Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Туған баласы көз алдында өз-өзін өртеп жіберген ана елге жанайқайын жеткізді (фото)

Опубликовано:

Алматы облысының тұрғыны Зиядаш Бүркітбаева NUR.KZ порталының редакциясына хабарласып, басынан өткен жантүршігерлік оқиғасын баяндап берді. Айтуынша, оның ұлы келінімен жанжалдасып, анасының көзінше өзін өзі өртеп жіберген. Бауыр еті баласының азабын өз көзімен көрген ол оның мұндай қадамға баруына құдашалары итермелегеніне сенімді.

Туған баласы көз алдында өз өзін өртеп жіберген ана елге жанайқайын жеткізді (фото)
Туған баласы көз алдында өз өзін өртеп жіберген ана елге жанайқайын жеткізді (фото): UGC

Зиядаш Бүркітбаеваның айтуынша, 1995 жылы туған ОҚО тумасын келіп қып түсірген күннен бастап небір жайттарды бастан кешірген. Олардың ең сорақысы, келінімен жанжалдасқан ұлының көз алдында өртеніп кеткені болыпты.

"Ұлым үйленуге асықпады, қыз таңдады, ақыры жеті қыздың кенжесі болған Сарыағаштың қызы маңдайына жазғаны шығар, таңдауы соған келіп тынды. Негізі ұлым мінезі жұмсақ, сабырлы, арақты аузына алмайтын жарқын жүзді еді. Әрдайым басынан аяғына дейін әппақ киініп жүретін. Сондықтан жеңгелері «Ақжігіт» деп атады. Оның үстіне мамандығы жүріс-тұрысына, мінез-құлқына сай медик-фельдшер еді", - дейді Зиядаш Бүркітбаева.
Туған баласы көз алдында өз өзін өртеп жіберген ана елге жанайқайын жеткізді (фото)
Туған баласы көз алдында өз өзін өртеп жіберген ана елге жанайқайын жеткізді (фото): UGC

Айтуынша, Рахымжан болашақ жары Ләйләмен Сарыағаштағы туыстарының көмегімен танысқан. Сөйтіп 2016 жылдың 26 шілдесінде ол қызды ұзатып, Алматыдағы үйіне алып келіпті.

Бірақ, Зиядаш Бүркітбаева жаңа түскен келін "келін" болып жарытпағанын айтады. Ол үнемі ұрыс шығарып, тіпті күйеуінің жұмыс істеуіне де кедергі жасапты.

"Желтоқсанның аяғында үйде қатты ұрыс болды, баламның алдында екеуміз қатты ұрыстық, сөзден қайтпайды, көз алдымда тұр баламның шарасыз күйі. Баламның қолы іске бармады, сөзге тоқтамайды, «кетем, кетем, кетем» деп мазаны алады. Істемедің демедім, жұлынып жүреді жын ұрғандай кейде «мама мен өстіп қағынып қаламын кейде» деп кешірім сұрайтын еді. Айтатыны мен әлі кішкентаймын, жаспын дейді", - дейді ол кісі.

Осындай бір жанжалдан соң келіннің әпкесі Малика Сарыағаштан арнайы келіп, жастардың өміріне араласа бастаған. Ол Рахымжанды айыптап, сіңлісімен ұрысқаны үшін қоқан-лоққы көрсеткен.

Туған баласы көз алдында өз өзін өртеп жіберген ана елге жанайқайын жеткізді (фото)
Туған баласы көз алдында өз өзін өртеп жіберген ана елге жанайқайын жеткізді (фото): UGC
«Қайынағасының атымен бізді қорқытады, частный әскері бар, айтсам болды, жердің түбіне тығып жібереді» деп. Ақыры тынышталып, Малика Ләйланың өзіне ұрысып, «енді қайтып келмейтін болайын, дұрыс жүр, Рахымжанды сыйла» деді.

Дәл осы күні Малика құдағиынан ұлы мен келінін Сарыағашқа алып кетуге рұқсат сұрағанын айтады.

"Құдағи Рахымжанды Сарыағашқа жіберіңіз менің және Гүлбанудың (автор. - келіннің екінші әпкесі) үйіне еуроремонт жасап берсін, тойына ақша тауып келеді, сіздерге салмақ салмайды, Ләйланы да жіберіңіз, Гүлбанудың баласын бағып береді, ол 15 мың теңге төлейді, ең болмаса той көйлегінің ақшасын табады ғой» деді. Мен өздері білсін деп келістім. Ақпан айының басында екеуі Сарыағашқа кетті", - деп көзіне жас алды ана.

Зиядаш апайдың айтуына қарағанда, құдаша Рахымжан мен келінін әкетіп, тегіннен-тегін үйінің жұмысын істетіп, бүкіл жөндеу жұмыстарын істеткен.

