкімге тас атпаймын. Әр адам өзінің өмірін өзі құрады. Сондықтан, біреуді сөгіп, неге олай істедің деуге менің қақым жоқ.

- Еліміздегі той бизнес тенденциясына деген көзқарасыңыз қандай? Тойға шығып тұрасыз ба?

Танымал әнші Ситора шоу бизнестегі қыздардың аянышты тағдыры туралы айтты
Сурет Ситораның жеке мұрағатынан алынды: UGC

- Мен тойға, корпоративтерге барып ән салғанды жақсы көремін. Елді қуантқанды жақсы көремін. Қайда ән айтқаның маңызды емес. Бірақ егер сен ән айтып тұрған жерде ел тамақ жеп отырса, сенің әнші ретінде қадірің кетеді. Ішкі бағаңды түсіреді. Әр әнші қымбат концерт қойғанды, стадионда ел алдында марқая өнер көрсеткенді армандайды. Бірақ Қазақстан шоу бизнесін дәл қазіргі уақытта тойсыз елестете алмайтын болдық.

Қазір мен ел қатарлы қарапайым ғана әйелмін. Отбасымды, ұлымды асырауға міндетті болғандықтан мен тойға барып, ақша табамын, оған еш арланбаймын. Бірақ, бір айтарым, мен ешқашан фонограммамен ән айтпаймын. Мәселен тойға ән айтуға келсем, онда дыбыс қою мүмкіндігі қандай дәрежеде болса да, мен жанды дауыста айтамын. Арым таза. Менімен бірге барлығы би билеп, ән айтумен болады. Мен өзіме фонограммамен жұмыс істеуге мұрсат бермеймін.

Танымал әнші Ситора шоу бизнестегі қыздардың аянышты тағдыры туралы айтты
Сурет Ситораның жеке мұрағатынан алынды: UGC

- Сонда фонограммамен мүлдем ән айтпайсыз ба?

- Мәселен, соңғы концерттік бағдарламамда мен фонограмма жазбадым. Өзімді еркелетіп жібермеу үшін осылай жасадым. Мен бағдарлама жасадым, бэк-вокал жаздырттым, бірақ фонограмма жазғызбай қойдым. Себебі мен жанды дауыспен айтқаннан ләззат аламын. Сахнаға әдемі көйлек киіп, фонограммамен ән айту үшін емес, елмен бірге билеп, шынайы ән айтуға келдім дей ойлаймын. Фонограммамен ән айту-айтпау - әншінің бетіндегі ар-ұяты.

Мен қазір Vivat деп аталатын би ұжымымен өте жақсы бағдарлама әзірлеудемін. Яғни, біз бірге өнер көрсетеміз. Өте әдемі шығыс бояуы бар бағдарлама. Қазіргі таңда бірнеше жерде концерт қоюды жоспарлап отырмыз. Жақында Өскеменге барып келдік. Шымкентте концерттік тур өткізуді жоспарлап отырмыз.

- Сізді әнші ғана емес, актриса ретінде де білеміз. Шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар?

- Бала кезімнен шығармашылық ортада өскендіктен, суретшілер, режиссерлер отбасында дүниеге келгендіктен мен басқаша бола алмаймын. Егер мен математиктер отбасында болсам, әңгіме басқаша болар еді. Мен сонымен бірге қоюшы режиссер ретінде де түрлі концерттер мен жобаларды жүзеге асырып жүрмін.

Танымал әнші Ситора шоу бизнестегі қыздардың аянышты тағдыры туралы айтты
Сурет Ситораның жеке мұрағатынан алынды: UGC

Біраз отандық, тәжік режиссерлерінің картиналарында түрлі рөлдерді сомдап жүрмін. Жуырда Шотландияда түсірілетін "Проникновение" деп аталатын мистикалық триллерде басты рөлді сомдауға шақырып отыр.

Режиссері - Садық Саган. Айтпақшы, ол картинада қазақтың әйгілі дирижері, скрипкашы Марат Бисенғалиев те ойнайды. Ол фильмде скрипкада ойнайтын болады. Мен басты рөлді сомдаймын әрі ән айтамын. Фильм Шотландиядағы өте ежелгі замокта түсірілмек. Сонымен бірге былтыр Гагаш екеуіміз "Закат-Рассвет" деп аталатын әнімізге клип түсірдік. Бұйырса әлі де шығармашылығымды қарқынды дамыта түсемін деген ойдамын.

Танымал әнші Ситора шоу бизнестегі қыздардың аянышты тағдыры туралы айтты
Сурет Ситораның жеке мұрағатынан алынды: UGC

- Туған жеріңіз, тарихи Отаныңыз Тәжікстанға оралу ойыңызда жоқ па?

- Білесіз бе, Қазақстан - менің екінші Отаным. Алматысыз өмір сүре алмаймын. Өмірімнің көп бөлігін осында өткізгеннен соң мен қазақ елін Отаным деп есептеймін. Мен мұнда алғашқы махаббатымды жолықтырдым. Мен басқа жаққа барсам, Алматыны сағынып тұрамын. Осында келсем, тынысым кеңейіп, өзімді жақсы сезінемін. Сондықтан, әзірге ойымда жоқ.

- Отандық шоу бизнестің қазіргі деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

- Қазір бүкіл әлем ән айтқысы келеді. Шынымды айтайын, мен караокеге барғанда сондай талантты алдамдарды кездестіремін. "Ей, біздің нанымызға ортақтаспаңдар, мүлдем ән айтпаңдар" деп әзілдеймін. Олардың дауысы шоу бизнестегі менмін деп жүргендерден мың есе асып түсіп жатады.

Танымал әнші Ситора шоу бизнестегі қыздардың аянышты тағдыры туралы айтты
Сурет Ситораның жеке мұрағатынан алынды: UGC

Бұрын "Тамашаның" құрамында ел-елді аралап гастролге шығатынбыз. Тіпті сонау түкпірлерге баратынбыз. Сөйтіп дастархан басында жергілікті халық домбырамен ән айтып, өнерін көрсете бастайды. Мен сонда әртістерге "мына кісілердің өнерінен соң сіздер ән айтпай-ақ қойыңыздаршы" деп күлемін.

Ондағы кісілердің дарындылығы сонша, біз барымызды жиып, шоу бизнестен кетіп қалғанымыз дұрыс болар еді. Олар керемет жұлдыз бола алатынын тіпті өздері де білмейді. Сиыр сауып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүгіріп жүретін әйелдер әлеуетінің, дарынының қаншалықты мықты екенін сезбейді де. Міне, халық арасындағы осындай "асыл тастарды" қадірлеуіміз керек сияқты.

Танымал әнші Ситора шоу бизнестегі қыздардың аянышты тағдыры туралы айтты
Сурет Ситораның жеке мұрағатынан алынды: UGC

Еске салсақ, Ситора Назарова ел білмейтін сырымен бөлісіп, қылмыс әлемінің серкесі болған күйеуі Рыжий Алмаз (ред. - Несіпбай Нәсенов) туралы алғаш рет сұхбат берген болатын. Сонымен бірге ол өзінің 22 жастағы ұлы Руми Назаровты да елге көрсеткен-ді.

Ескерту! Материал ҚР құқықтық заңнамасымен қорғалған. Мақаланы тарату, көшіріп басу немесе өзге де мақсаттарға пайдалануға қатаң тыйым салынады!

Сұхбат алатын орын ұсынған Nova Cafe мейрамханасына алғыс айтамыз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1731317-tanymal-nsi-otandyk-sou-biznestegi-kyzdardy-tagdyry-turaly-asyk-ajtty/

pixel