Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ОҚО-да контейнерде тұрып жатқан қарияның аянышты тағдыры жұртты жылатты (фото)

Опубликовано:

ОҚО-да контейнерді паналаған 69 жастағы қария жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Сапар Әбдірасилов
Сапар Әбдірасилов: UGC

Мақтарал ауданына қарасты Қазыбек би ауылдық округі, Құрбан ата ауылының 69 жастағы тұрғыны Сапар Әбдірасиловтың тағдыры құдды бір шытырман оқиға іспеттес. Көпбалалы отбасынан шыққан ол мектеп бітірген соң Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.

Екі жыл әскерде болып, ауылына келіп шаңырақ көтереді. Өзінің айтуынша, жары науқастанып қайтыс болыпты. Тағдырдың сынағы оған қатты батқан болу керек, не істерімді білмей басым қатып қатты қиналдым дейді. Кейін жоғары оқу орнына түсіп, мал дәрігері мамандығын алып шығады. Күн көрістің қамымен жүріп жол көлік апатына ұшырайды. Салдарынан бір жолаушы қайтыс болады.

Сапар Әбдірасилов
Сапар Әбдірасилов: UGC

Көлікті басқарған Сапар Әбдірасиловтың өзі болғандықтан темір торға тоғытылады. "Төрт жыл түрмеде отырып шықтым" деген ол бостандыққа шыққан соң Шардара ауданындағы құмды далада бір шопанның қолына жұмысқа тұрады. Жұмыс беруші қария оны өкіл бала етіп, жиырма жылдай қолында ұстапты.

"Мал бақтым, қой қашырдым. Мал дәрігері маманымын ғой, қолымнан келгенін жасап, күнімді көріп жүрдім. Жасым келген соң еліме қайттым. Мен жас емеспін, өз өмірімді сүрдім. Өмірім қызықты сәттерге толы дей алмаймын, ащы болды. Қуанатын нәрсе жоқ. Жасым келген соң қалған өмірімді өз жерімде сүріп, осында жерленгім келеді. Себебі марқұм ата-анам осында жерленген. Тек көше иттері ұқсап әр жерді паналағым келмейді", - дейді өткенін көз алдынан өткізген қария.

Жетпіске таяп қалған тұрғын бауырларынан еш қайырдың қалмағанын жеткізді. Бір інісімен отбасылық жанжалдан соң 35 жылдан бері мүлдем араласпайды.

Сапар Әбдірасилов
Сапар Әбдірасилов: UGC

"Астана қаласында тұратын қарындасым ауылға келген сәтінде шамасы келгенінше азық-түлік пен киіміңе деп азын-аулақ ақша ұстатып кетеді. Ал басқа бауырларымнан көмек жоқ", - деген ол ауыл адамдары кейде үйлеріне шақырып, тамақтандырып тұратынын жасырмады.

"Күніне неше мезгіл тамақтанасыз?" деген сауалымызға алған жауабымыз тіпті біздің төбемізден жай түсіргендей болды.

"Азық-түлік тапсам, бір мезгіл тамақ істеп ішемін. Таппасам, құры шай ішіп жүре беремін. Жалпы тамақты үш күнде бір тауып ішемін. Аш қалып бара жатсам, ауыл аралап кетемін. Ауылдың адамдарында мейірімділік қалған ғой, тамақтандырып жібереді. Кейде ауылдағы дүкеннен қарызға анау-мынау жаздырып аламын да зейнетақымнан беремін. 20 мың теңге зейнетақы аламын. Тамағым бар, киімім бар әрең жеткіземін. Қыста ауыл адамдарынан қарыз алып, қыстық киім алдым. Әлі құтылмадым. Оларға "Тірі болсам, беремін. Егер кетіп қалсам, кешірім бересіңдер. Ана жақта да сұрауы болады" деп айтамын", - дейді қария.

Сапар Әбдірасилов
Сапар Әбдірасилов: UGC

Сапар ақсақалдың бір күні Құрбан ата ауыл ішінен бір жарым шақырым қашықтықтағы егістік дала аумағында өтеді. Контейнерді паналаған ол туыстары берген шағын жерге орамжапырақ, пияз, жүгері егіп, күнін көріп отыр. Егіс болған соң кейде шығынға да батамын дейді ол.

"Мен бұрын інімнің қолында тұрғанмын. Ол көшіп кетті. Кейін кепеде өмір сүрдім, ол өртеніп кетіп осылай далада қалдым. Екі жыл болды осы контейнерді паналап келемін. Жаз ауасында білінбейді, қыста денем еш жылынбайды. Пеш жағамын, темір контейнер қайдан жылынсын?.. Кейде өшіп қалады. Қыс бойы жаурап шығамын. Арасында арақтан ұрттап тұрамын, мойындаймын. Жылынуым керек қой. Аспан бұлттанса, сүйектерім сырқырап шығады. Осылай күн кешіп отырмын" , - деп сөзін жалғады тұрғын.