"Балам мен келін Гүлбану әпшесінің үйінде 3 айға жуық болған. Енесі Ұлбосынның үйін бастан-аяқ жасап, ол кісінің сандығына дейін кіргізіп, көрпе-төсегіне дейін жинап берген. Еңбекақысын да бермеген. 2017 жылы 5 шілде күні мен келін мен баламды көру үшін Алматыдан Сарыағашқа келдім, оларды Ұлбосын апаның үйінде көрдім, балам азып-тозып кеткен екен, жылап көрістім. Жұмыс істеу оңай ма, оның үстіне ақысын уақытында бермей шаршатқан. Бәрінен де Ләйланың шантажы оны әбден шаршатқан, уақытында шай-тамағын бермей күйдірген, жұмыс істеп жатқанда электр тогын өшіріп кедергі жасаған. Балам неде болса еңбекақымды алып қайтайын бос қайтпайын деп тырысыпты", - дейді ол.

Айтуынша, 14 шілдеде Ләйла босанып, Алматыға қайтып кеткен ана Сарыағашқа қайтып барады.

"Бір-бірімізді құттықтасып, келінді көрдім, баланы көрдім, қуандым. Сол күн емханаға барғанда балалар дәрігері «келініңіздің мінезі қызық екен, екі күнге дейін баланы алмады, емізбеді, қызық екен" деді. "Иә, ол сондай", - дедім мен", - дейді ол.

Келіні аман-есен босанғанымен, ұлы әйелімен тұрудан бас тартқан.

"Сол күні кешке мен кететін болдым, Рахымжан да қалмаймын, кетем деді. «Миды жеп қойды, шаршадым, аман-есен босанды, енді көргім келмейді, адам болмайды, ұрыс шығара береді, қырсыға береді, Малика мен Гүлбанудың сөзіне ере береді деді.
Туған баласы көз алдында өз өзін өртеп жіберген ана елге жанайқайын жеткізді (фото)
Туған баласы көз алдында өз өзін өртеп жіберген ана елге жанайқайын жеткізді (фото): UGC

Сонымен Алматыға ұлым екеуміз кетіп қалдық, келе жатып Сарығашта қанша рет разборка болғанын айтты "туысқандарының бәрінің көзі жетті, маған кінә арта алмайды, жаздырып алдым, жалғыз ағасы Бекмұрат та ұрысты, Рахымжанды неге сыйламайсың ендігәрі тағы осылай қырғын салсаң өзім-ақ өлтіріп тастаймын деп айтты" деді. Мен онымен өмір сүргім келмейді, тек аман-есен босанғанын тілеп жүрдім" деді.

Алматыға үйге келген соң Ләйла звандап тыныштық бермеді, балаңды өйтем, бүйтем, көрмейсің деп, тағы өзім автобуспен бара берем деп. Кішкентай баланы өлтіріп ала ма деп, баламды алып келуге көндірдім, поезға билет алып бердім, 26-шілдеге Нүкіс-Сарыағаш поезына. Амалсыз кетті, әкеп берем, бірақ мен кетіп қалам деген еді. Балам баласының туу куәлігін Шымкенттен ЦОН-нан алды, ЗАГС-тен өтуден бас тартты, атын өзі қойып, әкелігін мойындады", - деп баяндайды анасы.

Айтуынша, келіні мен баласы сол күйі тіл табыса алмаған. Оны үйге әкелгеннен кейін бірнеше күннен соң олардың арасында қайта ұрыс-керіс болып, ұлы келінін ұрып жіберген. Осылайша, баланы тастаған келіні қайынағасының үйіне қашып кетіпті.

"1 тамыз күні үйде үлкен ұрыс болды, балам ашуланды, Ләйланы ұрды, ол қашып қайнымыздың үйіне барды. Олардың ұрысын телефон арқылы естіген әпкелері де Алматыға жетті. Малика мен Гүлбану үйге 3 тамыз күні сағат 11.00-лер шамасында келді, Рахымжанға 3 күн бойы қаншама ауыр сөздер айтты, бір құдайға аян, Алла жазаларын берсін, көшені басына көтеріп келді екеуі Рахымжан алдынан шығып, дарбазадан кіргізіп, өзі кетіп қалды, олар неге қашады, балаң қашпасын жерге кіріп, аспанға ұшып кетсе де құтылмайды, түрменің түбінде шіриді, «үлкен адамның» атын жамылып үнемі қорқытумен, қоқан-лоққы көрсетумен келді.
Бір кезде балам кіріп келгенде екі әпшесі жұдырықтарын алып, Маликасы баламның бетінен шапалақтап, аузына келгенін айтып жатты. Арасына түсіп арашаладық, балам сол кезде сыртқа шығып кетіп, қайта келді. «Мен сендерден өліп құтылам» деп зажигалканы жағып жібергенде денесі өртке оранды.
Туған баласы көз алдында өз өзін өртеп жіберген ана елге жанайқайын жеткізді (фото)
Туған баласы көз алдында өз өзін өртеп жіберген ана елге жанайқайын жеткізді (фото): UGC
«Ойбай балам не істеп қойдың далаға шық» деп айқайладым, екі әпшесі сыртқа қарай қашты, баламның үстіндегі футболкасы мен шортиы жанып түсті, огородқа барып отыра қалды. Қолыма түскен паласпен өртті өшірдім, келіншегі көмектесуге ұмтылды, бірақ әпшелері сүйреп қашты. Олар сол бойда Жетіген округтық полиция бөлімшесіне менің балам - Айтуев Рахымжан Мақсұтұлының үстінен ұрды деген арыз түсірген, біз ол кезде Грэске баламды скорыймен алып кеткенбіз", - деп егіліп жылады ана.

