Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ауыл балалары әйгілі дисней мультфильмдерін қазақша көретін болды

Опубликовано:

Бүгін Астанада өткен брифингте тілшілерге биылғы жылы кішкентай көрермендерге ұсынылатын, қазақ тіліндегі төрт диснейлік мультфильмнің трейлері көрсетілді. Жиында бұдан бөлек "Болашақ" корпоративтік қорының бірқатар мүшелері мен танымал компания өкілдері шетелдік фильмдерді қазақ тілінде дубляждауға қатысты мәселелер көтерді деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған парламент мəжілісінің депутаты, "Болашақ" ассоциациясы кеңесінің төрағасы Бахтияр Мəкен дисней мультфильмдерінің қазақ тіліне аударылуы маңызды қадам екенін айтты.

"Елбасының өзі ана тілінің ұлтымыз үшін қаншалықты маңызды екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан бұл жобаның мақсаты мен міндеті зор. Ең алдымен ауылдағы қазақ балалары қуанатын болды. Себебі биыл жазда төрт бірдей мультфильм қазақ тілінде кішкентай көрермендерге жол тартады. Жалпы шетелдік анимациялық өнімдерді қазақша дубляждау мәселесі қашан да өзекті болып қала бермек. Сондықтан мәжіліс бүгінде Қазақстан тәуелсіздігінің 27 жылында алғаш рет "Кинематография туралы" заңды қарап жатыр. Бұйыртса заң осы жылдың күз айында қабылдануы керек",-деді ол.

Сол сияқты брифингте сөз сөйлеген Ivi.ru онлайн-кинотеатрының өкілі Артем Егоренков дисней өнімдерінің қазақ тіліндегі нұсқасының шығуы, "ең алдымен шетелдегі қандастарымыз үшін маңызды" екенін мəлімдеді.

"Мен əлемді көп шарлаймын. Сол кезде шетелде жүрген қазақтарды да жиі кездестіремін. Мысалы Германия жəне т.б. Енді олар онлайн кинотеатр арқылы қазақ тіліндегі диснейлік мультфильмдерді тамашалай алады. Тамаша емес пе?",-деді мейман.

Сонымен бірге ол еліміздегі дүкендердің бірінде орын алған қызықты оқиғасымен де бөлісе кетті.

"Тұрғындардың бірі қазақша мультфильмді көр дейсіздер, қалай көреміз? Дубляжы сапасыз, көру мүмкін емес дейді. Біз сөзіңіз аузыңызда деп, бір мультфильмді қосып бердік. Ол кісі қатты таң қалды. Шетелдік мультфильмдерді де ана тілінде көруге болады екен ғой деп ойын өзгертті",-деп күлді ол.

Айта кетерлігі 2011 жылы "Болашақ" корпоративтік қорының төрағасы Бауыржан Байбектің бастамасымен голливуд фильмдерін қазақ тілінде дубляждау жобасы қолға алынған еді. Қордың мұрындық болуымен бүгінге дейін 23 голливудтық кинокартина қазақ тілінде көрерменге жол тартқан. Жоба аясында тек биылғы жылы төрт бірдей мультфильм кішкентай қазақстандықтарға көрсетіледі деп күтіліп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1733378-auyl-balalary-jgili-disnej-multfilmderin-kazaksa-kretin-boldy/

pixel