Сапар Әбдірасилов
Сапар Әбдірасилов: UGC

Қараңғылық заманда күн көріп отырған қария каналдан су тасып ішеді. Шағын ғана құрылғыдан радио тыңдап, күнделікті жаңалықтардан хабардар болып отырады. Контейнердің жанынан жер астын қазып, шағын бөлме жасап қойған. Аптап ыстықта сол жерді пана етеді.

Сұқбат барысында өз баспанам болса, басқа ешнәрсе керек емес деп арманын жеткізген қария жыл басында "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалынан көмек сұрап хат жазғанын айтып қалды. Әзірге ондағылардан әлі хабар жоқ дейді ол. Егер жергілікті биліктен үміт болмаса, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұрап, хат жазамын деп отыр ақсақал.

"Мемлекет біз секілді қарияларды, көмекке мұқтаж жандарды қарауына алуы керек қой. Қарттарын көше бездіріп жіберетін мемлекет емеспіз. Қазақстан мына елге мынандай көмек жасады деп шетелдік журналистер жазып жатыр емес пе? Ал мен секілді қариялары дала кезіп жүргенін көрсе, не болмақ?", - деген Сапар ақсақал қарттар үйіне барғысы келмейтінін жеткізді.

"Ол жақта тек бір ғимараттан шықпайды екенсің. Құдды бір аурухана секілді. Ал менің ол жаққа барғым жоқ. Мен еркіндікті қалаймын. Ауыл аралап, осы жерде өлгенге не жетсін?", - деп сөзін түйді тұрғын.

Сапар Әбдірасилов тұрып жатқан контейнер
Сапар Әбдірасилов тұрып жатқан контейнер: UGC

Осылайша таң атысы мен күннің батқанын шағын ғана контейнер ішінде өткізіп отырған қария сұхбат соңында мемлекет өзі секілді қарияларды далада тастамайтынына әлі де болса үміті барын айтты.

Осы ретті біз тұрғынға билік тарапынан қандай көмектің беріліп жатқанын білмек болып, Қазыбек би ауылдық округінің әкімі Дәулет Оразовпен тілдестік. Әңгімесін қарияның өткен өмірімен бастаған әкім ол кісі адам өлтіргені үшін 15 жыл темір тордың ар жағында отырып шыққан дейді. Содан кейін әйелі мен балалары одан теріс айналып кетіпті. Қазіргі таңда қарияның әйелі және балаларының қайда екені белгісіз.

"Ол кісіге 2009 жылы мемлекет есебінен тұрғын үй салуға 15 соттық жер берілді. Алайда ол ішіп, жерді сатып жіберген. Екі жыл өткен соң ауылдағы мазараттан шағын үй салынып, "енді ішпе" деп сонда жайғастырылды. Бірақ, ішіп алып елдің мазасын қашырды. Темекі шегіп отырып өрт шыққан соң ол жақтан да кетті. Біз демеушілер есебінен айына бір-екі рет азық-түлігін әперіп тұрмыз. Тек ол кісі үй салып бер деп ашуланады. Жер сұрайды, оған бір рет жер беріліп қойған. Екінші рет берілмейді, заңға қайшы", - деп сөзін бастады әкім Оразов.

Сапар Әбдірасилов тұрып жатқан контейнер
Сапар Әбдірасилов тұрып жатқан контейнер: UGC

"Ол қарияға қатысты бізде тек бір ғана "вариант" қалды. Қарттар үйіне өткізу. Бұл туралы ол кісіге бұған дейін де айтқанбыз. Бірақ қарсы болды. Енді ауыл ақсақалдарымен ақылдаса келе оны мәжбүрлі түрде қарттар үйіне заң аясында жіберу туралы шешімге келдік. Былай айтқан кезде, ол кісі қазір қоғамға зиян. Ақыл-есі ұрыс, тек ішеді. Қазір құжаттар реттелу үстінде. Осы мамыр айында дайын болып қалады",-деді әкім Дәулет Оразов.

Қысқасы, жергілікті биліктің айтуынша, контейнерді паналаған қария енді мәжбүрлі түрде қарттар үйіне жіберілмек екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1732395-oko-da-kontejnerde-tryp-zatkan-kariany-aanysty-tagdyry-zrtty-zylatty-foto/

pixel