"Жетіген округтік полиция бөлімшесінің қызметкерлері машинасымен оларды Ләйла мен Гүлбануды үйге ертіп келіп, үй иелерінің рұқсатынсыз және баламның өртенгенінен хабардар бола тұра келіннің киімдері мен құжаттарын алуға көмектескен. Одан кейін болған жағдай туралы менен осы күнге дейін бірде-бір рет мән-жайды сұрамады...

Балам 12 тамыз күні Алматы қалалық №4 ауруханада көз жұмды. Міне содан бері 10 айға жуық уақыт болды, келіннен де, құдашалардан да, құдалардан да, Жетіген ауылдық полиция бөлімшесінен де, Іле аудандық Ішкі істер бөлімінен де хабар жоқ, ең болмаса мұсылманшылық салтпенен қайыр болсын айтып, құран оқытып бата жасамады. Әуелі Алладан бірақ соған себепкер адамдар емес пе, өтірік айтпайын 20 тамыз күні кешке тергеуші Е. Шәукеновтің, кейін оның орнын ауыстырған тергеуші Абылайдың қабылдауында болдық. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ", - деп налыды ана.

Алайда Зиядаш Бүркітбаеваның арызы бойынша ашылған іс қылмыстық құрамның жоқтығынан жабылып қалған.

Заңгер Камиша Есмұхаметқызының айтуынша, бүгінгі таңда ол бұл істі өз қарамағына алып, зерттеу үстінде.

"Іле аудандық полиция бөлімінің тергеушісі аға лейтенанты А.Б. Ахметовтың өндірісінде 171-968 нөмірлі қылмыстық істің қылмыс құрамының болмауына байланысты істі негізсіз қысқартқан. Тергеу барысында жәбірленушінің құқығын бұзылғанының куәсі болдық. Себебі іс қысқартылған жағдайда жәбірленуші іс материалдарымен толығымен таныстырылуы қажет.

Одан бөлек, жәбірленуші мен заңдық көмек алуға құқығы бар куәлар арасында беттестіру өткізілмеген. Негізі тергеуші істі жүргізген кезде бірінші психологиялық сараптамалар тағайындап, өлімнің себебін дұрыс анықтауы қажет еді. Өкінішке орай, бұл істе ол көрініс тапқан жоқ.

Сол күні оқиғаның куәгерлерінен толық сұрақ-жауап алынбаған. Не күдікті, не заңды көмек алуға құқығы бар күәгерлер де анықталмаған. Қарап отырсақ, тергеуші іске немқұрайлық танытқан. Сот сараптамасын тағайындамай-ақ, істі кісі өлімі туралы анықтама негізінде жаба салған. Олай істі жабуға болмайды, оған қандай дәрежеде зиян келгенін анықтау керек еді. Психологиялық сараптамалар тағайындалмаған. Баланың өлімінің нақты себебі дұрыс айқындалмаған. Осы себепті тергеуді қайта жандандырып, тергеудің толымсыздығын толықтыру мақсатында Алматы облысы прокуратурасына шағымданып, істі қайта зерттеу керек деп есептеймін", - деді ол.

Ал баласының жоғына әлі сене алмай жүрген ана ұлының қатты күйінгенін, қорланғанын айтады.

"Түңілген ұлымды осындай жағдайға итермелегендер: Малика, Гүлбану, Ләйла. Егер балам Сарыағашқа бармағанда, Маликаның, Гүлбанудың үйінде 3-4 ай болмағанда, бұл жағдай болмас еді", - деді өкініші өзегін өртеген ана.

Зиядаш Бүркітбаева бұл жайттың көлеңкелі тұстары әлі де көп екенін айтады. Сондықтан баласының өліміне себепкер адамдар жазасыз қала ма деп қорқады.

Аталған оқиға бойынша NUR.KZ порталы Алматы облыстық ІІД-не арнайы хат жолдады. Құзырлы орган жуырда жауап беруге уәде берді.

Ескерту! Материал ҚР құқықтық заңнамасымен қорғалған. Мақаланы көшіріп басу, тарату немесе өзге де мақсаттарға пайдалануға тыйымс алынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1733474-tugan-balasy-kz-aldynda-z-zin-rtep-zibergen-ana-elge-zanajkajyn-zetkizdi-foto/

pixel