Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Оны ұстап отыр": Алматыда жоғалған баланың анасы мен әжесі өз болжамдарын айтты

Опубликовано:

Алматыда аулада ойнап жүрген жерінен жоғалған бүлдіршін әлі табылар емес. 4 жасқа енді толатын Әрсен Көмековті іздеуге қаптаған полицей мен ерікті кіріссе де, нәтиже жоқ. Ойын баласы 5 күн бұрын үйінің қасында қараусыз жүріп, қапыда із-түссіз кеткен деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Алматыда жоғалған баланың әжесі немересін біреулердің ұстап отырғанын айтты
Алматыда жоғалған баланың әжесі немересін біреулердің ұстап отырғанын айтты: UGC

Анасы баласын сағынып ішқұса. Әжесі немересін құшағына алуға зар. Өзегі өртенген өзге жақындары да Әрсенді уайымдап, күні-түні осында жүр.

Бірақ, әзірге оларға бар жұбаныш қолда бар бүлдіршіннің суреті болып тұр.

Аядай болса да, жалдамалы үйде 8 адам тұрып жатқан. Өкініштісі сол, әлі есі кірмеген Әрсенді ешкім бақыламапты. Ал, анасы жұмыста болғанын айтады.

Ылғи алдынан жүгіріп шығатын ұлы сол күні күлімдеп күтіп алмағанда-ақ Жанардың көңілінде күдік пайда болған.

"Осы жерде «мама» деп алдымнан жүгіріп шығатын. Осында келген кезде. Ешқандай хабар жоқ. Білмеймін, бір жағынан қорқамын...", - дейді жас ана Жанар Көмекова.

5 күн бойы бір хабар болмаған соң жақындарының ойы сан-саққа кеткен. Оны біреулер ұстап отыр деген болжамдары да бар.

"Кім ұстап отырса да, мына баламызды қайтарып әкеліп берсе болды. Біз тіл де тигізбейміз, заң орнына да жазбаймыз. Баламыз үшін бар ғой, неғұрлым ортамызға келсе болды", - дейді әжесі Зәуре Сейбосынова.

Ең алдымен құдықтар мен жақын жердегі өзен жағалауын қарап шыққан полицейлер үй-үйді аралап, сұрастырып жүр. Із-түссіз кеткен ұлдың суреті де жан-жаққа ілінуде.

"120-ға жуық полиция қызметкерлері баланы іздеуге жұмылдырылды. Қазіргі таңда «Шаңырақ» ықшамауданына шекаралас басқа да ықшамаудандар тексеруге алынды. Бейнекамералардың жазбалары да толығымен талданып жатыр", - дейді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Іздеуге еріктілер, тіпті, кинологтар да ат салысып жатыр екен. Ал тума-туыс үміттерін үзбейді. Қазір оларға Әрсен туралы кез-келген ақпарат маңызды. Сондықтан, баланы көргендер, не ол туралы естігендер болса, тез арада хабар беруін өтінуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1732982-ony-stap-otyr-almatyda-zogalgan-balany-anasy-men-zesi-z-bolzamdaryn-ajtty/

pixel